Қоғам • 18 Тамыз, 2022

Алла үйіне «алуға» баратындар азаяр емес

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алланың жердегі үйіне баратындардың ішінде ұрлықты «тірлікке» айнал­дыр­ғандардың қарасы азаяр емес. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөздің байыбына барған жергілікті халық қолы жүйрік қарақшылардан қатты қаймығып қалған. Жұма намазға барғанда бір қолымен қалтасын «бақылап» отыратындары да сондықтан.

Алла үйіне «алуға» баратындар азаяр емес

Тараздағы орталық мешіт саналатын «Һибатулла Таразиге» келгендердің ішінен де ұрылар табылып жатыр. Жақында мешітке келген азаматтардың бірі киімдер ілініп тұратын бөлмелердің бірінен 50 мың теңге және «iPhone 11» маркалы телефонды ұрлап кеткені туралы әңгіме желдей есті. Жәбір­лену­ші­лердің тиісті орындарға дер кезінде хабарласуының арқасында полицияның жедел іздестіру тобының көмегімен көп ұзамай күдікті азамат ұсталды.

33 жастағы азамат Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны болып шыққан. Ол өзінің қарақшылық әрекетін үлкен мешітте ешкім байқамай қалады деген оймен жасағанын мойындаған. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша Қылмыстық ко­декстің 188-бабының 3-бөлігімен (ұр­лық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амал­дары жүргізіліп жатыр. Биыл әлгін­дей сипаттағы 3 дерек тіркелсе, былтыр ме­шіт­те ұрлық жасап қолға түс­кен­дердің саны бесеуге жетіпті.

Жамбыл облысында 326 мешіт бар болса, оның 35-і Тараз қаласында орналасқан. Ал жұма күні жұртшылық мешіттерге ағылады. Тіпті орталық мешіттердің маңында ине шаншар орын қалмайды. Алла үйіне келгендер бұрындары алаңсыз құлшылық жасауды ойласа, енді дүниесін түгендеп алаңдап отыратын жағдайға жетті. Өйткені қалта ұрылары дәл осы жұма намазда жұрттың құнды заттарын қолды қылуға бейіл тұрады.

Облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Қанат Қожамқұловтың айтуынша, қыл­мыс­тың бұл санаты облыс орталы­ғын­да ғана емес, аудандарда да қылаң бере бастаған.

«Қазіргі күнге дейін мешіттердегі ұрлық бойынша 3 дерек тіркелді. Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарында қарақшылардың мешітке баратынын байқадық. Бүгінде күдіктілерді анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», дейді ол.

Құзырлы орган қызметкерінің айтуын­ша, қолының сұғанағы бар ұрыларды тиісті деңгейде жауапкершілікке тартпай, мешіттерде ұрлық-қарлықтың тыйы­луы екіталай. Алайда ішінара мешіт қыз­мет­кер­лері әлгіндей қылмысты жасырып жатады екен.

«Бүгінгі күнге дейін мешіт имамдары ұрылардың алысқа кетуіне мүмкіндік бермей, полиция қызметкерлеріне ұстап беріп жүр. Соған қарамастан қылмысқа баратындардың саны азаймай тұр. Олар камераға түсіп қалмау үшін бетін бүркемелеп алады. Сөйтіп, керегін алып, табанын жалтыратады. Әйткенмен, ұрылар бір камерадан құтылғанымен, екінші камераға түсіп, тұтылып жатады. Осылайша, ұрлық дерегі дер кезінде ашылып жатыр. Десе де кейбір мешіт имамдары мұндай қылмыстар жөнінде тіс жарып айта бермейді. Мәселемен уақыт өте келе танысып жатамыз», дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Төлегенұлы.

Бұрындары пәтер тонаушылар қолға түскенін, қылмыстың ізі суымай ашылып жатқанын естуші едік. Мал ұрлығымен ұсталғандар туралы да жиі хабардар болатынбыз. Енді қарақшылардың мешіттерді жағалап жүргені жаға ұстатпай қоймайды. Алланың жердегі тұрағына барып, құлшылық пен «тіршілікті» шатастыратын қарақшылармен күресетін күн туады деп кім ойлапты?! Қалай болған күнде де мешітке барған халық алаңдаумен әлек болып жүр...

 

Жамбыл облысы