Қоғам • 17 Тамыз, 2022

Мұғалім – оқушы – ата-ана: Бұл үштіктің бала тәрбиесіндегі маңызы ұшан-теңіз

1044 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада Тамыз конференциясы өтті. Биылғы іс-шара әдеттегідей мұғалімдерге емес, ата-аналарға арналды. Министр, депутат, қоғам қайраткерлері, шетелдік сарапшылар отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі мен білім алудағы ата-ананың рөлі туралы ой қозғап, пікір алмасты.

Мұғалім – оқушы – ата-ана: Бұл үштіктің бала тәрбиесіндегі маңызы ұшан-теңіз

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Сенім Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен өткен конференцияға Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ облыстардан 700-ге жуық белсенді ата-ана қатысты.

Осыған дейін мектептегі білім мұғалім және оқушы арасын жалғаса, енді оған оқушының ата-анасы да қосылады. Мұғалім – оқушы – ата-ана үштігі бір байланыста болмақ. Өйткені сарапшылардың айтуынша, бүгінде ата-аналар мектеп түгілі балаларымен дұрыс бағытта қарым-қатынас орнатпайды.

«Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқушылар арасында сауалдама жүргізді. Оның нәтижесі көрсеткендей, ата-аналардың 60 па-йызы балаларының оқу процесіне араласпайды. Сондай-ақ жасөспірімдер кітап оқымайды дейміз. Ол үшін біз алдымен кітапханаларды көркем әдебиетпен толтыруымыз қажет. Ал ата-аналар болса баласын кітап оқуға баулу керек. Баласымен бірігіп кітап оқыған ата-ананың ұтары көп. Бұған қоса бірігіп танымдық бағдарламалар көрсе, әсерлі әрі баланың жетілуіне пайдалы. Осындай ата-аналардың балаларымен араласуы саналы, білімді ұрпақтың көбеюіне әкеледі», деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов конференцияда сөйлеген сөзінде. Министрдің пікірінше, адамға қа­жетті терең білім, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттері мұғалім – оқушы – ата-ананың тығыз қарым-қатынасымен қалыптасады. Сондықтан аталған ведомство осы бағыттағы үштіктің байланысын арттыруды көздеп отыр.

«Биылғы оқу жылынан бастап мектепте өтетін ата-аналар жиналысының форматын өзгертіп жатырмыз. Егер мұғалім әр баланың қай пәнді ұната­тыны, бірақ оны меңгеруде қандай проблемаға тап келіп жатқаны туралы мәлімет беріп отырса, ол ата-анаға өте маңызды ақпарат болар еді. Тек бағаны айтып шыққаннан бұл әлдеқайда тиімді. Жаңа оқу жылында осындай жұ­мысты қолға аламыз», деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр оқу жылының 31 мамырға дейін ұзартылып, 35-36 аптаға созылатыны туралы айтып өтті. Бұл шешім өз кезегінде үш ауысымды мектептердің мәселесін шешіп, 5 күндік сабақ өткізуге жағдай жасайды. Небәрі 6 күнге созылған оқу жылы бұдан өзге де проблемаларды оңтайландырмақ. «Сенбі-жексенбідегі іс-шараларды оқушылармен ғана өткізбей, мұғалім де өз баласына көңіл бөлу керек. 150 мың мұғалім демалыс күндері ел қатарлы демалатын болады. Ата-аналар да балаларымен уақыт өткізу қажет. Осы кезде олардың бір-біріне деген құрметі артады. Әсіресе ата-аналардың мұғалімге деген құрметі өте маңызды», деді министр.

Оқу жылындағы өзгеріс оқу­шы­лардың жазғы демалысына әсер етпейді, балалар 1 маусым мен 1 қыр­күйек аралығында демалады. Со­нымен қатар күзгі каникул – 7 күн (2022 жылғы 31 қазан – 6 қараша ара­лығында), қысқы демалыс – 9 күн (2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар аралығында), көктемгі демалыс 9 күн (2023 жылғы 18-26 наурыз аралығында) болады.

Тамыз конференциясының ата-аналардың қатысуымен өтуін қолдаған сенатор Дана Нұржігіт мұндай іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтсе деген ұсынысын айтты. «Пандемияның да қайыры бар. Үйде отырып ата-аналар балаларымен әңгіме-дүкен құрып, сырласып, ой бөлісуге мүмкіндік алды. Балаларға керегі – ата-ананың көңіл бөлуі. Қазір барлығымыз жұмыста отырмыз, ал балаларымыз болса әрине телефон, теледидарға телміріп, уақыт өткізіп жатыр. Сондықтан ата-аналар балалары үшін ең маңызды тұлға екенін есте сақтау қажет», деді депутат.

Іс-шараға сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты. EuroParents еуропалық ата-аналар бірлестігінің вице-президенті Айвар Холлер, Parents International коммерциялық емес ұйымының директоры Эйзтер Соломон әлемдегі отбасы саясатына қатысты кейстермен бөлісті. «Әрине, Қазақстан мен Еуропаның дәстүрі, мәдениеті, адамдары бір-біріне ұқсамайды. Алайда отбасы, бала тәрбиесі, әсіресе біліміне келгенде ұстанар бағытымыз бір болуы мүмкін. Баланың біліміне ата-анасы қай ұлтта да көңіл бөлуі қажет. Осындай ортақ қасиет бізді байланыс­тырады. Сондықтан тәжірибе алмасу маңызды болып отыр. Жалпы, ата-ана – баланың ең басты оқытушысы, ұстазы. Ол ба­ланың әрбір ісіне араласып, жауапты болуы қажет. Алайда ата-анаға да қолдау қажет. Осы бағыттағы ұйымдастыру саясаты дұрыс құрылса, білімді ұрпақ қалыптасады», деді Айвар Холлер.

Конференция шеңберінде филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлел, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев, психология ғылымдарының докторы, әлеу­меттанушы, жазушы Паата Амо­нашвили семинар-тренинг өткізді.