Білім • 21 Тамыз, 2022

Балалар көрші ауылдың мектебінде оқуы мүмкін

717 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күрделі жөндеудің мәселесі күрделене түсті. 140 оқушысы бар Қарақат ауылындағы мектептің 5-11 сынып аралығындағы 85 оқушысы жаңа оқу жылын көрші Абай ауылында бастаса, 1-4 сыныптағы қалған балалар елді мекендегі мәдениет үйінде уақытша оқымақ. Себебі ауыл мектебіндегі күрделі жұмыс әлі бітпеген. Ғимараттың төбесі ашылып, іші шашылып жатыр.

Балалар көрші ауылдың мектебінде оқуы мүмкін

«Ауыл балалары жаңа оқу жылын басқа ауылда бастамақ. Біз­дікінен де кіші ауылда жаңа мектеп салған билік тоз-тозы шық­қан Қарақаттағы мектеп мәселесін күрделі жөндеумен шешіп отыр. Ал бізге керегі жаңа мектеп қой», деп хабарласқан ауыл жұрты­ның арзуын тыңдау үшін арнайы бардық.

Тұрар Рысқұлов ауданының орталағы Құлан ауылының тұ­сында тұрған Қарақат ауылы күре жолдың бойынан тыс жат­қан соң ба, жұрттың назарына ілі­ге бермейді. Содан да болар, ша­ғын ауылда үлкен мәселе бар деп ойламаппыз. Жұрт дүр­лік­кенін естіген жергілікті атқа­рушы билік Құлан ауылының әкімі Еркін Сейітжапаровты, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самыл­тыровты Қарақатқа жіберді. Бар­сақ, біз іздеген адамдар да, мамандар да осында жүр екен. Алдымен тұрғындардың базынасын тыңдадық.

«Ауыл бойынша мақтаныш­пен айтатын жалғыз ғимараты­мыз осы мектеп еді. Сол мектебіміз­дің қазіргі жағдайы алаңдатпай қоймайды. Көріп тұрсыз ғой. Алпыс жылдай уақыт бұрын бұл мек­тепті салған адамдар­дың қазір көзі жоқ. Күрделі жөн­деу жұмыста­ры басталған кезде бә­рін көрдім. Ке­йін келсем, ішіне тас төгіп жатыр екен. Осылай­ша, іргетас болған, болмағанын тү­сінбей де қалдық. Бір күні кел­сем мұның төбесін жауып жатыр. Мауэрлатын (көлбеу ағаш итарқаларға тірек болатын және ғимарат төбесінен түсетін сал­мақты бөліп көтеруге арналған білеу. Тас қабырғалардың ішкі жоғарғы кесілген тұсында орналасады) айтпай-ақ қояйын. Ал жұмыс сапасыз жүргізілген соң жел тұрса, шатыры ұшады. Сонда мектептің жағдайы не болады? Мұны қандай фирма істеп жатыр? Осы мектепке күрделі жұмыс жүргізіледі деген кезде арнайы келгенмін. Сол кезде: «Әй, жігіттер, бұған тиіс­пеңдер. Реті келсе, мектеп салып беріңдер. Мұны балабақша ретінде ғана пайдалануға болады» деген едім. Ешкім тыңдамады. Әйтіп-бүй­тіп бітіре жатар. Ол жағы бел­­гілі ғой. Бірақ тозған қабырға қашанға дейін шыдайды екен? Бұрынғылар қалай салыпты деп әдейі көргенмін. Іргетастың астында тас та жоқ-ау. Жерге кіріп кеткен. Мектепте асхана жоқ, спорт­зал жоқ. Мұғалімдерді айыптай алмаймыз. Осы мектептен шыққан небір ғалымдар бар. Мына мектеп­ті қазір көрсем жылағым келеді. Біздің ауыл қашан көгереді? Осы мәселені біржақты шешетін адам бар ма?», дейді ауыл тұрғыны, кейуана Мейрамкүл Оразбаева.

Мейрамкүл Оразбаеваның уәжінен кейін мәселенің мәнісін білуге тырыстық. Күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алған бас мергідер – «ЕрК Астана» ЖШС екен. Жұмыс басында жүрген бө­лімше басшысынан жұмыстың неге уақтылы бітпегенін, кейуана айтқан мәселелердің қаншалықты рас екенін сұрамақ болдық. Бірақ ол жауап беру түгілі аты-жөнін айтудан бас тартты.

– Жұмыс неге межеленген уақытта бітпей жатыр?

– Ештеңе айта алмаймын мен са­ған. Мен жауап беруім керек пе?

– Күрделі жөндеу жұмысына жауапты болған соң жауап бері­ңіз керек емес пе?

– Жоқ.

– Аты-жөніңізді айтсаңыз...

– Айта алмаймын мен.

-Қалай айта алмайсыз?

– Не үшін айтуым керек?

