Қаржы • 22 Тамыз, 2022

Контактісіз төлем трендке айналды

960 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Цифрландырудың дамуы аясында отандық кәсіпорындар тауарлар мен қызметтер ақысын қабылдау бойынша онлайн төлемге белсенді түрде өтіп жатыр. 2022 жылдың маусымындағы дерек бойынша елімізде төлем карталарын қабылдайтын 569 мыңнан аса сауда нүктесіне ие 397,3 мың сауда кәсіпорны бар. Кейінгі екі жылда ақы қабылдауды карта жүйесіне көшірген мұндай кәсіпорын саны екі есе өскен.

Контактісіз төлем трендке айналды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ranking сарапшыларының айтуын­ша, технологиялық дамудың тағы бір маңызды факторы – төлем карталарын пайдалана отырып, тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу ин­фра­құрылымын кеңейту және кон­так­тісіз төлемдердің танымалдылығын арттыру. Екі жылда POS-терминалдар саны 3,5 есе көбейіп, биыл маусымның соңында 647 мың құрылғыға жеткен. POS-терминалдардың 95 пайызынан астамы контактісіз төлем функциясымен жабдықталған. Қазір қазақстандық кәсіпкерлер Apple Pay, Samsung Pay, Garmin Pay, QR-код және былтыр жыл соңынан бері Google Pay-ді белсенді қолданып жүр.

«2021 жылдың бірінші жарты жылдығында қазақстандықтар Apple Pay және Samsung Pay-ді пайдалану арқылы 104 млрд теңге сомасына 18,8 млн транзакция жасаған. Бұл контактісіз төлемдер мобильді телефон немесе ақылды сағаттар көмегімен жү­зеге асады. Мұндайдың басты артықшылығы – төлемнің қауіпсіздігі және қолайлы болуы. Ал Garmin Pay тех­нологиясымен төлемді тіпті теле­фонсыз жасауға да болады. Бар­лық транзакция мобильді банктік қосым­шаны енгізу және парольді (Face ID) енгізудің қосымша қажеттілігінсіз «бір рет басу арқылы» лезде жүзеге асы­рылады, қорғаныс қолданбалы техно­логиялардың өзі арқылы да, төлем жүйе­лерінің технологиялары арқылы да жұмыс істейді. Сондай-ақ Apple Pay, Samsung Pay, Garmin Pay және Google Pay сияқты контактісіз төлемдердің көмегімен интернетке қосылмай, тіпті желі нашар ұстайтын жерде де транзакцияларды жүзеге асыра беруге болады. Бұл тұтынушылардың мүмкіндіктерін ай­тарлықтай жеңілдетеді және төлемді ыңғайлы етеді», деп жазады сарапшылар.

2021 жылдың алғашқы алты айын­да OR-кодты қолдану арқылы 1,3 трлн теңге сомасына 192,8 млн тран­зак­ция жүзеге асырылған. Бұл – он­лайн-режімде жасалған қолма-қол­сыз тө­лемдердің 26,4 пайызы. Қазіргі уа­қытта елдегі 9 екінші деңгейлі банктің клиенттері үшін – Apple Pay мен Google Pay, ал 6 банктің тұтынушысы үшін Samsung Pay қолжетімді. Тағы 5 банк өз тұ­ты­нушыларына QR-кодты қолдануды ұсы­нып отыр. Осы үш сервисті де ұсынатын 3 банк бар, олар – Halyk Bank, ForteBank және Jusan Bank. Сонымен қатар Garmin Pay технологиясын қолданушылар арасында Halyk Bank, ForteBank және Bank RBK бар.

«Банктер контактісіз төлем жасау бойынша тұтынушыларды да, бизнесті де ынталандырып отыр. Ол үшін арнайы ұсыныстар, түрлі акциялар жасайды. Мәселен, Halyk Bank POS-терминал арқылы контактісіз төлем жасаған тұты­нушыға 1 пайыз бонус береді. Kaspi.kz QR-кодпен төлем жасаған клиентке 0,5 пайыз бонус ұсынады. «Еуразиялық банк» контактісіз төлем үшін 2 пайыз бонус берсе, Bank RBK-да 1,5 пайыз кешбэк бар», деп жазады Ranking.

Visa-ның Орталық Азия және Әзер­байжан елдеріндегі өңірлік менеджері Кристина Дорош отандық Kapital басылымына берген сұхбатында цифр­лы төлемнің дамуына кедергі болып отырған екі негізгі факторды айтады.

«Біріншісі – қаржылық сауаттылық­тың әртүрлі деңгейі. Сауаттылық қалада өте жоғары, ал өңірлер мен шалғай елді мекендерде өте баяу таралып жатыр. Мысалы, тауарды онлайн сатып алуды, коммуналдық төлемді мобилді қосымша арқылы төлеуді адамдардың барлығы біле бермейді. Осы фактор онлайн төлем дамуын тежеп тұр. Бірақ біз өз тарапымыздан өңір тұрғындарына технология­ларды игеру бойынша көмек береміз. Екінші барьер – инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде дамымауы. Нұр-Сұлтан мен Алматыда қолма-қолсыз төлем қабылдамайтын бірде-бір сауда нүктесі жоқ шығар. Ал өңірлерде жағдай басқаша. Алыс аймақтағы дүкенге төлем терминалын орнату банктер үшін экономикалық тұрғыдан аса тиімді емес», дейді сарапшы.

Еске салайық, сондай төлем тер­минал­дарының орнын басатын POS-тер­миналдар, жоғарыда атап өткені­міздей белсенді дамып жатыр. PwC Қазақстан сарапшыларының мәліметі бойынша, 2021 жылы қолма-қолсыз төлем сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көбейген. Smart Pay-ді (QR, Apple Pay, Samsung Pay, Google Pay, Android Pay, Garmin Pay) қолдану 33 есе артқан. Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығының дерегіне сүйенсек, қолма-қолсыз төлемдердің 84 пайызы онлайн жүзеге асырылады.

Google Pay-ді қазақстандықтар 2021 жылдың соңынан бастап пайдаланды. Бұл контактісіз төлем жүйесі Visa және Mastercard карталарымен жұмыс істейді. Эмитенттері – Halyk Bank, ForteBank, «Еуразиялық банк», Simply необанкі, «Хоум Кредит Банк», Bank RBK, «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank.