Қазақстан • 18 Тамыз, 2022

Патриотизм – елін білімімен, еңбегімен көркейту

2901 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің жастар патриот па? Болмаса, олардың бойына патриоттық рухты қалай дарытамыз? Осы сұрақ аясында жастармен, мамандармен пікірлесіп көрдік.

Патриотизм – елін білімімен, еңбегімен көркейту

Патриотизм туралы Президент Қасым­Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық пат­риотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді.

Бүгінде ел халқының 19,8 пайызы – ­жастар. Өткен жылдармен салыстырғанда, яғни соңғы 12 жылдағы халықтың табиғи қозғалыс көрсеткіштері жастар санының азаю тенденциясын көрсетіп отыр дейді мамандар. 2009 жылы халықтың жалпы құрылымындағы жастар үлесі 28,2% болып, ең жоғарғы көрсеткіш тіркелген. Ал бүгін біз санға емес, сапаға назар аударып, жастарымыздың патриоттық рухын сөз етеміз.

«Жалпы, патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды.

Патриотизмнің бастау негіздері – се­нім, үміт, адалдық. Бала бола­шағына, еліне сеніп өсуі маңызды. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қарау жеткілікті. Бала 10 тіл білсе де бір ғана ана тілін же­тік білудің орнын толтыра алмайды. Пат­риоттықтың іргетасы тілмен қалып­тасады. Тіл арқылы діл, дәстүр, мәдениетке деген сүйіспенші­лік оянып, оның негізінде патриоттық сезім оянады. Сонымен қатар жастар­­дың патриоттық сезімі елдің ұлттық идеологиясына тіке­лей байланысты», дейді ­психолог Жанар Сейітмағанбет.

Ал жас ғалым Әсел Әділ­ханова пат­риотизмнің тек тілмен өлшен­бейтінін алға тартады.

«Күнделікті өмірде қазақша сөйле­мейтін басқа ұлт өкілдері де бар. Біз олар­ды патриот емес деп айта алмай­мыз. Патриотизмді тілдің аясын­да ғана қалыптастыра алмаймыз. Өйт­кені жас­тарды бөлетін емес, бір­лік­ке ша­қы­ратын патриотизм қалыптас­тыруы­мыз керек. Бола­шағын Қазақстанмен байланыс­тыратын әрбір қазақстандық Отанын құрметтейді. Өзге тілде сөй­лесе де еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп жүр­гендер бар. Бұның қарапайым ғана мы­салы әр төрт жыл сайын ұйым­­дас­тырылатын спорттық Олимпиадада айқын көрінеді», дейді Ә.Әділханова.

Жастардың пікірінше, патриотизм Отанды сүю сезімімен ғана шектелмей­ді, сондай-ақ білімге құштарлық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттерді де қам­титын ауқымды ұғым.

«Патриот жас – өз Отанын сүйетін, кешегісін біліп, ертеңін ойлап, бүгін оның дамуы үшін өз саласында кішкен­тай болсын үлесін тигізуге әрекеттеніп жүрген адам. Менің ойымдағы патриот жас оптимист, еңбекқор және білімге құштар», дейді жас белсенді Айдана Аби. Оның айтуынша, патриот болуды әр жас өзінен бастап, кез келген әрекетінің астарында ел мүддесі мен ұлт мүддесі болуына баса назар аудару керек.

«Мүмкін мендегі патриотизм көбінің ойындағымен сай келмейтін де шығар. Бірақ сөздің мағынасына қарайтын болсақ, «отансүйгіштік» дегенді білдіреді. Мен Отанымды сүйемін, мемлекеттік тілдің дамуына үлесімді қосуға тырысып жүрмін. Блогым арқылы білім беремін деген артық болар, бірақ өзім үйренген әрбір нәрседен тәжірибеммен бөліскім келеді», деді Айдана.

Белсенді қазақ жастары орыстілділер мен қазақтілділер арасында үлкен бір ақпараттық бос кеңістік бар деп санай­ды. Ол – қазақтілді ресурстардың азды­ғы. Олқылықтың орнын қазақша дұ­рыс ақпарат беру арқылы қалыпқа кел­­ті­ру­ге болады. Бұл – өз кезегінде әр қа­зақ жасының патриоттық рухына байланысты.

