Спорт • 18 Тамыз, 2022

Спортымыздағы соны серпіндер

165 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Токио олимпиадасы аяқталған бойда: «Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді», деп миллиондаған жанкүйердің көкейіндегі ойды дөп басқан еді.

Спортымыздағы соны серпіндер

Иә, спорт және дене шынықтыру саласына жаңа қарқын керек екенін жасыра алмаймыз. Кейінгі жылдары ел спортының жақсы нәтижелерге қол жеткізе алмай жүруінің басты себеп­тердің бірі – білікті кадрлардың жетіс­пе­уі және әр саладағы жүйесіздік. Мысалы, олимпиадалық спорт түрлері туралы айтқанда, бокстан басқа бірде-бір спорт түрі кейінгі жылдары төртжылдықтың бас­ты додасы мен әлем чемпионаттарында тұрақты әрі жүйелі нәтиже көрсете алмай келеді. Әрине, біраз спорт түрінен Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлде алып, жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген сәттер болды. Бірақ олардағы жетістік дәл бокстағыдай тұ­рақты емес. Мысалы, Дмитрий Балан­дин 2016 жылы Олимпиада чемпионы атанғаннан бергі алты жылда жүзуден әлем чемпионы болған бір спортшымыз жоқ. Дмитрийдің жеңісі мықты деген бір-екі бапкердің маңдай тері мен білім-білігінің нәтижесі деуге болады. Ал жүзу бойынша Олимпиада сайыстарында отыздан астам медаль жиынтығы сарапқа түседі. Яғни, медаль алуға мүм­кіндігі мол жүзу спорты бойынша Қазақ­станда әлі күнге дейін дәстүрлі әрі озық даму сис­темасы қалыптасқан жоқ.

Жеңіл атлетикада да солай. Ольга Шишигина, Ольга Рыпаковалар Олим­пия ойындарында медаль олжалап, бұл саланың жыртығын жамап отырды. Ал Олимпия ойындарының бағ­дарламасында жеңіл атлетиканың қан­шама түрі бар. Біз әлі күнге дейін соның төрт-бес түрінен болсын, дәстүрлі мектеп қалыптастыра алмай келеміз. Жалпы орайлы жерде айтылғаны жөн, спорттық әлеуетіміздегі кезек күттірмейтін бір мәселе – спорттық резерв жасақтау. Ай­талық бірінші нөмірлі спортшыларымыз жарақат алған немесе басқа тосын оқи­ғалар кезінде, сондай-ақ спорттық мансабын аяқтаған жағдайда резервтік құрамның болуы аса қажет. Қазір Ми­нис­трлік осы резервті арттыру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Ал еліміздің барлық аймағында қанат жайған, әуелден жеңісті жолы, тама­ша дәстүрі бар грек-рим, еркін және дзюдо күрестерінен ХХІ ғасырдың алғашқы жиыр­ма екі жылында бірде-бір Олимпиада чемпионының шықпағаны, осы жылдары грек-рим мен еркін күрестен әлем чемпиондарын баптай алмағанымыз – спортшылардың нашарлығынан емес, бұл салалардағы сатылы, ғылыми даму жүйесінің жоқтығынан, кейінгі ширек ғасырдағы бапкерлік мектептің сапасы төмендеп, мамандардың білімсіздікке бой ұруынан деп ойлаймыз.

Қысқы спорт түрлерінің жағдайын да керемет деуге келмейді. ХХІ ғасырдың алғаш­қы жиырма екі жылындағы Олим­пия ойындары мен әлем чемпио­нат­тарының жүлдегерлерін саусақпен санап шығуға болады. Осы кезеңдегі алты бірдей қысқы ойындарда Қазақстан құрамасына бір алтын медаль бұйырған жоқ. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасынан да олжасыз оралдық. Жері алақандай ғана, халқы алты миллионға жетпейтін Норвегия спортшылары Бейжіңде 16 «алтынға» қол жеткізді. Алдағы уақыт­та біз осындай спорттағы табыстары тола­ғай елдердің бай тәжірибелері мен озық технологияларын көбірек үйрен­ге­німіз дұрыс.

Бізде қысқа спорт түрлері бойынша Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында 40-50 орындарда жүретін спорт­шылар жетерлік. Ендігі жерде Спорт комитеті мұндай «кеңдікке» жол бер­меуі керек. Дзюдошылар дүние­жү­зі­лік айтулы ресми жарыстарға рейтинг жүйесімен барады. Біздегі басқа спорт түрлері де осы тәртіпке көшкені дұрыс.

