Тиграйдағы көтерілісшілермен келіссөздер жүргізу жөнінде құрылған комитет тыныштық орнату жөнінде ұсыныс әзірлегенін хабарлады. Осылайша, 2020 жылы қарашада басталған қақтығыстарды тоқтатуға талпынбақ.
«Гуманитарлық көмектің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, негізгі қызметтерді қалпына келтіруді жеңілдету үшін, сондай-ақ қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін комитет мүмкіндігінше тезірек атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізу қажет», делінген комитет жасаған мәлімдемеде.
Бейбітшілік жөніндегі комитет осы процесті жеделдету үшін бітімгершілік ұсынысын қабылдаған көрінеді. Бұл құжат атысты тоқтатуға және саяси диалогты жүргізуге жол ашпақ.
Тиграй халықты азат ету майданы (TPLF) мұндай ұсынысты қабылдамады. Топтың пайымдауынша, ел премьер-министрі Абий Ахмедтің үкіметі диалогқа келуге ынта білдірмеген. Сондықтан құжатты ақылға қонымсыз деп санайды.
«Олар бейбіт келіссөз жүргізуге қолайлы жағдай жасауға әрекет етеміз деген жиі қайталанатын уәделеріне ашық түрде қарсы шықты. Шынында, олардың әскері бізге қарсы арандату әрекетін жасап, қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырып отыр», деді Тиграй халықты азат ету майданының баспасөз хатшысы Гетачью Реда.
TPLF өңірдегі 6 млн халықтың тұрмысына қажетті негізгі қызметтерді орындаған кезде ғана келіссөз үстеліне отыратынын талайдан бері айтып келеді. Жалпы, Эфиопияның солтүстігіндегі қақтығыс биылғы наурызда бәсеңдеген. Сөйтіп, тоқтап қалған гуманитарлық көмекті қайта жеткізе бастауға мүмкіндік туды.
Тиграй аймағы соғыс басталғалы бері электр жарығы, байланыс, банк қызметі секілді негізгі қызметтерге қол жеткізе алмай қалған. Халық аштыққа ұшырап, дүкен сөрелерінде азық-түлік қалмады.
Бейбітшілік жөніндегі комитет алдағы уақытта ұсынысын Африка одағына жіберетінін алға тартады. Өз кезегінде қара құрлықтың басты ұйымы соғыс өрті шарпыған аймақтағы ахуалды реттеуге бар күш-жігерін жұмсап келеді.
«Келіссөздердің орны мен уақытын анықтауға, бейбіт келіссөздерді тез бастауға және жақын арада атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге мүмкіндік алу үшін Африка одағымен ынтымақтастық орнатуға күш салып жатырмыз», деп хабарлады комитет.
Сондай-ақ келіссөздерге кімнің төрағалық етуі де талқыға түсіп жатыр. Абий үкіметі кез келген келіссөзді Африка одағының Сомали түбегіндегі өкілі Олусегун Обасанджо жүргізуі керек деп есептейді. Алайда көтерілісшілер Кения президенті Ухуру Кениаттаның ара ағайын болғанын қалайды.
Халықаралық қоғамдастық та Тиграйдағы ахуалға алаңдаулы. Осыған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бірнеше отырыс өтіп, қарар қабылданғаны мәлім. Қақтығыс салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын босып кеткен.
Дегенмен елдегі ахуалға әлем жеткілікті түрде назар аудармай отыр деп есептейтіндер де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус Тиграй аймағындағы дағдарысты «жердегі ең ауыр апат» деп сипаттады. Ұйым басшысы «Жаһандық көшбасшылардың салғырттығы онда мекендеген тұрғындардың нәсіліне байланысты ма?» деген сауал тастайды.
Жалпы, ұйым басшысының туған жері осы Тиграй аймағы. Сондықтан Тедрос мырзаның алаңдауы түсінікті. Эфиопияның солтүстігінде қақтығыс басталғалы халықаралық қоғамдастық гуманитарлық көмек жеткізуге бел шешіп кіріскен жоқ. Алайда Украинадағы қақтығысқа қарсы бүкіл Еуропа өре түрегелді.
Тедростың айтуынша, Тиграйдегі 6 млн адамның соңғы 21 айда әлеммен байланысы үзілген. Осы орайда, ол Украинадағы қақтығыспен салыстыра отырып, Тиграйдағы апатты бұдан да сорақы деп айтты.
«Кейінгі бірнеше айда әлемнің дамыған елдерінде бірде-бір мемлекет басшысының Тиграйдағы жағдай туралы айтқанын естіген жоқпын. Кез келген жерде. Неліктен? Бәлкім, бұл Тиграйдағы тұрғындардың түсіне байланысты шығар», дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы.