Аймақтар • 18 Тамыз, 2022

Ақылы жолдағы ахуал қандай?

310 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Өскемен мен Павлодарды елордамен жалғайтын автобан құрылысын салу туралы Үкіметтің шешімі 2013 жылы қабыл­данған екен. Осы бір алып құрылыстың жыры жылдарға созылып, мердігерден мердігер ауыса жүріп, ақыр-соңы әупірімдеп аяқталған. Жолды бақандай 4 жылға кешіктіріп тапсырды. 900 шақырым тас жолдың 375 шақырымы, яғни Нұр-Сұлтан қаласынан Ленин кентіне дейінгі аралық өткен жылдың қараша айынан бері ақылы жүйеге ауысты. Автобанның ақы­лы болғанын қайтейік, бүгінде бас қалаға дейінгі жол бойында мәселе көп.

Ақылы жолдағы ахуал қандай?

Жанармай стансалары жетіспейді

Павлодардан елордаға дейінгі екі жолақты, 1А санатына жататын автобанның 191 шақырымы Павлодар облысының, өзгесі Ақмола өңірінің аумағында орналасқан. Бүгінде жеңіл көліктер бұл жолда әр шақырымы үшін 1 теңге, жүк көліктері салмағына қарай 5-25 теңге, автобустар 5-15 теңгеден төлейді. Сағатына 140 километрге дейін ызғытуға болатын жаңа стандарттағы жол арқылы бас қалаға дейінгі уақыт қыс­қарды, жеңіл көлікпен небәрі 3,5 сағатта жетіп барасыз. Осылайша, күре жол қазіргі уақытта көлік ағыны бойынша еліміздегі шешуші инфрақұрылымның біріне айналып үлгерді.

Өкініштісі, осы екі аралықта жолау­шылардың көңіліне ұнамайтын кемшіліктер жетерлік. Әсіресе жол бойындағы сервис ақсап тұр. Жанар-жағармай құю стан­саларының, дәмханалар мен қонақүйлердің, жылы дәретханалардың жеткіліксіздігі айқын байқалады.

Бұл мәселе елордадан бері қайтқанда өзекті. Ақмола облысынан бастап Қалқаман кентіне дейін көлік отынын сататын стансалар жоқ (шамамен 130 шақырымдай аралық). Екі арада көлігіңіздің бензині бітіп тұрып қалсаңыз, пұшайман күйге түсесіз.

Көлік ағыны қалың, ортасы темір қоршаумен бөлінген автобанда ретсіз тоқтауға рұқсат жоқ. Мұны жақсы білетін жүргізушілер Нұр-Сұлтан қаласынан шығарда машинасының багына аузы-мұрнынан шығарып бензин құйып алады. Ав­тобанға жауапты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалынан сұрап білге­німіздей, ақылы учаскелердің бойында бүгінде автожанармай құю стансаларының

9 пункті, 18 тамақтану пункті және автомобильдерге техникалық қызмет көрсетудің 1 пункті орналасқан екен. Олардың көбі Қалқаман және Шідерті кенттерінде орналасқан.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Екібастұздағы филиалының директоры Медият Мұсанап жол бойымен ауыр жүк көліктері жиі жүретінін, сырттан келетін тасымалдаушыларға бұл аумақта сапалы қызмет көрсетілмей отырғанын қынжыла жеткізді. Жергілікті кәсіпкерлер жол бойында кәсіп ашуға ынталы. Алайда «Қаз­АвтоЖол» ұсынатын талаптар олар­дың көңілінен шықпайды. Жанармай құю бекеттерін, дәмханалар салу туралы ұсыныстар болғанымен, оларға қажетті жерді ресімдеу, инфрақұрылым тарту үлкен мәселеге айналып тұр. Ұлттық ком­пания кәсіп бастағысы келе­тін­дер­ге уәдені үйіп-төккенімен, іс жү­зін­де айтқанын орындай алмай келеді. Осыдан бірер жыл бұрын акционерлік қоғамның тапсырысымен Шідерті кенті жанында көпфункционалды жол бойы кешенін (кемпинг) тұрғызған. Құны шамамен 1,5 млрд теңге тұратын жобаның құрылысы аяқталғанымен, ол бүгінде қаңырап бос тұр. Себебі нысанды жалға алуға дәрмені жететін әлеуетті кәсіпкер жоқ. Оны қойып, жол бойында көліктерге тех­никалық қызмет көрсететін сервистік ұйымдар мен техника дөңгелегін жөн­дейтін шеберханалар да жоқтың қасы.