Әрине, олқылықтың орны бірден тола қоймайды. Кейінгі жарты жылдан астам уақыт ішінде біршама ауқымды жұ­мыс қолға алынды. Айталық, Олим­пиада, Паралимпиада және Сурдлим­пиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылар мен олардың жат­тық­ты­ру­шы­ларының өмір бойғы жәр­дем­ақысы айына 73 мың теңгеден 300 мың теңгеге көтеріледі.

Сондай-ақ 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін спорт төрешілерінің базалық лауазымдық жалақысы кезең-кезеңімен 10 пайыздан 100 пайызға дейін өсетін болады. Бұдан былай халық­аралық дәрежедегі төрешілердің база­лық лауазымдық айлықақысы 2 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін артады. Осы­лайша біз аталған мамандыққа деген сұранысты жоғарылатып, әділ төрелік ететін төрешілер қатарын кө­бей­теміз деп сенемін. Аталған маман­дыққа деген сұранысты көбейтіп, сапалы төрешілер қатарын молайтсақ, бұл өз кезегінде төрешілерді ынталандырып қана қоймай, ел спортының ілгері қадам басуына да соны серпін береді. Әйпесе, азғантай ғана ақшаға жұмыс істейтін төрешіге жоғары талап қою қиын. Одан бөлек, спорттың айналасындағы жершілдік, өз өңірінің ғана спортшысын алға шығару жағы да осы олқылықтардан туындайды. Бір сөзбен айтқанда, болашақта төреші­ле­рімізге таңдау да, талап та күшейеді.

Токиодағы жазғы және Бейжіңдегі қысқы Олимпия ойындарынан кейін ұлттық құраманың 28 бапкерін өзгертуге тура келді. Жаңадан тағайындалған бас жаттықтырушылармен кездесу кезін­де олардың өз міндеттеріне аса жауап­кер­ші­лікпен қарауы тапсырылды. Ендігі жерде бас бапкерлер әрбір әлем және Азия чемпионаттарынан кейін Спорт комитетінің алдында жүйелі түрде есеп беретін болады.

Ақиқатын айтсақ, бізде білікті кадр­лар тапшылығы негізгі проблеманың бірі болып отыр. Спорт саласын жүйелі даму жолына салу үшін кадрлардың кәсіби дәрежесін көтеруге, кейінгі тол­қын жастардан білімді, білікті мамандар дайындауға кірісуіміз керек. Бұған мем­ле­кеттік мәні зор мәселе ретінде қарауға тиіспіз.

Республика бойынша спорт түрлерін саралаудың да маңызы ерекше. Еліміз­дің жастары спорттың 172 түрімен шұғыл­да­нады екен. Жалпы Олимпия ойын­дары мен әлем чемпионаттарында табыс­ты өнер көрсету үшін әрине, спорттың барлық түрін назарда ұстауымыз керек. Сәй­кесінше, көбірек медаль әкелетін спорт түрлеріне деген қатаң талап бәсең­де­меуі қажет.

Жалпы алғанда, кез келген спорт түрі бойынша ең әуелі мықты кадрларды іріктеп алсақ, сондай-ақ ғылыми-кешенді топтар құрылып, даму бағдарламалары жасалса, алдағы үш-төрт жылда респуб­лика спорты бір арнаға түсуі тиіс. Озық елдердің қайсының спорт саласын алып қарамайық, ғылымсыз көзге елестете алмайсыз. Біз болашақта осы жағына баса мән бергіміз келеді.

Жалпы, ғылым спорттың іргетасынан бастап барлық сатысын қамтуы керек. Ол үшін білікті кадрлар даярлау ісіне ба­рынша күш салуға тиіспіз. Бүгінде тек дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін даярлап, ел спортының көшін алға жыл­жыту мүмкін емес. Кәсіби жаттық­ты­рушылар мен әдіскерлерге деген сұ­ра­ныс күн санап артып келеді. Біз бұл мәсе­лені де ерекше назарда ұстағанымыз жөн.

Сонымен бірге министрлікке спорт интернаттарының күн тәртібін өзгерту туралы ұсыныстар көптеп түсіп жатыр. Себебі, интернаттардың күн тәртібі тым тығыз. Күніне екі жаттығу, таңертең бас­талып кешкісін аяқталатын сабақтар оқушыларға ауыр соғады. Осының салдарынан интернат оқушыларының басым бөлігінде білім сапасы мен спорттық нәтижелер ойдағыдай емес. Осы мәселені ұзақ жылдан бері зерттеп, қадағалап жүрген мамандар интернаттағы таңер­теңгі 1,5 сағаттық жаттығуды 40-50 минуттық жеңіл жаттығумен алмастырып, үнемделген уақыт есебінен оқу­шы­лардың еркін демалғанын қалап отыр. Себебі интернат оқушылары күн тәртібінің тым тығыздығынан зорығады. Мемлекет үшін ең алдымен, жастардың денсаулығы мен болашағы маңызды.

