Қоғам • 18 Тамыз, 2022

Жомарт жанның жақсылығы көп

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дулат Тастекеев – өңіріміздегі біртуар азаматтарымыздың бірі әрі бірегейі. Ол өзінін еңбегін туған жеріне арнап, еліне қайырымдылық тұрғыдан көмек қолын созып келеді. Нақтылай айтқанда, өзінің туған ауылында, ауданында, облысында мешіттер салып, жас­тарды имандылыққа тәрбиелеп жүр. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға жаңадан пәтерлер салып беріп, ізгілік танытуда.

Жомарт жанның жақсылығы көп

Ақсуат ауданының орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде Ырғызбай атаға ас беріп, ақындар айтысын, аламан бәйге, күрес түрлерінен жарыс ұйымдастырып келеді. Мұндай тағылымы мол, ғибратқа толы іс-шаралардың халықтың рухын, көңіл күйін көтеретіні түсінікті. Екінші жағынан оны жұртшылықтың алғысына бөлеп жүр. Ал алғыс арқалағанның азып-тозбайтыны баршаға мәлім.

Ол салған ауылдың жолдары мен кіре беріс қақпасы елді мекенімізге ерекше әр беріп тұр. Және де ауылдың жақсы оқитын мектеп оқушыларына қаржылай жәрдемдесіп келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Дулат бауырымыздың ел ертеңі – дарынды балаларды колдап, «бұлақ көрсең, көзін аш» қағидатын ұстануын мәрттік пен жомарттықтың биік шыңы десек, асыра айтпағанымыз.

Д.Тастекеев – алға қойған арман-мақсаттарына қол жеткізген азамат. Көп нәрсені көкірегіне түйген жан. Болашақ ұрпақ үлгі алар тұлға. Әр кез жақсылықтың жаршысы, ізгілікті де игілікті істердің ұйытқысы. Міне, таяуда дүбірлетіп Ырғызбай атамыздың асын өткізді. Алыс-жақын шетелдерден мықты деген спортшылар келіп, жарыс көрігін қыздырды. 150 шақырымдық аламан бәйге, ақындар айтысы ауданымыздың беделіне бедел қосты. Облыс, аудан жұртшылығы Дулат бауырымыздың ерен еңбегін жоғары бағалап қана қоймай, әрқашан мақтан тұтады және ол қандай мақтанға да лайық азамат!

 

Шынар МҮТӘЛІПОВА

 

Абай облысы,

Ақсуат ауданы