Саясат • 21 Тамыз, 2022

Мылтықсыз майдан

11848 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпараттық шабуыл, гибридтік соғыс деп аталатын мылтықсыз майданда манипуляция жасау, жұртшылықты шатас­тыру, шындықты бүркемелеу, жала жабу, сенімсіздік ұялату үшін көптеген fake, яки жалған ақпарат таратады. Біз бұны қаңтар оқиғасында көрдік.

COVID-19 пандемиясымен бірге интернетке деген сұраныстың арта түскені белгілі. «We are social» компаниясы 2022 жылдың қаңтар айында келтірген деректерге сүйенсек, әлемде 5,31 млрд адам ұялы телефон қолданады екен. Ал интернет қолданушылар саны 4,95 млрд-қа жеткен. Соңғы бір жылда интернет пайдаланушылар саны 192 млн-ға өскен. 2022 жылдың қаңтарында әлемдегі әлеуметтік желі пайдаланушылары саны 4,62 млрд болған. Осы статистикаға жүгінсек, әлем халқының жартысынан астамы телефонға телміріп, желіге байланған болып шығады. Егер 2012 жылы әлемде әлеуметтік желі қолданушылар саны 1,5 млрд-қа тең болса, ол он жылда үш есеге артқан. Мәселен, 2021 жылы ғана 424 млн адам жаңа аккаунт ашып, тіркелген. Бұл күніне орта есеппен 1 млн-нан астам жаңа пайдаланушыға тең екен. Әрине, зерттеу қорытындысының қаңтар айында жарияланғанын ескерсек, одан бері бұл көрсеткіштердің еселеп өсе түскені анық.

Десе де, тағы да осы зерттеуге сүйенсек, әлемде жиі қолданылатын әлеуметтік желілер көшін 3 млрд-қа жуық пайдаланушысы бар Facebook бастап тұр екен. Ашық пікірталас алаңы іспетті Facebook-тің қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызы зор. Ал YouTube қолданушылар саны 2,5 млрд-тан асады. Украина-Ресей қақтығысы басталғалы бері бұл сан анағұрлым өсе түскен сияқты. Интернет пайдаланушылардың 14,8 пайызы Instagram-ды таңдайтын көрінеді. Көпшілік хабар алмасу құралы ретінде пайдаланатын WhatsApp қазір белсенді әлеуметтік желі қызметін атқаруда. Саясаткерлер мен танымал тұлғалар жиі пайдаланатын Twitter желісі журналистер үшін де ыңғайлы. Ал 2021 жылы ең көп жүктелген мобильді қосымша болған TikTok-ты млрд-тан астам адам қарайды екен. Соңғы деректер TikTok соңғы 3 айда күн сайын орта есеппен 650 мыңнан астам жаңа пайдаланушыны қосып отырғанын көрсетеді, бұл секунд са­йын шамамен 8 жаңа пайдаланушыға тең деген сөз. Сондықтан жастар жиі қарайтын бұл желі алдыңғы қатарға шықты.

Интернет пайдаланушылардың санымен бірге оған бөлінетін уақыттың арта түскені де белгілі. Осы зерттеу бойынша, орташа есеппен жеті сағатқа жуық уақытымызды интернетке арнайды екенбіз. Мәселен, жалпы 16-64 жас аралығындағы интернет пайдаланушылар орта есеппен интернетте 6 сағат 58 минут, соның ішін­де әлеуметтік желіде 2 сағат 27 минут, кез кел­ген құрылғыда БАҚ қарау мен жаңалықтарды оқу­ға 2 сағаттан астам уақыт жұмсайды екен. 2021 жылдың деректері бойынша 16-64 жас аралы­ғындағы интернет пайдаланушылардың 63%-ы ин­тернетті негізінен ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін пайдаланған. Осылайша, интер­неттегі жаңалықтар мен визуалды контент ақпаратты қабылдаудың негізгі арнасына айналды.

Мұның жақсы жақтары көп екені айтпаса да түсінікті. Жылдам хабар аласыз, оған өзіңіздің пікіріңізді де жазуға мүмкіндігіңіз бар. Оқырманның талғамына, заманның талабына басымдық беретін басылымдардың желіге жүгінетіні сондықтан. Десек те, қолына смартфон ұстаған кез келген адам ақпарат таратушыға айналған, сондықтан желі кейде желөкпенің сөзіне, желіктің көзіне көрік басқан мұндай кезеңде талғамсыз тараған хабарды елейтін елек болмағандықтан, шын мен жалғанның, рас сөз бен жаланың, өсек пен өтіріктің араласып кететіні белгілі. Көрінгісі, арзан атақ жинағысы келген әлдекім жаңылыс естігенін яки жаласын жалпақ дүниеге жария­лап, әлеуметтік желіге салады; жедел жеткен ол ақпарат негізсіз, суреті ескі болуы әбден мүмкін. Тексерілмеген сурет, анықталмаған, салыстырылып, сарапқа салынбаған, сенімге селкеу түсіретін жалған ақпарат, дерек, дәйегі жоқ дабыра дабыл жұртты шатастырады. Қазақстан Президенті Ұлттық Құрылтайда «жауапсыз блогерлер» деп осыны меңзесе керек. Расталмаған, дереккөздерге сілтеме жасалмаған, эмоцияға толы жантүршігерлік видео-суреттермен қоса берілген, кейде біреудің арына тиетін, жеке басқа, ірі компанияға, тіпті мемлекетке жала жабылған алдамшы ақпараттар адамды адастырады. Мұны әдейі жасаған, таратқан яки білместікпен бөліскен жандар көбіне заң бұзғанын, адамның құқына қол сұққанын сезінбейді. Кейде ақпараттық шабуылдар мемлекеттер арасындағы гибридтік соғысқа ұласып кететінін де көріп жүрміз.

Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздік­тің маңызды бөлшегі деп қарастырсақ, бұл бағытта арнайы заң шығару қажет-ақ. АҚШ-та, Алманияда, Францияда, Еуроодақта цифр­лы қызметтер туралы арнайы заң бар екенін ескерсек, елімізде неге қабылдамасқа? Әйт­песе ақпараттық технологияның жойқын толқы­нымен бетпе-бет қалған, кибербуллингке ұшы­раған қорғансыз тұтынушының обалы кімге?