Аймақтар • 19 Тамыз, 2022

«ТеkТаu»-дың балы танымал

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде теңіз деңгейінен 1 425 метр биіктікте Жоңғар Алатауының етегінде табиғи таза бал өндіріледі. Мұнда Ескелді ауданындағы «ТеkТаu» ЖШС 300-дей араның ұясын ұстап, омарташылықпен айналысуда. Серіктестік жылына 100 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Өзі өндіргенімен қатар олар балды жергілікті омарташылардан да сатып алады. Балдың сапасы мен тазалығы өздерінің арнайы зертханасында тексеруден өтеді. Өнімдерін отандық нарыққа, БАӘ мен Ресейге және Қытайға экспорттап отыр.

«ТеkТаu»-дың балы танымал

Серіктестік директоры Рус­лан Кутлуковтың айтуынша, кәсіпорынның басты міндеті – табиғи таза өнім өндіру. Соған сәйкес компания «ТеkТаu-дың» балы әр шаңырақта болуға тиіс» деген ұранды ұстаным етіп алған.

«Балдың сапасы мен та­залығы өндірістің бүкіл кезе­ңінде бақыланады. Оның стандартқа сай болуын жіті қа­­дағалаймыз. Әр тұты­ну­шы­мызды нағыз тау балының дә­мімен тамсандырсақ дейміз. Біздің зертханамызда балдың құрамындағы дәрумендер мен пайдалы қасиеттерді тө­мендетуге әсер ететін заттарды анықтаймыз. Сол сияқты ара­лардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастырамыз», дейді Р.Кутлуков.

«ТеkТаu» ЖШС балдың 4 түрін – тау, орман, қыр балда­рын және Алтай тауының балын өндіреді. Балдың қап­та­масына ерекше көңіл бө­лінеді. Мәселен, тау балы жөке аға­шы­нан жасалған, іші балауыз­бен өңделген бөшкеге, сол сияқ­ты шағын пластикалық ыдыс­­тарға құйылады. Оған қоса бал­дың барлық түрі шыны құты­ларға, ал бал ұяшықтары ағаш қораптарға салынады. Мұн­дай әсем безендірілген бренд өнімді таптырмас сыйлық дер едік.

«Арадан көп нәрсе үйре­нуге болады. Ол бізге пайда­лы өнім беріп қана қой­май, еңбекқорлыққа, шыдам­ды­лыққа үйретеді, топпен жұмыс істеудің артықшылығын тү­сі­нуге көмектеседі. Араның бал жасау процесіндей күр­делі процесті ештеңемен салыс­тыруға болмайды. Мысал үшін бірнеше деректі келтіре кетсем. Ара гүл шырынын өзінің артқы екі аяғында болатын арнайы қуыс – «бал сауытында» сақтап, оны омартаға жеткізеді. «Бал сауытының» сыйымдылығы шамамен 70 миллиграмм, бірақ оны толтыру үшін араға 1-1,5 мың гүлге қонып шығуына тура келеді», дейді омарташы.

Оның айтуынша, өңделген шірнені ұяшықтың бір тор көзінен келесі бір тор көзіне ауыстырып, желдетіп, артық ылғалын әбден кетіреді. Мұның өзі 8-10 күндей уақытты ала­ды. Бұл кезде одан әлі жетіл­меген бал шығады. Оның бу­лануын тездету үшін аралар қанаттарымен желдетеді. Омартаның жанына келгенде естілетін уіл – сол дыбыс. Ара балды осылай жасайды.

Шырын ұяшықта тиісті қоюлық деңгейіне жеткенде балға айналады. Балы бар ұяшықтар балауызбен жабылып, өнім пісіп-жетіледі. Бір кило бал алу үшін омартадағы аралар шамамен 10 млн гүлді аралап шығады. Әрине, балды бір емес, бірнеше ара жинайды. Бірақ бір араның өзі ат­қаратын жұмыс аз емес, бір күнде жұмысшы ара 5-7 мың гүлге қонады екен.

Ара шаруашылығымен айналысудың ерекшелігін баян­­дай отырып Руслан Кут­луков аралар туралы тағы бір таңырқатар дерек айтты.

«Бір қызығы, қай жақта шы­рынды гүлдердің көп еке­нін білдіріп, басқа араларды көмекке шақырғанда ол би­лейді. Оның жылдамдығы мен би қимылдары шырынды ал­қаптың қашықтығы мен ба­ғытын көрсетеді. Қазіргі кезде біздің алқапта 300-дей ара­ның ұясы орналастырылған. Ком­паниямыз бал шаруашы­лы­ғымен 2015 жылдан бері ай­налысады, кәсіпорынды 2018 жылы аштық. Осы уақыт ара­лығында едәуір тәжірибе жи­нақ­тап, жоғары біліктілік дең­гейіне жеттік. Қазіргі кезде біздің балымыздың нарықта өз орны бар, экспортта да баға­ланып, ел азаматтарымен қатар БАӘ мен Қытай тұрғындары да тұрақты тұтынатын болды», дейді шаруа иесі.

Жалпы «ТеkТаu» ЖШС Ескелді ауданына қарасты Сы­рымбет ауылында орналасқан. Онда балды қаптау цехы, балды кристалдандыруға арналған термокамерасы бар. Және қой­ма орындары мен кеңсе де сол жерде. Кәсіпорында 10 адам жұмыс істейді.

Айта кетсек, Жетісу облысында былтыр 280 тонна бал өндірілген. Омарташылыққа жа­салатын мемлекеттік қол­дау жер­гілікті бюджеттен қарас­тырылды.

 

Жетісу облысы