Уәдең қайда, «ҚазАвтоЖол»?

Павлодардан елордаға қарай жүріп, Шідерті кентінен әрі асқанда жол бойы­нан «Две дороги» деп аталатын асхана көзіңізге түседі. Бұл асханаға кезінде «ҚазАвтоЖол» өкілдері инфрақұрылым тартамыз деп қатырып кеткен. «Емелья­­нов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Анатолий Емельянов ұйым өкілдері бас­­тап­қыда берген уәделерінің бірін де орын­дамағанын жеткізді. Автобан салынып жатқанда құны 16 млн теңге тұратын жобаны көрсетіп: «Сіздің дәмханаңызға дейін осыншама қаражатқа асфальтті жол салынады. Кейін инфрақұрылым тартамыз. Арлы-берлі өткен жолаушыларды ұялмай қарсы аласыз», деп кәсіпкердің көңілін тойдырып қоя беріпті.

– Төбем көкке жеткендей болып қуан­­­ға­ным есімде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша па­йы­зы төмен несие алып, дәмхананың жұмысын жолға қойдым. Асүйге арналған қан­ша­ма жиһаз, құрал-жабдықтар сатып алып, Екібастұздан мықты аспаздарды шақырдым. Бастапқыда жұмысым жаман жүрген жоқ. Табыс көп болмаса да, келешекте «ҚазАвтоЖол» өкілдері уәде еткен жобалар жүзеге асып, еселене түседі деп үміттенгенмін. Сайып келгенде жоба да, жол да жоқ боп шықты. Амалсыздан қа­­рыз­данып-қауғаланып, ақшаны өз қал­­тамнан шығара бастадым, – дейді Анатолий Николаевич қынжылып.

Асханасына электр жарығын тарту, өзге де инфрақұрылымдық жұмыстарды жүзеге асыруға кәсіпкер 120 мың доллар көлемінде өз қаржысын жұмсауға мәжбүр болды. Себебі көмекті сырттан күтіп отыра берсе, дәмханасының қызметі тоқырап, жұмысқа алған адамдарын таратуға тура келер еді. Дәмханаға дейінгі кірме жолдың ұзындығы небәрі 80 метрдей ғана. Жолға қызмет көрсететін фирманың өкілдері бұл аумаққа әу баста асфальт төсейміз дегенімен, бүгінде ол да орындалмады. Беткі қабатында әлі күнге қиыршық тас шашылып жатыр. Жазда күн жаңбырлы болғанда бұл жерге су жиналып, қыста мұз қатып, жолаушылардың көліктеріне қиындық тудыратыны бар. Ауыр жүк көліктері әр өткен сайын әлгі жерде кәдімгідей шұңқырлар пайда болып, салдарынан кейбір жеңіл көліктер дәмханаға жақындап келуге жүрексінеді. Қысқасы, кәсіпкер үшін ұзындығы 80 метрлік шағын ғана жол үлкен мәселеге айналып тұр.

– Маған жол бойынша әлгі жобаны көрсетіңдер деп бірнеше мәрте хабарлас­тым. Түрлі сылтау айтып, көрсеткілері жоқ. Жол әбден жүргісіз болып қалғанда Шідерті кентінің әкімі көмектесіп, жол компаниясының өкілдері грейдермен бір мәрте тегістеп кетті. Содан бері «ҚазАвтоЖолдың» өкілдерін көрсем, көзім шықсын. Километрлеп санайтын емес, шақырымның ширегіне де жет­пей­тін жолды жарты-ақ күнде ретке келтіріп, асфальттап тастауға болатын еді ғой, – дейді кәсіпкер.

А.Емельяновтың бұл аумақтағы сер­висті дамытуға деген ынтасын бай­қа­дық. Айтуынша, жуық арада дәмхана жанынан жылы дәретхана, көлік­терге қызмет көрсететін техникалық сервис орталығын ашуды жоспарлап қойған. Дей тұрғанмен, соңғы жобаға қаржы салуға жүрексініп отыр. Кірме жолдың жағдайы шешілмесе, техникалық орталыққа көліктердің келе қоюы екіталай.

Қызық қылғанда, «ҚазАвтоЖол» ком­паниясы жоғарыда атап өткен зәулім кем­пингті Анатолий Николаевичке қара­уы­ңызға алыңыз деп ұсыныс тастапты. Ат-тонымды ала қаштым дейді кәсіпкер. Айналасы ат шаптырым нысанды қыста ұстап тұруға дүниенің көмірі қажет, әрі ішін жабдықтауға да қыруар қаражат жұм­сауға тура келер еді. Сондықтан мұндай болашағы бұлыңғыр жобаны ала қоюға екінің бірінің жүрегі дауаламасы анық.

Миллиард теңгенің жобалары қаңырап тұр

Алысқа бармай-ақ жоғарыдағыдай кемпингтің тағы бірі «Павлодар – Қалбатау» тас жолында, дәлірек айтқанда Аққулыда 3 жылдан бері бос тұрғанын айтып өтсек те болады. Жалпы сомасы
1 млрд теңгеге жуық қаражатқа салынған алып құрылысты әлі күнге жалға алатын кәсіпкер табылмады. Құрылыс иелері оның ай сайынғы жалға алу төлемі 3 млн теңгені құрайтынын айтып еді, бизнес өкілдері бірден бас тартты.

Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Сқақов бұл мәселелерді жақ­сы біледі. Әкімнің ойынша, аталған жоба бюджетті тиімсіз игерудің жарқын мысалы. Кешенді жалға алатын кәсіпкер табылмаса, оны өзге мақсатта пайдалануға беріп, нысан өңір экономикасының пайдасына жұмыс істеуі керек деп тапсырған еді аймақ басшысы. Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Алма Қасымова бұл өлкеде әзірше тәуекелді іске бару­ға жүрегі дауалаған бизнес иелері жоқтығын айтады. «Көпфункционалды нысан толығымен «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның балансында тұр. Біздің аудан үшін айтарлықтай алып нысанды ала қоятындай ірі кәсіпкерлер өңірде жоқ. Сырттан үлкен бір бизнесмендер келіп кәсібін жүргізбесе, жергілікті жерден табылатынына сене қоймаймыз. Әрі ай сайынғы жалға алу құнының өзі тым қымбат. Нысанды ұстап тұруға да қыруар қаражат қажет», дейді ол.

Мамандардың сөзіне қарағанда, ұлт­тық компанияның мұндай көп­функ­ционалды кешендерді әу баста салға­ны­ның өзі қателік болған. Жолау­шы­ларға арналған барлық қолайлы жағдайдың тұтас кешенін, атап айтқанда, жанармай құю стансасы, қонақүй, дәмхана, автокөлік жуу орны, техникалық қызмет көрсету стансасы және демалуға арналған алаңы бар жол бойы сервисін ұстап тұру аса қымбат. Барлығы бір жерде шоғырлануына байланысты оларды бір орталықтан жылыту, күту, қызмет көрсету, қызметкерлерге еңбекақы төлеу қыр­уар қаражатты талап етеді. 2019 жылы еліміз бойынша мұндай 41 нысан салынатыны айтылған. Алайда алғашқы 4 кешенді салып, олардың жартысы пайдаланусыз тұрып қалғанда, жобаның сәтсіз екені айқын болды. Сөй­тіп, акционерлік қоғам одан біржола бас тартты. «Қазіргі уақытта бизнес қала сыртында жұмыс істеуге дайын емес. Сәтті менеджмент жетіспейді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының Қызылорда облысындағы бөлігінде бұл бойынша жағымды мысалдар баршылық. Ол жерде көлік ағыны үлкен, бизнес жақсы жүріп жатыр. Ал Павлодар облысындағы бағытта мәселе қалыптасып отыр, бизнес өкілдері белсенді емес», деген уәж де естідік компанияның жол бойы сервисін дамытуға жауапты мамандарынан. Қазір облыстағы иесіз тұрған 2 кешенді ұс­тау­дың өзі компанияның бюджетіне оңай тиіп тұрмағанға ұқсайды. Мезгіл сайын конкурс ойнатылып, жалға алушыларды іздегенімен болашағы күмәнді бизнеске кәсіпкерлердің бас тіккісі жоқ.

Бұл нысандардың не себепті бір­не­ше жылдан бері бос тұрғанын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Ермұрат Нұрхановтан да сұрадық. Филиал басшысы конкурс жуықта тағы ойнатылғанын, алайда үміткерлер табылмай тұрғанын айтады. Конкурстық шараларда жыл сайын жалға алу құны төмендетіліп, қазіргі күні ол сома 2 млн теңгенің (ай сайынғы төлемі) шамасында белгіленіп отырған көрінеді. «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автобанының бойындағы жылы дәретханалардың саны көбейтіле ме деген сұрағымызға ол стандарт бойынша жеткілікті деп жауап берді. Бүгінде жылы дәретханалар елордадан келе жатқанда Екібастұз қаласына 30 шақырым қалған жерде (Байет ауылы тұсында) және Төртқұдық елді мекені маңында орналасқанын жақсы білеміз. Одан басқа Шідерті кенті мен Қалқаман ауылындағы дәмханалар ішінде ілеуде бір мұндай дәретханалар кездеседі. Бұл дәмхананың барлығы тәулік бойы жұмыс істемейтінін ескеру керек. Ал Байет пен Төртқұдықтың арасы шамамен 100 километрдей. Ендеше, бұл екі аралықта жолаушылардың қажеттіліктері үшін тағы да қосымша заманға сай дәретханалар салынуы керек деп есептейміз. Бір қызығы «ҚазАвтоЖол» компаниясында құрылған «шұғыл желі» – 1403 байланыс орталығының мамандары жылы дәретханалардың қайда орналасқанынан да бейхабар болып шықты. Телефон шалғанымызда тұтқаның ар жағындағы оператор жігіт Байет маңындағы нысанды есіне әрең түсіргенімен, Төртқұдықтағы орынды мүлде білмейтін болып шықты. Осы­ған қарағанда, компания ақпарат орта­лығына біліксіз қызметкерлерін отыр­ғызып қойған-ау деп шамаладық. Біздің облыстың тұрғындарын былай қойғанда, мыңдаған шақырымнан ат сабылтып келетін жолаушыларға қате ақпарат беріп жатса, бұл да акционерлік қоғамның беделіне нұқсан. Ал дұрыс мәлімет алмаған жолаушы ұзақ жолда мехнат кешері айдан анық. Сондықтан жол бойындағы жалғыз оператор бұл бағытта тыңғылықты жұмыс істесе деген тілегіміз бар.

Медият Мұсанаптың пікіріне ден қойсақ, әлгіндей үлкен кешендерді сал­ғанша, орнына шағын дәмханалар мен жанармай құю стансаларын тұрғызған ыңғайлы. «Кәсіпкер оларды қыста жылы­ту­ға да көп шығындалмас еді. Әрі олар нысандарды сатып алып, әрі қарай өзі дамытар еді. Ұлттық компания бұл бойынша алдағы уақытта жеке бағ­дарлама әзірлеп, іске асырады деген үмітіміз зор. Жол бойындағы бизнес­ке қызығушылығы бар кәсіпкерлердің қазіргі тілегі осындай», деп ескертті кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Ал акционерлік қоғамның өңірдегі филиалы директорының орынбасары Ержан Кисиков келешекте автожолдың Шідерті маңында бір жанармай құю стансасын және Екібастұз бен Шідерті аумағында автогаз құю стансаларын тұрғызу көзделіп отырғанын айтады. Жобада шағын маркет, дәмхана, қонақүй және автотұрақ қарастырылған.