Диалогымыз осылай жалға­сып жатқан кезде жауапты маман: «Бауырым, өшіре салсай» деді диктафонды нұсқап. Содан соң: «Мен заң бойынша алдыңда «по любому» жауап беруім керек пе?» деді ол тағы да өз ойын айтып. Атын айтудан бас тартқан маманға бюджеттен бөлінген 107 млн теңгеге жүргізіліп жат­қан жұмыстың сұрауы болатынын түсіндіріп бақтық. «Қашан бітеді?» деп сұрағанымызда: «Бі­­­теді, Құдай қаласа» деді сел­қос қана. Осы сәтте күрделі жөн­­деу жұмысы жүріп жатқан мек­теп­ке келген халық сөзге ара­ласты. Солардың сұрауынан кейін жауапты маманымыздың аты Елнар, өзі бөлімше басшысы екенін білдік. Әйтеуір со­ңында 31 тамызға дейін жұ­мыс­ты аяқтайтынын айтты. Алай­да шатыры жабылмаған, іші айра-жайра болып жатқан бі­лім ордасындағы жұмыс меже­лі уақытта аяқталатынына күмән­мен қарайтындар көп.

Енді мектеп алдындағы төл­құжатқа зер сал­сақ. Мұнда жұмыс күрделі жөндеу жұмыс­тары 10 тамыз күні аяқталады деп көр­сетіліпті. Ал бүгін...

«Күрделі жөндеу жұмыста­ры еліміздегі конституциялық ре­формаға байланысты өткен жал­пы­халықтық референдум біт­кен­­нен кейін басталған болатын. Негі­зі жұмысты 20 тамызда аяқтауға тиіс еді. Облыстық бюджеттен 107 млн 753 мың тең­ге бөлінген. Бас мердігердің өкі­лі осында жүр. Қоғамдық бақы­лаушылар бар. Біз де жұмыс істеп жатырмыз. Алайда жұмыс межелі мерзімінде аяқталмай кеші­гуде. Бүгінде онлайн оқытуға рұқсат жоқ. Сол себепті ­бастауыш сыныптағы 55 оқушыны ауыл­­дық мәдениет үйінің ғима­ра­тында оқыта тұрамыз. Қалған 85 оқу­шыны автобуспен тасы­малдау арқылы көрші Абай ауы­лындағы мектепте оқытамыз. Бір ай ішінде мәселе шешімін таба­тын шығар деп отырмыз», дей­ді аудандық білім бөлімінің сек­тор меңгерушісі Бауыржан Са­мыл­тыров жағдайды түсін­діріп.

Осы сәтте білім бөлімінің сек­тор меңгеру­шісінен ауыл тұр­ғындары талап етіп отырған жаңа мектепті салу қаншалықты мүм­кін екенін сұрадық. «Ауылдың демографиялық өсімі сәйкес кел­мейді. Дегенмен 2024 жылы жапсарлас құры­лыс есебінен спорт­зал, мәжіліс залы, 9 пән кабинеті, асхана, ұлдар және қыздар шеберханасы мәселесі шешімін таппақ», деді Б.Самылтыров.

Білім бөлімі өкілінің сөзін тың­даған халық тағы да шу ете түсті. «Біздің ауылдан кіші елді мекендерде мектеп салынып жатыр. Демография дегендерің бос сөз» деді жұртшылық ашы­нып. Ал Бауыржан Самыл­ты­ров­тың айтуынша, халқы аз деген ауылдардағы мектеп­тер апат­тық жағдайда болғандықтан жаңа білім ордасы бой көтерген. Тиі­сінше Қарақаттағы мектеп апатты жағдайдағы ғима­рат­тардың санатына қосылмаған екен. Уақы­тында сарапшылар сон­дай шешім қабылдаған.

Иә, біз барған күні Қарақат­тағы мектептің маңында барлық маман жүр екен. Мердігер серіктестік­тің өкілінен басқа еш­кім мәселені түсіндіруден бас тарт­қан жоқ.

«Атқарылған жұмыстардың бір парасы жоба­лық-сметалық құжатта көрсетілгендей болмай тұр. Сол себепті ғимараттың шатыр жағындағы жұмысты тоқ­татып тастадым. Жоба­да көр­сетілгендей «парапед» жоқ. Сапа көңіл кө­ншітпейді. Жаңа ғана бір маман келіп кетті. Ол кісі де тура мен айтқан мәселені барынша батырып тұрып жет­кізді. Басқа айтарым жоқ. Сол жұмыстар­ды бұзып қайтадан жасайды», дей­ді техникалық тексеруші маман Марат Жазықов.

Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаровтың айтуынша, Қарақат ауылында 1 100 халық тұрады. Мыңнан астам халқы бар ауылдағы ағайын осылайша мектеп мәселесіне бас ауыртып отыр.

Бір қызығы, мектеп алдын­дағы төлқұжатта күрделі жөндеу жұмыстары 10 тамыз күні аяқта­лады деп көрсетілсе, білім бөлі­мінің маманы 20 тамыз деді. Ал өзін Елнар деп таныстырған бө­лімше басшысы 31 тамызға де­йін уақыты бар екенін айтты. Қыс­қасы, мұндағы құрылысты 31 та­мызға дейін аяқтауға пәрмен бе­ріл­генін түсіндік. Әйткенмен, бі­л­ім бөліміндегілердің қазірден қам­дануына қарағанда, күрделі жөндеу жұмыстары тағы да бір айға кешігетін секілді. Біз 31 та­мыз күні тағы да барып, мек­теп­тің мәселесімен танысатын боламыз. Өйткені 31 тамыз күні жұмыс аяқталады дегенді өз құла­ғымызбен естідік...

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы