Футбол • 21 Тамыз, 2022

«Super bol»-дан суырылып шықты дара

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболшы боламын деген арманын тәрк етіп, амалсыздан өзге салада еңбектеніп жүргендер жетерлік. Елімізде қолға алынған «Super Bol» бірегей жобасы шеңберінде тасада қалған таланттардың тынысы ашылуына жағдай жасалды. Осы уақытқа дейін жер-жерде іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, 16 мен 25 жас аралығындағы 6 мың үміткердің ішінен 25 үздік суырылып алға шыққан еді. Жуырда жоба өз мәресіне жетіп, кіл мықтылар кәсіби түрде мансабын жалғастыруға мүмкіндік алды.

«Super bol»-дан суырылып шықты дара

Жарқын жоба ел фут­бо­лының отаны саналатын Семей қаласынан бастау алып, Пав­лодар, Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жалғасты. Жоба жетекшілері үш айға жуық уақыт ішінде үміткерлердің аяқ алысын байқап, үздіктердің есімін күнделігіне түртіп отырды. Шын мықтылар ауылдан шығады дейміз ғой. Дей тұрғанмен жоба биыл алғаш рет қолға алынғандықтан әзірге шалғай елді мекендерді қамту алдағы уақыт­тың еншісіне қалды­рылыпты. Соның өзінде облыс орталығында өт­кен ірік­теулерге 400 ша­қырым жол­ды артқа тас­тап, ауылдық жерлерден арнайы ат басын бұрғандар көп болыпты. Мәселен, Баян­­ауыл ауданы Май­қайың кентінен келген өрен­дер алыстан бекерге келмегенін дәлелдеп, үздік­тердің қатарынан табылды.

Іріктеуден іркілмей өткендер соңғы бір ай бойы Талғардағы ұлттық құраманың базасында шеберліктерін шыңдады. Әр апта сайын азулы командалармен жолдастық кездесулер өткізіп тұрды. Тіпті өз «заманында» Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған танымал ардагер футболшылармен шеберлік байқасып, мол тәжірибе жинақтаған еді. Атап айтсақ, Самат Смақов, Давид Лория, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, ағайынды Азовскийлер, Фархадбек Ирис­метов, Дмитрий Бяков, Алек­сандр Кучма, Максим Жал­мағамбетов, Қайрат Әшірбеков, Да­нияр Мұқанов, Сергей Бой­ченко, Юрий Новиков, Игорь Солошенко, Руслан Балтиев, Эдуард Сергиенко секілді фут­­болшылармен доп тебу ба­қыты бұйырды. Сондай-ақ жол­­дастық кездесуге кезінде Испанияның «Реал Мадрид», Италияның «Интер» клубында жасындай жарқылдаған Эстебан Камбьяссо арнайы шақырылған болатын.

«Super Bol» жобасының «Астана Арена» стадионын­да өткен шешуші сәті тар­тысқа толы болды. Жоба қаты­сушылары қорытынды кез­десуді еліміздің бірінші ли­гасында бақ сынайтын «Же­ңіс» командасына қарсы өт­кізді. Шешуші деп ойып тұ­рып көрсеткеніміз тегін емес. Себебі бұл матчқа шетелден, алыс-жақыннан 60-тан астам скаут келіп, шеберлігімен көз­ге түскен ойын­шыларды өз ко­мандасының қатарына қосуға ниет танытты. Олардың арасында азулы деген италиялық «Торино» мен мәскеулік «Спар­тактың» мамандары, «Челси» командасының техникалық директоры Клод Макелеле болды. Қысқасы, бұл кезде­суде «Super Bol» жобасы қа­ты­сушыларының тағдыры ше­шілді.

Кездесуге тоқталсақ, қос команданың ойыншылары да барынша мықтылығын көр­сетуге тырысты. «Жеңіс» командасы төменгі лигадан енді ғана көтеріліп, «абырой жинап» жүргендіктен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленуге барын салды. Кездесудің ал­ғаш­қы жарты сағаты супер­болдықтардың шабуылымен есте қалды. Әсіресе команда ка­питаны Аянхан Дунайбектің белсенді ұмтылысын атап өткен жөн. «Жеңіс» командасының аяқдопшылары да қарап қалған жоқ. Тактикалық шабуылдарын ұйымдастырып, қарсыластың аптығын басуға тырысып бақ­ты. Десе де Аянханның ши­рақ қимылы өз нәтижесін берді. Қақпашымен бетпе-бет қалған сәтте қорғаушылардың бірі Аянханды сұлатып түсіріп, кездесудің бас төрешісі Равшан Ирматов пенальти белгіледі. Иә, қалыс естіген жоқсыз. Бұл кездесуге 2015 жылы әлемнің ең үздік төрешісі атанған өзбек маманы қазылық етті. Пенальтиді Әлібек Жәрдемов сәтті орындап, командасын алға шығарды.

Екінші таймда да алма-кезек шабуыл толастаған жоқ. Десе де таблодағы есеп кездесудің аяғына қарай жиі өзгерді. Кез­десудің 81 және 84-минуттарында «Жеңіс» командасының ойыншысы Саян Мұқанов дубльдің авторы атанды. Ал кездесудің 90 минутында Аянхан ақыры дегеніне жетіп, есепті теңестірді. Кездесуден кейінгі пенальти сериясында 6-5 есебімен «Super Bol» командасы жеңіске жетіп, жобаның нүктесін тамаша қойды.

Кездесуден кейін көп­ші­ліктің асыға күткені транс­фердің барысы еді. Әрине, кездесу аяқтала сала бәріне бірдей келісімшарт ұсыныла бермес. Мамандар жақсылап ойланып, әріптестерімен ақылдасып, бір тоқтамға келетіні түсінікті. Дей тұрғанмен, алғашқы транс­фер көп күттірген жоқ. Баян­ауылдық жас талант Жақсылық Кенжебаевқа «Ақ­су» (Павло­дар) командасы «құда түсті». Жақ­сылық бұл жобаға қатысу үшін за­уыттағы жұмысын тас­тауға бел буған. Бала күнгі арманына қол жеткізу үшін осындай қадамдарға барған ол мақ­сатына жетті де. Кездесуден кейін көзіне ерік берген ол: «ата-анамның үмітін ақтадым» деп қуаныштың жасын сүртті.

Одан кейін Әлібек Жәр­демовке «Ақтөбе» ко­ман­дасы ұсыныс жа­сағаны хабар­ланды. Ал Аянхан Дунай­бекке «Мақтаарал» коман­д­а­сы қызығушылық таныт­қан көрінеді. «Жеңіс» ко­ман­да­сының бас бапкері Ри­нат Алюетов те кездесуге дейін «Super Bol» жобасы қатысу­шыларының ішінен 2 ойыншыға көз түскенін айтқан болатын. Бастысы, жобаның мақсаты орындалып келеді. Жақын күндері жоба қатысушыларына жан-жақтан ұсыныстар түсіп, сүйінші хабарлар көп болады деген сенім мол.

Естеріңізге салсақ, «Super Bol» жас футболшылар жобасын Президент жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры және Freedom Broker инвестициялық компания­сы қолға алды. Жобаның хед­лайнерлері – Давид Лория мен Самат Смақов.

– Нағыз мықтылар ауылдан шығады. Бірақ көбі сол жақта қалып қояды. Біздің жобаның мақсаты – соларды анықтап, баптап, үлкен ойындарға қосу. Әрине, қалалық жерлердегі жас­тар да назарда, – деді «Super bol» жобасының бас менеджері Давид Лория.

Әрине, жоба алғаш рет ұйымдастырылғандықтан аз­ды-кем олқылықтардың орын алуы заңдылық. «Super bol» жобасының креативтік про­дюсері Айдын Қожахмет ал­дағы уақытта әлі талай өренге үлкен мүмкіндіктер бе­рі­летінін жеткізді. Көпшілік­тің күткені де сол. Ендеше, іске сәт!