Аймақтар • 19 Тамыз, 2022

Есірткі сатып есірген

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есірткі туралы сөз бола қалса, өңірге қарасты Шу ауданын әңгімеге арқау ететіндер аз емес. Тіпті әңгіменің соңын әзілге бұрып жіберетіндер де жетіп артылады. Алайда есірткіге есі кеткендердің қарасы бір өңірде аз, енді бір аудан­да көбірек кездеседі демесек, қай жерде де баршылық...

Есірткі сатып есірген

Жақында жамбылдық полицейлер есірткінің ең ауыр түрлерінің бірі саналатын героин сатумен айналысқан күдіктіні қолға түсірді. Мамандардың айтуынша, героиннің бұл түрі адамдарды алғаш тұтынғаннан-ақ өзіне тәуелді етіп тастайды екен. Деректерге сенсек, қолға түскен күдікті облыс орталығында ұзақ уақыт бойы героин сатумен айналысып келген. Поли­цейлердің күдіктіні ұстау операциясының бейнежазбасы әлеу­меттік желіде тарап кетті.

Құзырлы орган қызметкерлері келтірген мәліметтеріне қарағанда кү­діктінің тұрғылықты жеріне тінту жұ­мыстарын жүргізу барысында 10 грамм героин заты тәркіленіпті.

«Жедел-іздестіру шаралары Жамбыл облысының полиция депар­таменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің белсенділігімен жүзеге асқанын айта кеткен ләзім. Бұл операция Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлі­нісімен бірлесе ұйымдастырылған «Қа­расора-2022» республикалық іс-шарасы аясында өткізілді. Ұсталған азамат қазіргі кезде өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Қазіргі уақытта аталған дерекке қа­тысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша (Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бүгінгі күні осы қылмысқа қатысы бар басқа да адамдарды анықтауға бағытталған бірқатар тергеу жұмысы жүргізілуде. Аталған бапқа сәйкес күдікті 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», дейді Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.

 

Жамбыл облысы