«Қазақ жастарының әдет-ғұрып­қа, ұлттық мәдениетке, Отанға деген сүйіс­пен­шілігі жаңғырып келеді. Мұның айқын көрінісі – қыздар арасында қазақы тақия­ның қайта трендке айналуы. Жал­пы, қазақ жастарының киім кию үлгілері этностық стильде болып, белгілі бір ұлт­тық атрибуттарды қолдануы – ұлттық мәдениетке деген құрмет. Патриоттық­тың негізі адамның адамгершілік деңге­йінде өз мә­дениетіне, тарихына, Отанына де­ген сүйіспеншілігінен басталады. Сон­дай-ақ патриотизмнің бір компоненті ретінде тілді алатын болсақ, қазіргі жас­тардың көбі қазақ тілінде сөйлейді», дейді ЕҰУ педагогика кафедрасы­ның аға оқытушысы Аида Мейірқұлова. Магистрлік диссертациясын патриот­тық тәрбие мен оны жетілдіру бойын­ша жазған ол 2013 жы­лы жасаған аноним­дік сауалдама қоры­тындысында қазақ­ша сөйлеуден ұяла­тын жастардың көп болғанын айтады. «Университетте са­бақ бергендіктен салыстырмалы түрде қарасам, осыдан 5-6 жыл бұрынғы ­студенттер қазақ-орыс топтары ретін­де бөлінгеніне қарамастан, тек орыс тілінде сөйлейтін. Қазақ тілінен ұялу бар еді. Қазіргі таңда керісінше жас­тар ана тілінде сөйлеп, қазақ әндерін тың­дайды. Жеке бақылауым бойынша жастардың арасында патриотизм өте жақ­сы деңгейде», дейді А.Мейірқұлова.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен ел мен ұлт мүддесіне көңіл бөл­мейтін де жастар бар. Бұл жас­тардың бо­йындағы рухты қалай оятамыз деген сұ­раққа педагог маман Есенкүл Балабаева жауап берді.

«Патриотизмді қалыптастыру – бұл адам­ның күш-жігерінен, отбасы, оқу ор­нынан бастап, саяси билік органдары­на дейінгі әртүрлі әлеуметтік институт-­
тардың қажырлы жұмысын талап ететін күрделі процесс. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Сондықтан патриоттық сезімді қалыптастыру үшін, ең алдымен, ана тіліміздің қолдану аясымен қатар мектеп кезінен балаларды ішкі туризммен де таныстыру керек. Егер оқушылар сабақ барысында оқыған тарихи жерлерін көздерімен көрсе, басқа да өзі сияқты оқушылармен танысса, өзара пікір алмасу арқылы еліміз туралы көбірек білер еді. Бұл білімге баулиды әрі елге деген сүйіспеншілікті оятады. Одан қала берді туризм де дамиды», дейді сарапшы.

Бір қызығы, аталған әдіс қазір Еуро­одақ елдері арасында азаматтардың са­на­сында «бір одақ» түсінігін жастайы­нан сіңіру мақсатында қолданылады екен. Осы орайда шетелдіктердің қазақ жас­тарының патриоттық деңгейін қалай бағалайтынын да сұрап білдік.

«Университет қабырғасында бірге оқыған қазақ жастарына қарап, Қазақстанда Отан, Отанды сүю түсініктері жақсы қалыптасқан деп айта аламын. Өйткені қазақ жастарының ұлт дәс­түрі мен мәдениетін танытуға деген құл­шынысы мен салт-дәстүрлеріне құрметі әрдайым бізді таңғалдыратын. Сонымен қатар олар өздерінің қазақ екен­дігімен шовинизм мен нәсілшілдікке жол бермей әдемі мақтана алады», дейді Йылдырым Беязит университетінің иран­дық студенті Илахи Солейманнезхад.

Көріп отырғанымыздай, қазақ жас­тары, ең бастысы, Отанды сүю білім, ғы­лыммен сусындап, қажырлы еңбек арқы­лы іспен дәлелдеу керектігін түсі­неді. Ел мүддесі үшін еңбек кешеден, ертең­нен емес, бүгіннен басталатынын сана­ларына сіңірген. Жастар өз буын­дарының Отанын сүйетін, оның дамуы үшін теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесін қосатынына кәміл сенеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сеніп қана қоймай, үміт те артады: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз».

Қазақ жастары бойындағы отан­сүй­гіштік қасиетпен сенімге селкеу түсір­мей, үмітті ақтар деген ойдамыз.

Соңғы жаңалықтар