Аймақтар • 19 Тамыз, 2022

Ұлықұм етегінде ұйымдастырылған игі іс

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ата кәсібіміз – мал шаруашылығына қазір жастардың қызығушылығы баяулау екені рас. Төрт түліктің бабын тауып, тіпті өнімін үйлестірудің де ретін толық біліңкіремейтіндер бар. Осындайда үлкендеріміздің шопанға да «диплом» керек деп астарлап, малшыға асқан жауапкершілік қажет екенін меңзейтіні шындыққа саяды.

Ұлықұм етегінде ұйымдастырылған игі іс

Шалқар аудандық жастар ресурс­тық орталығы дала төсінде қыза­тын осы кәсіпке қала баласының қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатымен жас­тар­дың бір күнін шаруа қожалығы басында өткізуді ұйымдастырды.

Жастар барған Шалқар ауылдық округіне қарасты «Қаражиде» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Төрағасы Есенкелді Жансүгіров осы қожа­лықтың іргесі қаланған күн­нен бас­тап шаруашылық басында. Бақ­ты­бай деп аталатын жер оның жаз жайлауы. Жол бойы ауыл көрінісіне көз тігіп, ат байлаған қонақтарды Есенкелді аға мен зайыбы Айсәуле апай кең пейілмен қарсы алды.

– Қожалықты құрған күннен бастап, отбасыммен осы жердемін. Өйт­песең, ісің алға баса ма?! Қазір бәрі мыңғыртып мал ұстағысы ке­леді, бірақ оның соңына түсіп бағуға құл­қы жоқ. Өзің бас-көз болып отыр­саң, шаруаның да берекесі артады. Күн ұзағына тыста еңбек ететін адам үйге кіргенде ағарғаны толы дастарқаны жайылып тұрмағасын шаруасы жайлана ма?! Сондықтан біз бала-шағамызбен осындамыз. Өзімізге тиесілі 3 мың гектардан астам жеріміз бар. Мемлекеттік бағдарлама көмегімен жайлаудан су ұңғы­масын қаздырып жатырмын, – дейді шаруа­шылық төрағасы Есенкелді аға.

Алты баланың анасы Айсәуле апа­мыз ағарғаны мол үйге береке ұялай­ды деп, жастарға түйені қалай сауу­дың, ботасын бөлек ұстап, идірудің тәсілдерімен таныстырды.

Отағасы ер балаларға қой қырқу­дың, оны сойып, етін жіліктеп қонаққа табақ тартудың жолдарын көрсетті. Жастар осы іс-шара аясында атқа мініп, өрістен қой қайтарып, сақманның соңғы сәттеріне куә болды. Және де аң аулауға да әуесқойлығы бар шаруа­ның өз аузы­нан ат баптаудың, жеті қазынаның бірі – тазы итті асырауда қаперде ұстайтын жайттарды естіді.

Игі іс-шараға қатысқан облыс­тық жастар ресурстық орталығы жас­тар бөлімінің басшысы Азат Ораза­лин, аудандық жастар ресурстық орта­лығының басшысы Жанна Әбденова көлдей көңілімен бір күндік шаруасын ысырып қойып, жастармен емен-жарқын тілдесіп, төрт түлікті өрісте тең өргізудің жай-жапсарымен бөліскен шаруашылық иелері Есенкелді аға мен Айсәуле апаға шынайы ризашылығын білдірді.

Жастардан күтер үміт көп. «Бола­шақ жастардың қолында» дейтініміз де сондықтан. Ұлықұмның етегінде ата кәсіпті отбасымен жүргізіп отыр­ған еңбек адамдары жастарға: «Уақыт­тарыңды бағалаңдар, еріншек болмаң­дар», деп тілектерін білдірді.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН

 

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы