09 Мамыр, 2014

Кеңес Одағының Батыры атағы туралы не білеміз?

4232 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Без имени-1Кеңес Одағының Батыры – КСРО-да соғыс кезінде жасаған көзсіз ерлігі немесе айрықша еңбегі үшін берілетін ең жоғары құрметті атақ. Ол бейбіт жағдайда өте сирек, аса ерекше ерлік жасағаны үшін ғана беріледі. Бұл атақты КСРО-ның Орталық Атқару комитеті (ОАК) 1934 жылдың 16 сәуірінде тағайындаған. Алдымен оны грамотаға жазып, қолға беретін болған. Одан, 1936 жылғы 29 шілдедегі қаулы бойынша атаққа қоса Ленин ордені берілетін болды. Бұл орден Кеңес Одағының Батыры атағы шыққанға дейін елдегі ең жоғары награда ретінде берілетін. Ол адамның сол жақ кеудесінде, басқа ордендердің бәрінен бірінші тұрады. Ленин ордені 1930 жылдың сәуір айынан бастап беріле бастаған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1939 жылғы Жарлығымен Батыр атағын алғандарға кеудеге тағатын «Алтын медаль» қоса берілетін болды. Оның авторы атақты архитектор Мирон Мержанов еді. Ал Социалистік Еңбек Ері атағы Батыр атағынан төрт жыл кейін, 1938 жылы ғана белгі­ленген. Бұл – мәртебесі бойынша Батырдан кейінгі екінші орында тұратын атақ. Кеңес Одағының Батыры атағын ең бірінші болып 11 ұшқыш алды. Қазіргі кезде олар­дың есімдері ұмытылуға да жақын, ал Кеңес Одағының кезінде олардың аттарын әлсін-әлсін жаңғыртып, еске түсіріп қоятын. Ересек адамдар болмаса, жастар мүлде білмейтін олардың кім екенін де айта кетелік. Бұл 11 ұшқыштың бәрі де Солтүстік теңіз жолымен жү­зіп, мұз құрсауында қалған «Челю­скин» кемесінің адамдарын құтқарған. Аталған кеме Кеңес Одағының тапсырысымен Данияда жасалған, ол кезде КСРО мұндай алып кемелерді өзі жасай алмаған. Ол өз заманының озық техникаларымен жарақталған алдыңғы қатарлы кемелердің бірі саналған. Су сыйымдылығы 7,5 мың тоннаны құраған. 1933 жылдың 2 тамызында осы «Челюскин» кемесі бор­тына 112 адамды мінгізіп алып, Солтүстік теңіз жолымен Мурманскіден Владивостокқа бет алады. 23 қыркүйекте кеме Чукот теңізіндегі мұздардың құр­сауында қалады. Алайда, ке­ме мұзжарғыш құралдарының кө­мегімен қараша айында Беринг бұғазына жетеді. Бірақ таза суға жетуге шамалы қалғанда үлкен-үлкен сең ағыстары соғып, кеме 1934 жылдың 13 ақпанында екі сағаттың ішінде қирайды. Әй­теуір, бір-ақ адам шығыны болып, қалған жұрт кемеден шығып, мұзға түседі. 8-бет-2 Телеграфпен жеткен хабарды алған соң өкімет мұз үстінде қалған жандарды құтқаруға арнайы авиацияны жібереді. Ол кездегі авиация да әлсіз ғой, соның өзінде мұз үстіне қалашық тігіп, балық аулап тірлік қылып жатқандарды көз қарықтырар аппақ қарда, әрі боран соғып тұрған жағдайға қарамай 5 наурыз күні ең алғашқы болып Анатолий Ляпидевский деген ұшқыш тауып, жандарына қонады. Сөйтіп, өзінің АНТ-4 ұшағының бортына 10 әйел мен екі баланы мінгізіп, аман-есен базаға жеткізеді. Екінші құтқарушылар мұз үстіндегі челюскиншілерге тек бір айдан кейін, 7 сәуірде ғана жете алады. Бұл жолы Василий Молоков, Николай Каманин, Михаил Водопьянов, Маврикий Слепнев, Иван Доронин және т.б. 13 сәуірге дейін 24 рейс жасап, қалған адамдарды құтқарады. Міне, осы операцияға қатысқан 11 ұшқыштың бәріне Батыр атағы берілген. Жалпы, Кеңес Одағының Батыры атағының өзі де осы ұшқыштардың ерлігін айрықша бағалау үшін Сталиннің ойлап тапқаны. Оны ОАК 16 сәуірде тағайындаған, ал 20 сәуірде ал­ғашқы болып А.Ляпидовскийге береді. Ең бірінші болып Батыр атағын алған Анатолий Ляпидевский 1908 жылы туып, Ұлы Отан соғы­сына да қатысып, 1983 жылы 75 жасында өмірден өткен. Авиацияның генерал-майоры атағын алған. Дегенмен, оның есімі Каманин, Водопьянов, т.б. секілді атақты болған жоқ. Өзі Кремльдің қабырғасына да емес, «Новодевичье» қорымына жерленген. Кеңестік насихат құралда­рының барлық күш-қуаты осынау ұшқыштардың ерліктерін дәріптеуге жұмылдырылып, бала атаулының бәрінің аузында бір кезде олардың есімдері жүрген. Олар туралы жазылған, түсірілген, шығарылған өнер туындыларында есеп жоқ. Бұл үрдістен қазақ ақын-жазушылары да шет қалмаған. Соның ішінде ақын Ғали Ормановтың челюскиншілерге арналған «Алынған қамал» атты поэмасы бар. Кеңес Одағының Батыры атағын алғандарға толып жатқан жеңілдіктер жасалған, соның ішінде кезектен тыс автомобиль сияқты сол кездегі аса қат дү­ниелер сатылған. Ал 1967 жылы арнайы Жарлықпен оларға жаса­латын жеңілдіктер тізімі белгі­ленген. Екі рет Батыр атағын алған адамдарға туған жерінде қоладан бюст орнатылған. Кеңес Одағының Батыры ата­ғын қазақ арасынан тұңғыш алғандар 28 панфиловшылар қатарына енген Нарсұтбай Ес­болатов, Әлікбай Қосаев, Әлиас­қар Қожабергенов, Мұсабек Сеңгірбаев. Бұл төртеуіне Ба­тыр атағы қалған 24-пен бірге 1942 жылдың 21 шілдесіндегі Жарлықпен берілген. Ал Бауыржан Момышұлы Батыр атағына бұлардан бұрын ұсынылған. Бірақ оған Батыр атағы берілген жоқ. Оның алдында генерал И.Панфилов ұсынған Ленин ордені де берілмеген. Мәскеуді қорғауда ғажайып ер­ліктер жасаған, сонымен бірге, соғыс кезінде соғыс туралы жазылған ең үздік кітаптың қа­һарманы, қазақ ұлы Бауыржан Момышұлының атағы аспандап кетуінен сол кездегі басшылар қорыққан болса керек. Бауыржан Момышұлы Батыр атағын тек еліміз тәуелсіздік аларының қарсаңында, 1990 жылдың 11 желтоқсанында алғанын білеміз. «Егеменнің» 2011 жылғы 5 мамырдағы нөмірінде жазушы Пернебай Дүйсенбин қа­зақ арасынан Батыр атағын ал­ғандардың толық санын жариялады. Жақын шет елдерде туып, сол елдердің әскери комиссариаттары арқылы майданға алынғандарды есептегенде олар­дың саны 103 болып шықты. Бұлар­дан басқа қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Ауғанстан соғысының қаһарманы Қайырболат Майданов та бейбіт жылдарда Батыр атағын алған. Ал ұшқыш Бақтыораз Бесікбаевтың (Бейсекбаев) ерлігі КСРО тарап кеткеннен кейін белгілі болып, оған тек Ресей Федерациясының Батыры атағы берілген. Осы деректердің бәрін Пернекең өзінің аталмыш мақаласында егжей-тегжейлі көрсеткен. Кеңес Одағының Батыры ата­ғын алғандардың 92 пайыздық үлесі Ұлы Отан соғысы жылдарына тиеді. Бұл атақты майдандағы ерліктері үшін барлығы 11 мың 657 адам алған. Соның ішінде 3051-іне қаза болғаннан кейін берілген. Осы батырлардың 90-ы әйел, олардың да 49-ына қаза болған соң берілген. Соның ішінде Әлия мен Мәншүк апаларымыз бар. Ұлттық үлестерге шақсақ, Батыр атағын ең көп алғандар орыс халқының өкілдері – 8160 адам. Одан кейін украиндар – 2069, белорустар – 309, татарлар – 161, еврейлер – 131, әзербайжандар – 97, грузиндер – 90 және т.б. Батыр атағын алғандар арасында Ұлы Отан соғысында немістерге астыртын дем берді деген айыппен депортацияға ұшыраған халықтардың да ұлдары бар. Мәселен, 8 – чешен, 8 – месхет түріктері, 6 – құмық, 6 – қырым татары және т.б. Соғыс жылдарында Батыр атағы 14 шетелдіктерге де беріл­ген. Соның ішінде 4-уі француздың «Нормандия-Неман» авиаполкінің ұшқыштары. Кеңес Одағының Батыры атағын Ауғанстан соғысына қа­тысқан 85 жауынгер алған. Соның ішін­де 28-іне қаза тапқаннан кейін берілген. Осы Ауғанстан соғысына қатыс­қандарға, ғарышкерлерге және т.б. берілгендерді қоса есептегенде, Кеңес Одағының Баты­ры атағы КСРО тарап кеткенше барлығы 12 776 адамға бұйырыпты. Осының ішінде екі рет алғандар саны 154 адам. Біздің Талғат Бигелдинов ағамыз осы санға енеді. Үш рет алғандар саны – 3, төрт рет алғандар саны – 2. Хрущев пен Брежневтің тұсында бұл аса құрметті атақ кей жағдайларда ойыншыққа айналып кете жаз­дағаны бар. Мысалы, Азамат соғысында атақты болғанымен, Ұлы Отан соғысында ешқандай ерлік көрсете алмай, есімі, ке­рісінше, жаман атымен қалған маршал С.Буденныйға бұл атақ соғыстан кейін үш рет берілген. Оның Ұлы Отан соғысындағы ең үлкен «ерлігі» ретінде есте қалғаны – өз бұйрығымен Дне­прогэсті жарғаны. Осының кесірінен немістер ғана емес, он мыңдаған кеңес адамдары мен жүз мың­даған мал су астында қалған. Бір сағаттың ішінде Запорожьенің өнеркәсіптік қорларын түгелімен су жұтып, елге ұлан-асыр шы­ғын келтірілген. Міне, осы қол­басшыға Хрущев – 75, сосын 80 жасқа толғанына орай, одан қалмаған Брежнев 85 жасқа толғанына орай Батыр атағын бере салған... Сондай-ақ, атақ беруге «жомарт» болған Хрущев пен Брежнев атақтың мәртебесіне қарамай оны шетелдік өкімет бас­шыларына да бере берген. Брежнев өзіне қатысты да жо­март­тық танытып, Алтын ме­даль­дің төртеуін кеудесіне қадады. 1991 жылғы Тамыз төң­керісінде Мәскеуде ерлік­пен қа­за тапқан Д.Комарь, И.Кри­­­чевский және В.Усов – үше­уіне бұл атақ М.Горбачевтің қолы­мен берілді. Бір қызық оқиға. Кеңес Ода­ғының Батыры атағы суға ұзақ мерзімдік сүңгу бойынша ерлік көрсеткен 3 рангалы капитан Леонид Солодковқа 1991 жылдың 24 желтоқсанында ең соңғы болып берілді. Оған медаль мен орденді ТМД-ның сол кездегі қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы маршал Е.Шапошников тапсырды. Сонда Л.Солодков әдеттегі «Кеңес Одағына қызмет етеміннің» орнына тек «рахмет» деп қана қысқа қайырған. Өйткені, бұл кезде КСРО тарап кеткен еді. Міне, Кеңес Одағының Батыры атағының қысқаша айтқандағы тарихы осындай. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».