Өнер • 22 Тамыз, 2022

Тоңазыған таң

1136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абсурд. Бұлыңғыр тартқан дүниеде арманыңның діңкесі құрығанда құшағына қысар қайсыңыз бар? Қара көңілдің көлеңкесі де қара… дәл солай өмірдің де өзегі талған, үміт өзеу­рейді, сенім ұйқыда. Адам бар ғұмырын қарын тойғызумен ғана өткізеді екен ғой… әйтпесе, қазақтың таңда малды өріске ай­дап салып, ымырт үйіріле төбе басына таяқ алып шығатыны несі!?

Тоңазыған таң

Бірден айта кету керек, ке­нептің ескіргені сонша, тіпті фотосуретте бояудың аздап тоз­ға­нын, кейбір жерлерінің кетіл­генін аңдауға болады. Сондықтан композицияда не болып жатқанын бағдарлау көрерменге оңайға соқпайды. Әйтсе де, картинада ауыз толтырып айтар ештеңе жоқ. Тек күйбең өмірдің көз шырымын алған сәті ғана сығалайды. Қоңыр тіршілік, қожайынның қабағына қараған қолбала қызметкерлер… Бұл француз суретшісі Камиль Короның «Таң» атты картинасы.

Бақсаңыз, қалың орман ішінен үйді бірден көру мүмкін емес, қою түстер арасында әрбір деталь кейіннен менмұндалайды. Қураған ағаштардың арғы бетінде мұнартып тұрған үй автордың идеясын жаңғыртып тұр. Ал ал­дыңғы қатардағы кенептің дәл ортасында орналасқан екі фигура не істеп жатыр? Не таңғы ас ішіп отыр, не отын аралауда. Әртүрлі ойға шомасыз.

Бұл біздің болжам ғана, бірақ екі нұсқа да шынайы болуы мүмкін. Композицияның ортасына сызылған үлкен бөрене үстел ретінде де, аралауға арналған материал ретінде де маңызды рөл атқара алады. Оның үстіне, адам іздері бізге кесілген бөренелер түрінде көрінеді.

Мұнда адамның таңғы көңіл күйі сондай нәзік, сондай дәл бейнеленген. Аспан әлі көгілдір емес, бірақ сүтті сұр. Алыстағы аймақ қара тұман. Тек алдыңғы қатардағы ағаштардың ығы бізге жылдың қай мезгілінде еке­ні­мізді білуге мүмкіндік береді. Ойымызға алдымен күз келеді, көктем де болуы мүмкін. Өйткені алдыда тұрған жас ағаш енді ғана түс ала бастаған сияқты және оның өз тәжі бар.

Кенеп қиялға орын береді және ең бастысы – ойланбай әре­кет ету. Әйтпесе, автордың ойы­­на да келмеген нәрсені өзіңіз үшін ойлап табуға болады. Тіпті су­реткер үшін орман ойланып тұр­­­ғандай. Ал біздің ойымызға жо­ғарыдағы мәтіндер келді.