Қайролла Жақудиннің өнегелі өмірі мен ерлігі туралы үзік сыр
Ерлік ешқашан ескерусіз қалмақ емес. Өмірдің өзі қатардағы қарапайым оқиғалар арқылы дәлелдеп келе жатқан осы бір қағиданың ақиқаттығына тағы да тәнті болып отырмыз. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері Қайролла Жақудин (марқұм) ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды...
Ерейментау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция полковнигі Қайролла Жақудин 1994 жылы 23 шілдеде 54 жасында жүрек сырқатынан мезгілсіз қайтыс болған екен. Сонда милиция полковнигі осынша жылдар өткеннен кейін халық алдындағы қандай қалтқысыз қызметі мен ұмытылмас ерлігі үшін марапатталып отыр. Жарлықта «Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін» деп атап көрсетілген. Марқұм Қайролла Жақудин тәуелсіз еліміздің ерлік шежіресінде есімі мәңгілік жазылатындай қандай ерлік жасады? Бұл дүдәмал сұрақтардың жауабын Қайролла Жақудиннің қысқа ғұмырында атқарған ұлағатты еңбегі мен ерен ерлігін баяндау үшін редакциямызға арнайы келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Орталық аппараты ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі, отставкадағы милиция полковнигі Кемел Жұмашев ашып берген еді.
Тарихта тұңғыш рет, тіпті Чернобыль ядролық апатынан бұрын атом реакторы жарылып, ядролық апатқа ұшыраған «К-19» сүңгуір қайығы туралы бүгінде дүние жүзінде білмейтін адам жоқ деуге болады. Америкалықтар түсірген «К-19» тарихи фильмін бүкіл әлемде миллиондаған адам көріп, ұзақ уақыт тарих ақтаңдағы болып келген бұл оқиғамен танысқан еді. Жарты әлемді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған Кеңес империясы жауынгерлік тапсырмамен Атлант мұхитында жүргенде апатқа ұшыраған бұл сүңгуір қайықтың ақиқатын да, әскери құрамдағы адамдардың тағдырын да құпия ұстап келді. Ұзақ жылдар бойы қатаң мемлекеттік құпия ретінде көпшіліктен жасырылып келген апаттың ақиқаты былай болған еді.
1961 жылы 3 шілдеде Атлант мұхитында, Ян-Майен аралынан 70 шақырым қашықтықта әскери тапсырмамен жүрген Кеңес өкіметінің «К-19» сүңгуір қайығында атом реакторы жарылып, ядролық апат орын алды. Міне, осы сүңгуір қайықтың әскери құрамының қатарында сол кезде біздің жерлесіміз 2-дәрежелі старшина Қайролла Жақудин де бар еді. Апат орын алған кезде сүңгуір қайық Американың әскери базасына жақын маңайда жүзіп жүрген болатын. Адамзат тарихында бұдан бұрын атом реакторы жарылған, ядролық апат жағдайы болып көрген емес. Сондықтан, бұл апат зардабының да қаншалықты болатынын ешкім болжап білген жоқ. Тіпті сүңгуір қайықтың әскери құрамы да апаттың алдын алудың, оның зардаптарын жоюдың тәсілдерін білмеді. Бірақ сүңгуір қайықтың әскери құрамы көзсіз ерлікке барып, ядролық апат зардабының сыртқа таралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Егер америкалық әскери база маңайында ядролық жарылыс ашық орын алған жағдайда, Америка бұл оқиғаны әскери нысанға жасалған атом шабуылы деп қабылдар еді. Бұл екі державаны сөзсіз соғысқа ұшыратар еді. «К-19» сүңгуір қайығының ержүрек матростары мен офицерлері өздерінің өмірін қатерге тіге отырып, ядролық жарылыстың зардабын жою жолында жанқиярлық ерлік көрсетті. Сөйтіп, экипаждың 8 мүшесі мерт болып, қалғандары орасан зор ядролық сәуле зақымын алып, жаһандық соғыс қаупін төндірген апатты ауыздықтады.
Міне, осындай жанқиярлық ерлікке барған сүңгуір қайық экипажының құрамында ерейментаулық Қайролла Жақудин де батырлық қимыл танытты. Ол Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Талапкер ауылының тумасы болатын. Осында орта мектепті бітіргеннен кейін 1959 жылдың күзінде азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанды. Қайролла табиғатынан қажырлы күш иесі, екі иығына екі адам мінгендей бойшаң да денелі азамат болатын. Кеңес өкіметі қарулы күштерінің жазылмаған тәртібі бойынша мұндай денсаулығы мықты, бойшаң азаматтарды КСРО әскери-теңіз флотының құрамында қызмет атқару үшін іріктеп алатын. Сөйтіп, Қайролла әскери-теңіз флотының құрамында, оның ішінде сүңгуір қайық экипажының қатарында әскери міндетін атқаратын болды.
Оқу-жаттығу бөлімінде Қайролла ерекше ынталылық көрсетіп, оқу-жаттығу бөлімі басшыларының көзіне түсті. Мұхит тұрмақ, үлкен көлі де жоқ Ереймен өңірінде өскен қыр баласы табиғи зеректігі мен талапшылдығының арқасында су астында небір жаттығулар жасайтын сүңгуірші мамандығын меңгеріп алды. Оқу-жаттығу бөлімін ойдағыдай тәмамдаған Қайролла тарихта мәңгі аты қалатын «К-19» сүңгуір қайығы экипажының құрамына рефрежираторшы ретінде әскери борышын өтеуге аттанды. Қазақ даласының қарапайым да қайсар ұлы сүңгуір қайық экипажының құрамында үлгілі қызметімен танылып, апат орын алғанға дейін ерекше беделге ие болып үлгерді.
1961 жылғы 3 шілдеде орын алған ядролық жарылыс сүңгуір қайық экипажының өмірін күрт өзгертті. Атом сүңгуір қайығының командирі, І-ші дәрежелі капитан Николай Затеевтің апаттан кейінгі берген рапортына сәйкес экипаж мүшелері 150 – 200 бэР-ге дейін радиациялық сәуле дозасын алып үлгерген. Мұндай мөлшердегі радиация дозасын алған адамдар өлім қатеріне тап болады. Экипаж мүшелерінің аман қалуына сол кезде орын алған бірнеше оқиғалар себеп болды. Алдымен апатқа ұшыраған «К-19» сүңгуір қайығына сол маңда жүрген Кеңес өкіметінің екі сүңгуір қайығы жедел көмекке келіп, экипаж мүшелерін қабылдап алды. Оларға бірден қажетті медициналық көмек көрсетілді. Әскери базаға оралғаннан кейін радиация алған экипаж мүшелері түгелдей №1 Әскери-теңіз госпиталында және КСРО медициналық академиясында ем қабылдады.
Кеңес өкіметінің осы атақты медициналық орталықтарында Қайролла Жақудин де әскери қызметте жүрген кезінде «кәсіби зақымдануына» байланысты толық емделу курсынан өтіп шықты. Емдеу курсы аяқталғаннан кейін Қайролла ұзақ уақыт әскери-теңіз флотының сауықтыру орталығында емделді. 1962 жылдың сәуір айында ол әскери-дәрігерлік комиссияның шешімімен «әскери міндетін өтеу барысында алған дене зақымдарына және туберкулезге» байланысты әскери борышын өтеуден мерзімінен бұрын босатылып, еліне қайтарылды. Тәртібі қатал Кеңес өкіметі сүңгуір қайық экипажы мүшелерінің радиация сәулесімен зақымданғандығын мүлде жоққа шығарып, оларды басқа ауру түрлері диагноздарымен әскери борыштарын өтеуден босатқан. Олардың әрқайсысынан «К-19» сүңгуір қайығында орын алған ядролық апат құпиясын ешқашан жарияламау жөнінде қолхат та алған. Бұл құпияны ашатын болса экипаж мүшелерінің және олардың жақындарының қандай жазаға ұшырайтындығын әрбір жауынгер әрқашан жадында тұтты. Антына адалдық танытқан Қайролла да өмірінің соңына дейін «К-19» сүңгуір қайығының құрамында әскери борышын өтегенін жария етіп көрген емес. Тіпті оның жақындары мен отбасы да 90-жылдарға дейін бұл шындықты білген жоқ.
Кемел Жұмашевтің айтуынша, Қайролла Жақудиннің әскери борышын өтеп келгеннен кейінгі өмірі сәтті жалғасын тапқан екен. Туған ауылына оралғаннан соң бірден еңбекке араласқан Қайролла тағы да өзінің жігерлілігінің арқасында көзге түсті. Көп ұзамай ол Целиноград қалалық комсомол комитетінің арнайы жолдамасымен сенімді жас кадр ретінде ішкі істер органдарына қызмет атқаруға жіберіледі. Осында жүріп ол Қарағандыдағы Ішкі істер органдары жоғары мектебін тәмамдайды. Қатарластарының алды болып жүретін алғыр да талапшыл Қайроллаға милиция мектебінде оқып жүрген кезде-ақ КСРО Ішкі істер министрінің бұйрығымен мерзімінен бұрын «милиция аға лейтенанты» атағы беріледі. Оқуды бітіргеннен кейін Қайролла Ақмола облысының ішкі істер органдарында ұзақ жыл жемісті қызмет атқарды.
Ерейментау аудандық ішкі істер бөлімін басқарып жүрген кезінде Қайролла әріптестеріне үлгі болатын талай-талай ерлік істерімен де танылды. Бірде аудандық ішкі істер бөліміне түрмеден қашқан төрт қылмыскердің аудан аумағында жасырынып жүргендігі туралы хабар келді. Қайролла жедел іздестіру тобын жасақтап, қылмыскерлерді залалсыздандыру жөніндегі шараны тікелей өзі басшылыққа алды. Тоғайдың арасында жасырынып жүрген қылмыскерлерді Қайролла басқаратын жедел іздестіру тобы ешқандай шығынсыз, бір де бір оқ шығармай қолға түсірді. Тұтқындалған қылмыскерлерді облыс орталығына жеткізіп, түрме қызметкерлеріне тапсырған Қайролланың ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен үлкен ерлік ісіне ішкі істер органдарының басшылығы зор ризашылық білдірді.
Ішкі істер органдарында жемісті еңбек еткен жылдар ішінде Қайролла Жақудин Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан 60-тан астам марапатқа және бірнеше медальдарға ие болыпты. 1991 жылы ішкі істер органдары қызметінің үздігі Қайролла Жақудинге милиция полковнигі атағы берілді. Білікті де іскер басшы тәуелсіз еліміздің ішкі істер органдарының қалыптасуы жолында одан әрі де қажырлы еңбек жолын жалғастыра берер еді. Өкінішке қарай, сонау 60-жылдары сүңгуір қайық экипажы құрамында жүрген кезде болған апаттың зардабы ізсіз кетпеді. Ол 54 жасында дүниеден өтті.
Кезінде апатқа ұшыраған «К-19» сүңгуір қайығы экипажының ерлігі лайықты бағасын алған жоқ. Кеңес Одағының басшысы Никита Хрущевтің сүңгуір қайық апатқа ұшыраған кезде «бізде апаттық жағдайға ұшыратқаны үшін ешкім де марапатталмайды» деген бір ауыз сөзіне бола экипаждың жанқиярлық ерлігі ескерусіз қалды. Тек сүңгуір қайықта болған апатты жағдайдың себебін зерттеген арнайы комиссияның айғақты шешімі мен белгілі ғалымдардың экипаж құрамы көрсеткен қимылдың дұрыстығы мен батылдығын бұлтартпай дәлелдегенінен кейін ғана КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығымен «К-19» атом сүңгуір қайығы экипажының 25 мүшесі, негізінен офицерлер құрамы ордендер мен медальдарға ие болды. Ал қалғандары Қорғаныс министрлігі мен әскери-теңіз күштері басшылығының бағалы сыйлықтарына ие болды. Кемел Жұмашев осы оқиғаға байланысты ескерткіш сыйлық ретінде Қайролла Жақудинге әскери-теңіз күштері басшысы тапсырған фотоаппарат оның отбасында әлі күнге дейін сақталғандығын айтады.
Қарапайым өмірін ерен ерлікпен өрнектеген Қайролла Жақудиннің өнегелі өмірі өскелең ұрпақ үшін ұлағат тұтарлық. Қайролла өзінің қысқа ғұмырында өмірлік жары Саяжанмен бірге 6 бала тәрбиелеп өсірді. Ғибратты әке ғұмырынан ұлағат алған ұрпағы әкесінің ізгілікті өнегесін жалғастырып, ардақты атын әспеттеп келеді. Қай кезеңде болса да ерлердің ел үшін атқарған ерлік өнегесі ескерусіз қалмақ емес. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің ұсынысымен Қайролла Жақудиннің өшпес ерлігі де лайықты бағасын алды. Аға ұрпақ өкілдерінің осындай өнегелі ерлігі егемен еліміздің өскелең ұрпағын патриоттық пен отансүйгіштікке баулуда баламасыз үлгі болмақ.
PS. Мақала жарыққа шығу үшін дайындалып жатқанда, тағы бір қуанышты хабар келді. Отан қорғаушы күні мерекесіне орай өткен салтанатта Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қайролла Жақудиннің жесірі Саяжан Әбүйірқызына батырдың ерлік наградасы – ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.