Жарығы жоқ көпір қауіпті

Автобанның бойын жарықтандыруға қатыс­ты да жүргізушілер шағымы көп. Әсіресе Пограничник және Шідерті аумақтарындағы көпірлердің маңында жарық шамдары жиі сөніп қалады. Соның кесірінен түнгі уақытта жүргізушілер бұрылатын жерден өтіп кетіп, сарсаңға түсіп жүргені. Е.Кисиковтың сөзіне сүйенсек, автожолдың ақылы учаскесінің көлік айрықтарындағы жарықтандыруды ішінара ажыратудың себебі жарық шамдары мен оның жинақтауыштарының жұмыс істеу мерзімінің аз болуынан екен. Салдарынан жүйе мезгіл сайын істен шығып, жарықтандыру жүйесі тоқтап қалады. «Яссы Құрылыс» ұйымы автожолды күтіп ұстау шеңберінде жарықтандыру элементтерін қалпына келтіру және ауыс­тыру бойынша жұ­мыс­тарды тұрақты негізде жүргізеді. Пограничник, Шідерті кенттерінің көлік айрықтары толық жа­рық­тандырылды», дейді ол.

Көпір демекші, «Нұр-Сұлтан – Пав­лодар – Қалбатау – Өскемен» Орта­лық-Шығыс дәлізін қайта жаңар­ту» жобасын іске асыру бойынша салынып жатқан үлкен көпірдің де құрылысы кешеуіл­де­геніне бірнеше жыл­дың жүзі болды. Павлодардан Семей қаласына беттегенде Кенжекөл ауылы маңында орналасқан көпірдің әлі күнге аяқталмауы әрі оның айналасы жарықтандырылмайтыны облыс орталығын оңтүстіктен айналып өтетін жүк көліктері үшін қиындық туды­рады. Олар Павлодар қаласына кіру үшін қарсы жолға шығып, үлкен бұрылыс жасауы керек. Жүк көліктерінің жүр­гізу­ші­лері бұл жерде асығамыз деп жүріп, жол-көлік оқиғалары да орын алған. Сондықтан компания атаулы көлік айы­рымын, яғни көпірді аз уақытта салып бітіруге ынталы. Е.Кисиков жұмыстарды биыл қыркүйек айында толық аяқтау жос­парланып отыр­ғанын жеткізді.

Ең соңы автобанның Шідерті мен Төртқұдық арасындағы 24 шақырымдық учаскесі де бүгінде жөндеуге сұранып тұр. Кезінде мердігер ұйым бұл аралықтағы жұмыстарды кестеден кешеуілдетіп әрі сапасыз орындап, «ҚазАвтоЖол» филиалы оны сотқа берген. Биыл қайта жаңарту бойынша жоба жарияланып, «Construction Team РVL» ЖШС мердігерлік ұйымымен жұмыстарды аяқ­тау туралы шарт жасалған екен. Алай­да оның да қашан толық жүзеге асырылатыны тағы белгісіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес», деген еді Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Президенттің айтуынша, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бір-екі компания ғана ұтып алатыны, жолдарды жөндеу жұмыстарының өте баяу жүретіні, жол жөндеуге бөлінетін қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмағаны үлкен проблема екенін атап көрсеткен. Әрі жұмыс нашар жүріп жатқан өңірлердің қатарында Павлодар облысы да бар екенін айтқан.

Бұл мәселені тарқату үшін «Қаз­АвтоЖол» компаниясының басшы­лы­ғы аса байыпты әрі шешімді істер атқарады деп сенеміз. Жолдарды ақылы етпес бұрын оның бойында жолаушылар аялдап, демалатын заманға сай сервистік орындар тұрғызғаны абзал. Сервис жақсарса, ақылы жолдағы қауіп-қатер азайып, көлік ағыны молая түсетіні анық.

 

Павлодар облысы