09 Мамыр, 2014

Маңызды инфрақұрылымның межелі міндеттері

676 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
001-203Үкімет Ел экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететін инфрақұрылымның бірі – ел аумағындағы күрежолдар. Осы орайда транзиттік дәліздер мен республикалық маңызы бар жолдардың қазіргі жай-күйі мен ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы «Қазақавтожол» РМК-ның бас директоры Серік АҚТАНОВПЕН әңгімелескен едік. – Серік Қасымбекұлы, меке­меңіздің атқаратын негізгі жұ­мысы жайлы айтсаңыз? – Біздің негізгі міндетіміз – барлық республикалық маңызы бар жолдарда жыл бойы қауіпсіз және тоқтаусыз автокөлік қоз­ға­лысын қамтамасыз ету. Осы міндеттен біздің ең басты жұмы­сымыз келіп шығады, ол – жыл бойына республикалық жолдарда ағымдағы жөндеу мен күту жұмыстарын жүргізу. Жазда жолдың ой-шұңқырын, әртүрлі бұзылған жерін, жолда ойылған жарықшақтарды битумдау жұ­мыстары жүргізіледі. Екінші – жол белгілерін қою, айырбастау, жаңарту. Үшінші – жолдағы түр­лі су өткізетін көпірлердің екі жағында тұрған қауіпсіздік қал­қаншаларын бояу, одан кейін жол бойындағы су ағатын жерлер судан шайылған болса, соны қалпына келтіру. Асфальт жолдан басқа құм-тас төселген жолдар бар, сол жерлердің жалпы тегістігін сақтау, жолдың шөбін шабу, әртүрлі қоқыстардан тазалау, яғни жыл бойы күтіп ұстау біздің міндетіміз. Ал енді көктем уақытында, су тасқыны болып, қар еріген кезде жол бойында орналасқан көпірлер мен су ағатын құбырлардың суды дұрыс өткізуі үшін арнасын тазалау, су тасқыны кезінде тәулік бойы қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастырып, қауіп туған жағдайда соған арнайы қапшыққа толтырылған құм, тас дайындап, жолдың бетін су шайып кетпеудің алдын алу да маңызды. Көктайғақ кезінде жолдың қауіпті бұрылыстарында, жол қиылыстарында, жоғары-төмен түсетін бөліктерде көлік қозғалысы тұрып қалмау үшін 5% мөлшерінде тұз қосылған қоспаны жолға себу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Жазды күн­гі жұмыстардың бірі – жол үстіндегі қауіпсіздік жолағын жүргізу. Бізде республикалық маңыздағы 23 657 шақырым жол бар болса, соның ішінде 20 мың шақырымға қауіпсіздік жолағын жүргізіп өтеміз. Сол сияқты жолдың қауіпті жерлерінде, бұрылыстарда, жолдың жалпы құрылымы 2 метрден жоғары болған су құбырлары бар жерлерде белгі беретін бағаналар орнатамыз. Бұл жұмыстардың барлығы Жол қозғалысын ұйымдастыру қызметі деген бөлімімізде жасалатын жоспарға сай жүзеге асырылады. Дәл қазіргі күні біздің 14 облыстағы филиалдарымыз арқылы ой-шұңқыр жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жол жөндеу жұмыстарына 300-ден аса әртүрлі техника қатысуда. Биылғы жылға 976216 шаршы метр жолды жөндеу,14104 белгі беретін бағаналар орнату, 20089 шақырымға айырым жолағын жүргізу, көпірлерде 1614 қауіпсіздік қоршауларын ауыстыру мен орнату жоспарланған. – Көбінесе, әсіресе, қыс күн­дері жолдардағы қозғалыс шектелген кезде жолды ашу-жабу жұмыстарында төтенше жағдай қызметі  ақпарат  таратып, сіздің мекеменің жұмысы көрінбей жатады. Осының сыры неде? – Қай кезде болсын жолды ашу-жабу мәселесі еліміздің «Автомобиль жолдары туралы» заңының 18-бабында «Жол органы әкімшілік жол полициясы органдарымен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп: қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей апаттар, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабiлетiнiң жойылуы), сондай-ақ, жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде, бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарға хабар беріледі де, автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлiк құралдарының жүрiсiн шектеуге немесе тоқтатуға, Авто­мобиль жолдарын пайдалану қағидаларының сақталуын ба­қылауға құқылы», деп нақты ай­тылған. Кейбір кездерде төтен­ше жағдайлар құрылымдары өз бетінше шешім қабылдап жатады. Бұл дұрыс емес. Жолдың иесі бар, ол – жол органдары. Яғни, заң бойынша жол қозғалысын шектеу туралы шешімді үш орган – жол қызметі, әкімшілік жол полициясы және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдары ақылдаса отырып қабылдауы тиіс. Бұл үш мекеме де жыл бойы күндіз-түні диспетчерлік қызметті атқарып отырады. Осы қызмет бір-бірімен байланысып, ақпарат алмасып, жол бойында қозғалыс мүмкін болмаған жағдайда қозғалысты уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды. DSCN0561 – Жолдың бұзылуы неден болады? Неге біздің жолдарымызда ой-шұңқырлар көп? – Шұңқырдың пайда болу себебі, негізінен, біз соңғы 10-15 жылда жолдарға дер кезінде қа­рай алмадық, мемлекетіміз жа­ңадан қалыптасып жатты, әртүрлі құрылымдар болды, сонымен жол жөндеу жұмыстарына аса мән берілмеді. Әр жолда жөндеу жұ­мыстары жүргізілгеннен кейін келесі жөндеуге дейін өзінің мер­зімі, уақыты болады. Жолдың техникалық жағдайына байланыс­ты орташа жөндеу жүргізілгеннен кейін 3-4 жылдан соң сол жер қай­та жөнделіп отыру керек. Ал енді 10-15 жыл жөндеу көр­ме­ген соң жолдың тозығы жетіп, ой-шұң­қырлар пайда болады. Негі­зінен жолда шұңқыр деген болмау керек. Әр жол бөлігі мер­зімі келген уақытта жоспар бойынша орта жөндеуден, күрделі жөндеуден өтіп отыруы керек. – Жол жөндеу жұмыстарында қандай инновациялық-жаңа­шылдық әдістер қолданылуда? – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз», деп магистральды көлік жолдарының маңызын айрықша атап өткен болатын. Сондықтан да, Елбасының Жолдауы бойынша, біздің негізгі мақсатымыз – республикамыздан өтетін барлық транзиттік жолдарда жүк тасымалының жыл бойғы қозғалысын қамтамасыз ету, дер кезінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқарып отыру. Ал енді жаңа технологияға келетін болсақ, қазір біз соңғы екі жылдан бері Шығыс Қазақстанда пай­даланып жүрген әдіс бар. Ол әдіс – ауаның қатты қысымымен үрлеу арқылы битум құрамдас эмульсиялық қоспаны үрлеп, бүрку арқылы жамау. Бұл кезде ұсақ қиыршық тас 5-10 мм-ден аспауы керек. Осы сұйықтық пен ұсақ қиыршық тасты кезек бүрку арқылы ой-шұңқырлар жамалады. Биылғы жылы осы әдісті қолдануды жолға қою үшін Ақмола облысына жаңа тех­ника сатып алып жатырмыз. Ол техниканың бір ерекшелігі – «КамАЗ» автокөлігінің базасына орнатылған техника жазда жол жөндеуге пайдаланылса, қысты күні қар тазалап, құм себеді. Бұл жаңашыл әдіс жақсы нәтиже беретін болса, бірте-бірте барлық жолдарымызды жөндеуге қолданамыз. DSCN0565 – Жұмыстарыңызда түйіні шешілмей отырған түйткілді мәселе не? – Жолды бір компания салады. Ал оны ағымдық пайдалануда бір мекеме тұрақты жұмыс істесе, сол жолдың қыр-сырын біледі. Қай жерден су келетінін, жолдың қай жерін қанша уақытта жөндеу керек екенін білетін болады. Бір мекеменің тұрақты жұмыс істеуінің жолды күтіп ұстауда, оның төзімділігін арттыруда, жанашырлықпен қарауда маңызы зор. Бұл тәжірибе көптеген дамыған елдерде сақталған. Біздегі ең басты түйткілді мәселе – кадр мәселесі. Біздің жұмысшыларымыздың 60%-дан астамы мекемеде 15-20 жылдан артық жұмыс істеп келе жатқандар. Қазіргі таңда жастардың осы жол саласына оқуға келуі, маман болып шығуы аз. Жас мамандар жеткіліксіз болып отыр. Әсіресе, жол саласының инженер мамандары жетіспейді. Соңғы бір-екі жылда Елбасының тапсырмаларына сәйкес, мемлекеттің жол салу, жол жөндеу жұмыстарына мән беруінің арқасында жас кадр­лар дайындау мәселесі енді-енді оңтайланып келеді. Екінші бір жағдай, біздің техникалық жабдықталуымыз. Әрине, Үкімет пен Көлік және коммуникациялар министрлігі жыл сайын бізге көмектесіп отыр. Дегенмен де, қыс мезгілдерінде қар тазалап, жол ашатын техникалардың бізде саны болғанымен, қызмет ету мерзімі ұзарып кеткен, ескірген. Көп техникамыздың қолдану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Мұндағы бір қиындық, жыл өткен сайын ескі техниканың сынуы көбейіп, құрал-сайманға көп қаражат шығын болады. Сондықтан, мемлекеттік мекеме болғандықтан, біздің техникалық жарақталуымызға көп көңіл бөлінуі керек деп есептеймін. Енді бір айтайын дегенім, мемлекеттік мекеменің қажеттілігінің ең басты алғышарты – біздің жолдарымыздың барлығы дерлік стратегиялық маңызы бар транзиттік жолдар. Бұл жолдарды жекеменшікке беруге болмайды. Біздің мекеменің еліміздің 14 облысында филиалдары бар. Мысалы үшін өткен қыста Ақтөбе облысында қар қалың түсіп, жол қозғалысында қиындық туған кезде біз көршілес 5-6 облыс­тан техникаларымызды сонда жі­бердік. Дәл осылай, қай кезде болмасын, кез келген облысқа дер кезінде көмекке бара аламыз. Мәселен, қысы қалың Швеция, Канада секілді мемлекеттерде дәл біздікіндей, жол тазалау, жөндеу жұмыстарын мемлекеттік-муниципиалдық мекемелер жүр­­гізеді. Бұл өте дұрыс шешім. Се­бебі, күрежолдың стратегиялық та, экономикалық та маңызы өте зор. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».