Ш.Бөкеевтің ақындық қуаты, жаңашылдығы, шығармаларындағы ерекшеліктер азды-көпті зерттеліп те жүр.
Шәңгерейдің туындылары алғаш рет Ғұмар Қараш құрастырған «Шайыр» (1911), «Көксілдер» (1912) жинақтарында, Ахмет Байтұрсынов жинаған «23 жоқтау» (1926) кітабында жарық көрген. Шәңгерейдің өлеңдер жинағы бірінші рет 1933 жылы дербес кітап болып шықты.
Шәңгерейдің өлеңдерін зейін қойып оқып шықсаңыз оның философиялық ой-толғамдарына тәнті боласыз. Астарлап, мысалдап, әріден орағытып айтқан ойлары ақынның сөзге жүйрік, тілге бай, білімі кемел, оқығаны мен тоқығаны көп дарын иесі екенін еріксіз мойындатады.
Мәселен, «Өмірдің өтуі» деген өлеңінде астарлай сөйлеп отырып, дүние кезек екенін, күштінің әлсізге зорлығы, әлсіздің көрер қорлығы жалған өмірдің ажырамас бір бөлігі болып, заңдылық ретінде қалыптасып кеткенін айтады.
«Құдыққа құлан құлаған,
Құлағанда құрбақа,
Қауіп-қатерсіз ойнаған.
Ойлағанға бұл заман:
Қырда құлан жүрсе аман,
Лаң, түрлі қазадан,
Бақа жаны баз кешер,
Құлағына құланның
Ойнаймын деп бойлаудан.
Сусаған құлан шұбырса,
Аса бір аса құлаудан,
Іздегені қақ болар,
Жолбарысқа жол тосқан
Қазалы құлан тап болар,
Бой жасырып ол жыртқыш,
Шыға бір шапса сайлаудан...
...Буынына түсіп жылы қан.
Қайратына мас болған,
Қайдан білсін ол айуан?!
Бөкен терісін бөрік еткен,
Сексеуілден күрке еткен,
Бауырына тулақ жамаған,
Қаңбаққа жүзін қамаған.
Білтелі қара қолында,
Шақпақтан оған от беріп,
Жолында жатыр бір адам...»,
дейді.
Өмірді жалған дейміз. Өйткені өмір бар жерде өлім, бақи бар. Осы қарапайым ұғым-түсінікті ақын сөзімен зерделесеңіз, өмірдің жалғандығын, мына тіршіліктің өткінші екенін жаныңыз ауыра отырып қабылдайсыз әрі баянсыз тірліктің құлақкесті құлы болудан тартынып, пендешіліктен жоғарырақ тұруға ұмтыласыз. Бұл айналып келгенде адами қасиеттерді сақтап, кісілік келбетіңе дақ түсірмей өмір сүруге шақырады.
Мәселен, Шәңгерей Бөкеевтің «Жалғаншы, жарық дүние!» деген өлеңінде:
«Жалғаншы, жарық дүние!
Бізден де бір күн қаларсың.
Піл сауырлы қара жер
Қойныңды ашып, қол жайып
Құшағына аларсың!
Ойқай, сонда күн қараң,
Басыңа ақ тас қойылса
Сөзбен түрлі безенген.
Үстіңе топырақ үйілсе
Шөккен нарға меңзеген.
Тіл кесіліп, үн бітер,
Сайраған мұны жыраудан,
Тыңдаған айтар: «не пайда
Мұндай сөзді жырлаудан?»
Дүние қуған көңілім
Нәпісіменен қарайған.
Хақ диуанға* (Құдайдың сөзі) асықтай
Мұрат тапқан құдайдан.
Сонда бір көңілім сап болар,
Жалғыз жатып күңіреніп,
Қазаны ойлап толғаудан», деп өмір жайлы толғаныс-насихатын, өзінің ұғым-түсінігін тереңнен жырлайды. Сондай-ақ ақын өмірдің мән-маңызына байыппен қарап, оның қадіріне жетуге, бағасын біліп, ғұмырды барынша мәнді өткізуге үндейді.
Ш.Бөкеев өз туындыларында қазақтың бай әдеби тілін орнықты әрі ретімен қолданып, айтар ойын дәйекті түрде жеткізеді.
Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаев кезінде Ш.Бөкеев туралы: «Шәңгерей, біріншіден, өз халқын өнер-білімге, мәдениетке шақырды; екіншіден, шын мағынасында профессионал ақын болғандықтан, қазақ өлеңін мазмұны мен түр жағынан байыта түсті. Әсіресе ақынның табиғат суреттерін, философиялық толғауларын, махаббат лирикасын өзіне тән ерекшелігі бар, әшекейлі, өрнегі мол қазына деп бағалауымыз керек», деп жазды. Ғалымның ақын Шәңгерейдің шығармашылығы жөнінде айтқан осы құнды пікіріне біздің қосып аларымыз жоқ.