Экономика • 18 Тамыз, 2022

Тауар тасымалы: Табыстан гөрі тұрақтылық маңызды

438 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ресей Сауда өнеркәсіп министрі Денис Ман­туровтың хабарлауынша, 2022 жылдың мамыр айынан бері Ресей параллельді импорт бағдарламасы аясында 6,5 млрд доллардың тауар­ын импорттаған. Жыл со­ңына дейін мұндай сауда көлемі 16 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл сауда-саттықта Қазақстанның да үлесі бар.

Тауар тасымалы: Табыстан гөрі тұрақтылық маңызды

Параллель импорт дегеніміз – түпнұсқа тауарларды меншік иесінің келісімінсіз үшінші ел арқылы сатып алу. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көптеген шетелдік ком­пания мен бренд Ресей­ден кете бастады және бұл экономика өрісінің тарылып, тауар айналымының қысқаруына алып келді.

LS порталының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-маусы­мында Қазақстан Ресейге 3,4 млрд доллардың өнімін экспорт­таған. Сату көлемі былтырмен салыстырғанда 0,5 пайызға өс­кен. Әдеттегі қымбат металл, хром, цинк, тас көмір, фер­ро­­қорытпалармен бірге 80 млн доллардың ұялы телефо­нын (былтыр небәрі 36,8 мың долларға ұялы телефон сатқан), жалпы құны 32,9 млн доллар болатын ноутбук (былтырмен салыстырғанда ноутбук экспорты 93 пайызға көп) экспорттаған. Күмән тудыратыны да сол – ұялы телефон және ноутбук тауарлары.

Параллельді импорт аясында аса қажетті тауарлар батыс санкцияларын айналып өтіп, Ресей нарығына тү­седі. Д.Мантуровтың сөзіне қарағанда, па­раллельді импорт олардың нарықтағы тепе-теңдікті сақтауына көмектеседі. Ресейлік сарапшылар Ресей Қазақстанмен бір экономикалық одақта болғандықтан, шетелдік тауарларды Қазақстаннан сатып алудың заңсыз емес екенін айтып ақтайды. Олардың ойынша, ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттің кез келгенінде тір­келген тауар одаққа мүше өзге елдерге де еркін экспорттала береді.

«Ресейге қазір келіп жатқан тауар­лар бастапқыда Еуразиялық эконо­микалық одақ құрамына кіретін елдерге экспорттауға арналған. Ресей болса Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстанмен сол одақ құра­мында. Одан кейін өнім Ресейге жө­нелтіліп, нарыққа шығарылады, ал батыс брендтері оны тарату мен сатуға бақылауды жоғалтады», дейді Ресей ха­лықтар достығы университеті эконо­мика факультетінің доценті Татьяна Крейденко.

Біз осы орайда қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревқа бірқатар сауал қой­дық және нақтылы жауап алдық. Ол Қа­зақстаннан Ресейге қарай жоғары технологиялар тауарлар экспортының күрт өсуін – нақты параллельді импорттың көрінісі дейді.

– Бізде осы жарты жылда кенеттен не Apple, не Samsung, не Xiaomi зауыты ашылған жоқ. Не болмаса жаппай ұялы телефон өндірісіне кірісіп кеткен жоқ­пыз. Сол себепті бұл – Ресей тара­пыны­ң параллельді импорты, ал біздің та­рап­­тың реэкспорты. Таяқтың екі ұшы бар. Реэкспортпен айналысатын біздің кә­сіпкерлер қазір жақсы табыс тауып жатыр. Таяқтың екінші ұшы – қайталама санкция. Америкалық технологиялардың Ресейге реэкспортына тыйым салынған. Демек Ресейге тек Apple өнімдерінің ғана емес, Samsung, Xiaomi сияқты смарт­фондардың апарылуына да рұқсат жоқ. Неге? Себебі аталған смартфондарда Google бар, ал Google – америкалық технология. Apple-дан басқа телефондардың барлығында Android платформасы бар. Android – Google-дің платформасы. Теле­фондардағы чиптер де америкалық технологияға жатады. Мейлі, ол Тайванда жасала берсін. Сондықтан телефондардың Ресейге реэкспорты санкцияларды бұзу деп есептеліп, екінші реттік санкцияларға жол ашуы әбден мүмкін. Алайда санкция Қазақстан Үкіметіне қарсы салынады деп ойламаймын. Өйткені үкімет ондай сауда-саттық жасауға болмайтындығы жайлы бірнеше рет ескертті», дейді А.Чеботарев.

FINANCE.kz телеграм каналы авто­рының сөзінше, ресейлік сарапшылар айтып отырғандай параллельді импорт ешқандай да қалыпты құбылыс емес, бұл – нағыз контрабанда.

