09 Мамыр, 2014

16 күн жұбайлық өмір немесе 52 жыл күтумен өткен ғұмыр

466 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Забира апа Кешегі сұрапыл соғыс жылдары кімдерді жылатпаған, кімдерді қасіретке батырмаған? Қаншама арман, мақсат орындалмады. Қаншама жастық, адал махаббат ерте үзілді! Редакцияға көп жыл ұстаз болған ардагер Шәрипа апай келіп, сол бір сұрапыл жылдың бір тағдыр иесін әңгімелеп берді. Ол өзінің нағашысы, соғыста хабарсыз кеткен Ғинят ағасының сүйген жары – Зәбира жеңгесінің тағдыры еді. Ғинят Қайыр мен Қайшаның жалғыз ұлы болатын. Кеңес өкіметі орнап, 22-жылғы аштық та, 37-жылғы зобалаң да артта қалып, социализм құрылысын жүргізудің айқай ұрандары басталған кез. Қайыр аға мен Қайша апа азамат болған жалғыз ұлы Ғиняттың қызығын көру, келін түсіру, немере сүюді армандады. 1941 жылдың жадыраған маусым айында ата-ананың бұл арманы да орындалды. Жалғыз ұл Жаңақала ауданының №6 ауылынан мінезіне көркі сай Зәбира атты қызды шаңыраққа келін етіп түсірді. Ата-ананың қуанышында шек жоқ. Жалғыз ұл келін әкелді. Ертең өмірге ұрпақ келеді. Қайыр ағаның ұрпағы әрі қарай жалғасады... Бірақ, қуанған ата-ана да, енді қосылған екі жас жүрек те 16 күннен кейін бұл қуаныштың мәңгіге жоғалатынын білген жоқ. Қасіреттің қара бұлты Батыстан төніп келе жатыр еді... Соғыс басталды. Үйленгендеріне 16 күн толғанда Ғинят майданға аттанды. Жалғыз ұлдың тірі оралуын тілеп, көз жастары көл ата-ана мен жар қызығын, жастық қызуын сезініп те үлгермеген жар қалды. Жас Зәбира бүкіл тауқыметті көтеріп, шаруаға араласты, ата-анасын күтті. Бар қуанышы Ғиняттан келіп тұрған хаттар еді. Бірақ бір жылдан кейін хат үзілді. Не тірі, не өлі деген хабар болмады. Зәбира хабар болмаса да үмітін үзбеді. Атын тепеңдетіп, сөмкесін іліп алып келе жататын пошташы қарттың үйге қарай бұрылуын Алладан сұрап, жалбарынатын... Амал не, пошташы қарт соқпай өтіп кететін. Пошташы шалдың сөмкесінен шыққан хаттар бір шаңырақты қуантып, бір шаңырақты жылататын, ал жас Зәбираны көргенде қарт та іштей жылап, күрсінетін... Соғыс та бітті. Ғинят хабарсыз кетті. Ата-ана жалғыз ұлдың хабарсыздығынан қайғы шекті. Ішті қасірет меңдеді. Жас келінге білдіртпей Алладан медет күтетін, келіндерін аяйтын. Амалдары таусылған қос мұңлық шаңырақтың шайқалмауы үшін келініне бала асырап алуға кеңес берді. Сөйтіп, өздеріне туыс болып келетін Сыдық есімді азаматтан ұл бала асырап алды және өздерінің тегіне жаздырды. Уілдеген сәби үні, жөргек иісі қос мұңлықты да, жас Зәбираны да ( бұл кезде Зәбираның жасы 21-де болатын) бақытқа бөледі. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Сәби аз ауырып, шетінеп кетті. Өмір болған соң, бәрі болады. Кейбір атқа мінген «біргәдір», «заппермелер» жас келіншекке көз салып, қырындай да бас­тады. Жар алдында адалдықты, пәктікті ту еткен қос мұңлықтың көз жасын көріп отырған жас Зәбира ешкімге иілмеді. Тек қана асыл жарының ата-анасының жағдайына қараған, шаңырақтың құламауын тілеген Зәбира өзінің туған жездесі Нығметтің 1953 жылы дүниеге келген Мыңбай есімді сәбиін асырап алды. Қайғы шеккен шаңыраққа шаттық келді. Мыңбай Ғиняттың ұрпағы болып, мектепке барды. Шаңырақты құлатпай, әрі қарай түтінін түтететін азамат болып өсіп келе жатты. Бірақ... Тағдыр қатыгез екен. Мыңбай кенеттен өмірден озды. Жалғыз ұлды майданға аттандырған, одан бір хабар ала алмаған қос мұңлық ата-ана да өмірден озды. Кім білген? Бұл ғазиз ата-ана көз жұмарда жалғыз ұлды жалмаған сұм соғысқа лағынет айтып, туған қыздарындай болған, бүкіл жас өмірін шаңырақты құлатпауға арнаған келіннің тағдырына көз жастарын төккен болар... Зәбира зейнет жасына шыққанға дейін Қараоба ауылында еңбек етті. 1993 жылы наурыз айында ғұмырын жарын күтумен өткізген асыл апа да өмірден өтті. 16 күн жұбайлық өмір. 52 жыл күтумен өткен ғұмыр. Асыл жарынан бір хабар болар ма екен деп армандаған күндер мен түндер. Бұл арман орындалмады. Бірақ бір ақиқат бар деп білеміз. Бұл дүниеде қайта табыса алмаған Зәбира апа мен Ғинят ағаның рухы о дүниеде кездескен болар... Жаратқан емес, адам баласының қара ниетті мақсаттарынан туған қасіретке бірге лағынет айтқан шығар... Ғинят ағамыз: «Зәбира, сен неге өз жолыңды таңдамадың? Жар табатын, бала қызығын көретін сәттерің болды ғой», – деген болар... Зәбира апа айтқан шығар: «Ғинят-ау, менің жүрегім сенімен бірге кетті ғой, мен сенің өлгеніңе сенбедім, келер деп күттім, сенің отыңды өшірмедім. Ата-анаңның сенен бір айырылып, менен тірі айырылуын қаламадым», – деп. Ал бұл өлілер рухтарының сырласуы. Рухы биіктер ғана мақсатқа жетеді десек те, жарық дүниеде жете алмай кететіндер де бар екен. Шәрипа апай былай дейді: – Бүгінде мен де әже болдым. Кейде өмір­дің қиындықтары басыма түскенде асыл жеңгемнің суретіне қарап: «Неткен асыл жан­сың, бойыңдағы күш пен қайратты қайдан алған­сың? Біздің және қазіргі жас ұрпақтың бойын­да осындай қасиеттер бар ма?» деп ойлаймын. Иә, жастық өмірін, жұбайлық өмірін соғыс жалмаған осындай Зәбира сынды аналарымызды қалай дәріптесек те артық емес. Небір қиын күндерде де ақ некесін бұзып, ақ төсегін лайламаған, бүкіл ғұмырын да, қуанышын да шаңыраққа арнаған қазақ әйелдеріндей жандар сирек болар, сірә. Таңертең үйленіп, кешке айырылысып жататын бүгінгі жастарымыз осындай асыл аналардан үлгі алса екен?! Бұл шағын мақаланы сұрапыл соғыс жыл­дары адалдық пен адамдықтың үлгісін көр­сеткен барлық аналарымыздың бейнесіне арнаймыз. Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы. Суретте: (солдан оңға қарай) Зәбира апа, жездесінің зайыбы – Баку апа және Мүгілсін әже. 1963 жыл.