Қазақстан • 17 Тамыз, 2022

1,1 млн гектар жер қайтарылды

665 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылдың басынан бері пай­­даланылмай жатқан және заң­наманы бұза отырып берілген жер­лерді мемлекет меншігіне қай­тару жөніндегі комиссияның шешімімен 1 млн 119 мың гектар ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жер мемлекет меншігіне қай­тарылған.

1,1 млн гектар жер қайтарылды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі уақытта жалпы аумағы 2 млн 94 мың га жерді пай­даланушыларға қатысты 724 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр. 698,4 мың га жерді тексеру бойынша 48 өтініш прокуратура органдарында тіркеу сатысында тұр. Жалпы, комиссия аумағы 7,45 млн га жерде 2 584 субъектіге қатысты тексеру жүргізуді жоспарлап отыр, оның ішінде егістік алаңы – 585,2 мың га, жайылым жер – 6,86 млн га.

Еске салайық, биыл 9 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізуге мораторийдің күшін жоюды көздейтін Жарлыққа қол қойды. Жоғарыда аталған шараларды ескере отырып, жыл соңына дейін пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып, берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің кем дегенде 5 млн гектарын мемлекетке қайтару көзделген.

Жер ресурстарын басқару комитеті жерді пайдалану мониторингі және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру басқармасының басшысы Сағадат Дүйсеновтің сөзіне қарағанда, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою 2 жылдан 1 жылға қысқарды. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан жерге салынатын салық бұрын 10 есе ұлғайтылған болса, қазір 20 есе артқан.