Кеңес өкіметі кезінде спорттық ба­ғыт­тағы интернаттар арасында одақ­тық біріншіліктер, спартакиадалар ұйым­­дастырылатын. Кейінгі жылдары біздің елде мұндай жарыстар тоқ­тап қалды. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі биыл бокс, дзюдо, грек-рим және еркін кү­рестен интернат оқушылары арасында ко­мандалық жарыс өткізді. Респуб­ли­калық және облыстық интернаттар ара­сындағы бәсекеде Қажымұқан Мұңайт­пас­ұлы және Қаркен Ахметұлы атындағы республикалық, Жалаңтөс Баһадүр атын­дағы Қызылорда облысының интер­нат­тары озып шығып, жүлделі орын­дар­ға ие болды. Өкінішке қарай, бұл жарыста Ақмола облысының, Солтүстік Қа­зақстан және Павлодар облыс­та­ры­ның интернаттары өте төмен нәтиже көрсетті.

Енді бұқаралық спорт туралы сөз қозғасақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Ден­сау­лық кілті – дене шынықтыру. Бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағ­дай­ды жасау қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезе­ңі­мен құрылуын қамтамасыз етуі керек», деген сөзінің қоғам үшін маңызы айрықша. Биыл Алматы, Атырау, Қа­рағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік меншіктегі спорт ғимараттарын жеке­шелендіруге тыйым салу туралы заң­намаға түзетулер енгізу мәсе­лесі пысықталуда. Министрлікке бағы­нысты Республикалық оқу-әдіс­те­мелік және талдау орталығының қыз­меткерлері биылғы ақпан айы­нан бас­­­­­­тап Алматы облысы мен Алматы, Шымкент қалаларындағы дене шы­нықтыру мен спорттың даму ба­­ры­­сы­на, Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің, Ақмола, Павлодар, Сол­­түстік Қазақстан облыстарындағы спорттық интернат-колледждердің жұ­мыс­тарына талдау жасап, жергілікті мамандармен тілдесіп, пікірлесіп қайтты. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндесіп жатқан жұмыс. Сондай-ақ осы орталықтың қызметкерлері белгілі мамандар мен атақты спортшылардан топ құрып, Шымкент қаласында және Түр­кістан облысының бірнеше ауданында жұртшылықпен тартымды кездесулер ұйымдастырды. Жүздесулер барысында мамандар мен спортшылар дене шынықтыру және спорттың маңызы мен пайдасы туралы келелі әңгіме қоз­ғады. Бұл шараларға, әсіресе жас өскін спорт­шылардың көптеп қа­тыс­қанын, олардың мамандар мен чем­пиондарға көкейдегі сұрақтарын төпелеп қойғанын баса айтуымыз керек. Алдағы уақытта белгілі мамандар мен чемпиондардың аймақтардағы жұртшылықпен, жас спортшылармен кездесулерін жалғастыруды көздеп отырмыз.

Сонымен бірге «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасына орай күзде өңірлердің спорт нұсқау­шы­лары мен әдіскерлерінің қатысуымен елордада үлкен жиын өткізу жоспарымызда бар.

Қорыта айтқанда, бұқаралық спортқа бай­ланысты Министрліктің алдағы уа­қыт­та атқаратын шаруалары аз емес.

Қазіргі аса маңызды міндеттің бірі – 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына тыңғылықты әзір­лену. Ыждаһатты ізденіс пен тыным­сыз еңбегіміз арқылы жоғары нәти­же көрсетіп, миллиондаған тілеулес отан­да­сымыздың сенімін ақтағымыз келеді.

Біз – ежелден жігерін ту етіп, намысын құлатпаған ержүрек халықпыз. Әрқашан сол ерекшелігімізді сақтай отырып жоғары жетістіктерге жетуге тиіспіз. Талабы зор, таланты айқын ұл-қыздарымызды барынша қолдауымыз қажет. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана бабаларымыз айтып кеткендей, білегіміз бен білі­мімізді қатар шыңдасақ, біз бағын­ды­рар биіктер, біз алар асулар әлі алда деп сенемін.

 

Дәурен АБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі