Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Қызбел мектебі жүз жылдық тойын атап өтті

534 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Керім Қызбел! Романға арқау болған алғаусыз сезім мен мөлдір махаббаттың мекені. Алашқа аяулы Міржақыптай алып тұлғаны тудырған, ұлт руханияты мен ғылым саласында орны бөлек талай текті ұлдар түлеп ұшқан алтын ұя. Осыдан дәл жүз жыл бұрын өткені өнегеге толы Қызбел мектебі ашылыпты. Ғасырлық белесін бағындырған білім ордасының мерейтойында алды жетпісті еңсерген, соңы кеше ғана мектеп бітірген 54 сыныптың түлектері бас қосты.

Қызбел мектебі жүз жылдық тойын атап өтті

Сәбит Мұқановтың әйгілі шығармасында суреттелетін сүйіс­пеншілік оқиғасы осы Қызбелдің төңірегінде өрбиді. Жүректерін алақанға салып, аңсар-сағынышын арқалап алыс-жақыннан алып-ұшып жеткен Қызбелдің қыз-жігіттерін көрген адам романға эпиграф болған «Туған жер, еш нәрсе жоқ сенен ыстық, себебі сенде туып, сенен ұштық» деген екі жол өлеңді шығарған ақын да осы ауылдың перзенті шығар деген ой түйері анық. 

Осыдан біраз уақыт бұрын Қызбелде туған азаматтар қосы­лып, ортақ қаржы жинап, ауылдың кіреберісіне «Қызбел» визит-нышанын, балалар спорт алаңын, дала сахнасын, «Тәуелсіздік» сая­бағын салып, Міржақып Дулат­ұлына ескерткіш орнатқан. Мек­тептің мерейтойы барысында солардың қатарына «Қызбел» той­ханасы қосылды.  Оны ауыл тұр­ғындарына Бейімбет Майлин ауданында тұратын кәсіпкер Бақ­берген Өтеулин сыйға тартты.

Қызбел мектебі Арал бастауы­ш мектебі деген атаумен 1922 жылы ашылды. Білім ошағының негізін қалаған алғашқы ұстаз Садуақас Қосекейұлы Жақанин әу баста 26 баланы оқытыпты. Ол жолы қабылданған шәкірттердің бәрі ер балалар еді. Мектеп киіз үйде ұйымдастырылып, балалар жерге төселген киіздің үстінде отырып сауат ашқан. 

ҚазМУ-дың ректоры болған Асқар Закарин, Қазақ КСР-інің су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев, жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметов, жазушы-жур­налист Қайсар Әлім, ағайынды экономист-ғалымдар Сайлау, Сәбит Байзақовтар да осы мектептен білім алды. 

Мерекелік іс-шара барысында М.Дулатұлы атындағы орта мектептің қабырғасына Садуақас Жақанинге арналған ескерткіш тақта ашылып, «Мадияр баба» мешітінде алғашқы ұстаздың рухына құран бағышталды.

Одан кейін Әбутәліп Әмір құ­растырған «Қызбел мектебіне – 100 жыл»,  Садуақас Қосекейұлының немересі Данияр Садуақастың «Сәулелі ғұмыр» кітаптарының, сондай-ақ Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Өнегелі өмір» сериясымен шық­қан Қызбел мектебінің түлегі ака­демик Сәбит Байзақов туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

–  Кітапта осы мектепте оқыған­дардың бәрін қамтуға тырыстық. Бірақ соғысқа кеткендер туралы мәлімет таба алмадық. Сондықтан мектеп шәкірттерінің 85 пайызын қамтыған шығармыз деп ойлаймын. Оған жеті жарым айдай уақыт кетті. 65 адам тұрақты түрде жұмыс істеді. Алғашқы бөлімде әр жылғы мектеп түлектері, одан кейін мектеп директорлары туралы мағлұмат берілді. Бүгінге дейін мектебімізге 22 директор басшылық етіпті. Оның екеуі – менің сыныптастарым.  Одан кейінгі бөлімдерге түрлі салада жоғары жетістіктерге қол жеткізген майталман мамандар, ауыл мақтаныштары, жергілікті қаламгерлердің шығармалары, «Ат тұяғын тай басар» деген та­қырыппен бүгінде республика көлеміне танымал болып қалған кейінгі жастар туралы мә­ліметтер енді, – дейді «Қызбел мектебіне – 100 жыл» кітабының құрас­тырушысы Әбутәліп Әмір.

Ауылдың мәдениет ошағында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда экономика ғылым­да­рының докторы, академик Сәбит Байзақов, белгілі жазушы-журналист Қайсар Әлім, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметовтер туған жер туралы тебірене сөйледі.

– Облыс бойынша 8 академик болса, соның үшеуі осы біздің Қызбел мектебінің түлектері екен. Бүгін, міне, солардың бірі Сәбит Байзақов ағамыз сонау Алатау баурайындағы Алматыдан арнайы келіп, бәрімізге алғаш кітап аштыртып, қалам ұстатқан алтын ұямыздың тарихы туралы тамаша естеліктерін айтты. Осы орайда, бәріңіздің естеріңізде жүрсін деген ниетпен мына мәселеге тоқтала кеткім келіп тұр. Үш жылдан кейін Мір­жақып Дулатұлының 140 жыл­дығы атап өтілмек. Соған қатысты іс-шаралар ерте бастан қолға алынса екен. Мәселен, Ар­қалық – Торғай тас жолынан бері қарай Қызбелге дейінгі 50 ша­қырым күре жолдың жағдайы өте нашар. Қызбелден әрі қарай 40 шақырым жердегі Бидайық ауылында Міржақып атамыздың кесенесі бар. Ол жол да жөндеуді қажет етеді. Күн қақтап, жауын шайып, жел қаққан кесене күмбезі тозып, жұлым-жұлым болып тұр екен. Ішкі-сыртқы сылағы да көңіл жүдетерлік. Кесененің қасындағы шағын музей де көзге қораш көрініп, жөндеуге сұранып тұр. Жәдігерлері қабырғаға желім­делген, нақты дерексіз, талапқа сай келе қоймайтын күйде. Өзге өңірлерден немесе шетелден туристер келіп, өзіміз мақтанышпен айтып жүрген осы музейімізге бас сұға қалса, олар мұндай жағдайда қандай талғам таралғысын көре алады деген ой мазалайды. Сон­дықтан қайраткердің тойы дәл тақалғанда асығыс-үсігіс ша­былмай, ерте бас­тан осы олқылық­тардың орнын толтыра берсе игі еді, – деді жазушы-журналист Қайсар Әлім.

Түстен кейін той волейбол, қазақ күресі, қой көтеру тәрізді спорт түрлерінен өткен жарысқа ұласты. Мәселен, волейбол жарысына Қостанай, Торғай төңірегінен жиналған командалар қатысып, олармен қоса ауыл мектебінің әр жылғы түлектері өзара күш сы­насты. Командалық жарыста Тор­ғай волейболшылары жүлделі бірінші орынды жеңіп алса, мектеп түлектері арасында өткен ардагер волейболшылар арасында 1978 жылы туған түлектер қарсыластарына дес берген жоқ. Екінші орынды 1972 жылы туған жігіттер еншіледі.

– Елде осындай ұлан-асыр той болады дегенді естіп, біз де ортамыздан бір команда шыға­рып келіп қалдық. Нәтижесін көр­діңіздер, жасымыз елуге келсе де на­мысты уыстан шығарғанымыз жоқ, – дейді Қызбел мектебінің 1989 жылғы түлегі Мейрамбек Бәжікенов.

Ал қазақ күресінен өткен белдесуге 50-ден астам балуан қа­ты­сып, күн ұзаққа түйе балуан жүлдесін сарапқа салды.  Тар­тысты бәсекеде Нұрсұлтан Айсағалиев жеңіске жетіп, ауыл меценаттары тіккен 300 мың теңгені еншіледі. Айта кету керек, тойды ұйымдастырушылар медаль мен алғыс хаттан бөлек барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай жүлде тіккен.

– Осының бәрі ауыл азаматта­ры­ның арқасы. Мектеп түлектері жылда келіп жаңа бір нысан салып береді. Соның нәтижесінде ауылымыз көркейіп, гүлденді. Мұндай жақсы үрдіс, игілікті шара мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да туған жеріміздің көр­кеюіне үлесімізді қоса береміз, – дейді Саға ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрғазин.

Мектеп тойы  ауыл өнер­паз­­дарының концертімен қоры­тындыланып, соңы отшашуға ұласты.

 

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы,

Қызбел ауылы