«Санкцияда ЕАЭО-дан реэкспорт жасауға болады; Қазақстаннан Ресейге қарай телефон реэкспортын жасауға рұқ­сат деп жазылмаған. Ол жерде нақты шектеу бар: «Америкалық технологиялар реэкспортына тыйым салынады». Болды. Мұның ЕАЭО-ға кірмейтін Өзбекстанға да, ЕАЭО-ға кіретін Қазақстанға да қатысы бар. Иә, біздің кәсіпкерлер үшін табыс тауып қалар сәт шығар. Бірақ тәуекел өте жоғары. Соғыс әлі аяқ­талған жоқ. Ертеңгі күні бұл әрекет «басқыншылық жасап отырған Ресейді қолдау» деп аталып, тым қатаң жазаға алып келуі де ғажап емес. Қазір Ресей экономикасы құлдырап жатыр. Жақын арада санкция қыспағынан шы­ғып кету перспективасы да жоқ», дейді сарапшы.

Ол осыған дейін екінші реттік санкцияға ұшырайтын тұңғыш қазақ­стандық компания күздің ортасында белгілі болады деп болжағанын және бұл болжамының орындала қоймайтынына үміттенетінін айтады. Сонымен бірге сарапшы америкалық тауарлардың Ресейге реэкспортына тыйы­м салынғандықтан мұндай статис­тика тікелей қайталама санкцияға алып ке­лерін тағы да ескертеді.

2012 жылдан бастап Қазақстанда ерекше құқықтарды пайдаланудың ұлт­тық принципі жұмыс істей бастады. Соған сәйкес, таңбаланған тауарларды рес­публикаға құқық иеленушінің өзі жеткізеді немесе оның келісімімен әкелуге болады. 2015 жылдан бастап құқықтарды пайдаланудың ұлттық принципі аймақтық принципке ауыстырылды. Өзгеріс Еу­разиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарттың жасалуына және ұлттық заңнаманы осы Шарттың ережелерімен үйлестіруге байланысты енгізілді. Бұл өзгеріс бойын­ша, мүше-мемлекеттің кез келгенінің аумағына келген таңбаланған тауар ЕАЭО-да еркін айналымда бола алады. Алайда Қазақстан Сауда және интеграция министрлігінің ақпарына сүйенсек, Еуропалық одақпен стратегиялық се­ріктестік аясында Қазақстан 2016 жылы құқықты жоғалтудың өңірлік ұстанымын қабылдау бойынша міндеттеме алды.

«Ресей Федерациясында бірқатар тауарға қатысты құқықтарды сарқудың халықаралық қағидаты енгізілді, яғни құқық иесінің құқықтарын сақтамай әке­луге рұқсат етілді. Қазақстан Респуб­ли­касының қабылданған халықаралық мін­деттемелерді орындайтынын атап өтеміз. Құқықтардың сарқылуының ха­лықаралық қағидатын қолдану мәселесі қарастырылмайды», деп жауап береді министрлік.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Мағбат Спа­новтың айтуынша, реэкспорт – қа­зақстандықтар үшін қаржылық жағ­дайын жақсартып алар мүмкіндік. Егер ресми жеткізушіден тауар сатып алған ірі қазақстандық компания ресейлік заң­ды тұлғамен келісімшартқа отырып, реэкспорт жасаса онда қатаң санкцияға ұшырауы ықтимал. Егер мұндай істі ша­ғын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер жүзеге асырса, онда оларды қудалай қоюы екіталай.

«Негізінен ресейліктерге ондай тауарларды қазақстандық шағын кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар жеткізеді. Брендке қатысты заң бұзушылықты дәлелдеу қиын. Біздің өз мүддеміз бар. Егер ол Ресей экономикасының мүддесімен сәй­кес келсе, онда ақша тауып қалу қажет. Қандай да бір отбасылар, қандай да бір ком­паниялар өмір сүру деңгейін біршама жақсарта алады. Меніңше, батыс компаниялары мұндай заңдастырылған контрабандаға көз жұмып қарайды. Бұл оларға шығындарды өтеу тұрғысынан да тиімді. Кез келген жеке компанияның алдыңғы қатарында бір мақсат тұрады – кіріс пен пайда алу. Бұл жерде олар тым қатты қадағалайды деп ойламаймын», дейді ол.

Дегенмен қаржы сарапшысы А.Че­ботарев реэкспорт жасағысы келетін кез келген кәсіпкердің еш ұялмастан бәл­кім «Атамекен» ҰПК-дан, бәлкім АҚШ елшілігінен кеңес сұрауы керек екенін айтады. Дегенмен санкцияға қатыс­ты түп­кілікті шешімді АҚШ Қаржы минис­трлігі қабылдайтынын ұмытпау керек дейді ол.

Tsn.ua мәліметіне сүйенсек, қазір Ресейде бірқатар тауарлар таусыла бас­таған. Қатары қатты сиреген өнімдер тізімінде – құлаққап, Apple мен Samsung смартфондары, импорттық автокөліктер, газдалған сусынға қажетті газ, импорттық дәрі-дәрмек, балалар тағамдары, электронды және тұрмыстық техникалар бар. Сондай-ақ Ресей сөрелерінен бар­лық импорттық тауарлар біртіндеп жо­йылы­п барады. Косметикалық брендтер, тұрмыстық химия, жиһаздар мен тұрмыстық техника мен автокөліктерге арналған компоненттер де нарықтан жоғалып жатыр.