Қоғам • 23 Тамыз, 2022

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украина елшісіне наразылық білдірді

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Украинаның Қазақстандағы Елшісі Петр Врублевскиймен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украина елшісіне наразылық білдірді

«Кездесу барысында Елшіге биылғы 21 тамызда қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбатында айтқан мәлімдемелеріне байланысты наразылық білдірілді.

Қазақстан тарапы мұндай мәлімдемелердің шет мемлекет елшісінің қызметіне сай келмейтіндігі және қолайсыздығы туралы ұстанымын білдірді. Мұндай іс-қимылдар мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтірмеуге тиіс», делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы Украина елшісі Петр Врублевскийдің блогер Диас Құзайырға берген сұхбатында Ресейге қатысты сөздерін айыптаған болатын.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы мәлімделерге жол беруге болмайды деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды», делінген Ассамблея хабарламасында.

Сонымен қатар ұйым дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс екенін жеткізген еді.