Елорда • 23 Тамыз, 2022

Елорда әкімі Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесуде қандай проблемалар қозғалғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда әкімі Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

«Аудандарымыздың, елді мекендеріміздің тұрғындарымен тұрақты кездесу өткіземіз. Сонымен, Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындарымен бас қостық. Алдыңғы кездесуде қала тұрғындары бірқатар мәселені қозғаған болатын. Қазір олардың басым бөлігі шешілді, ал жүйелі мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Бұл кездесуде көтерілген проблемалар осы жылдың да, 2023 жылдың да жоспарына енгізілді.

Қала тұрғындары үйлерді одан әрі газға қосу, абаттандыру, нақтырақ айтқанда, абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктер санын арттыру, кәріз, жол салу, жарықтандыру секілді түрлі проблемалар бойынша жүгінді.

Мәселен осыған дейін айтылған мәселелер бойынша: инженерлік желілер құрылысын жобалауды жүргіземіз – 30 км сумен жабдықтау желісі, 15 км тұрмыстық кәріз желісі, 23 км нөсер кәрізі желісі. Сол сияқты бірнеше көшенің жолы салынды, мысалға Қозыбасы, Бурабай, Ақарыс, Ертіс, Жайық, Еділ, Дегеріс және тағы басқа», деп жазды әкім.

Оның айтуынша, Оңтүстік-Шығыс елді мекені толықтай газбен қамтамасыз етілді. Осы үшін 160 км-ден астам газ тарату желісі салынды. 1600-ден астам абонент газға қосылды, тағы 1900 абонент техникалық шарт алды. Газға қосылу үшін мұқтаж жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін 410 мың теңгеге дейін ұлғайтып, қажетті құжаттар тізбесі екі есе қысқартылды. Бұл шараның бәрі газға қосылған үйлердің санын көбейтуге мүмкіндік береді, сол сияқты қала экологиясына, қала тұрғындарының өмір сүру сапасына оң әсер етеді.

«Елді мекенде 50-ден астам камера, 2 мыңнан аса жарықдиодты шам (жыл соңына дейін тағы 500 шам орнатуды жоспарлап отырмыз) орнатылды, 3 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, сондай-ақ келесі жылы қоғамдық кеңістіктерге арналған тағы 13 учаске жоспарланды. Елді мекендерді жүйелі абаттандыру ісі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында», деді Алтай Көлгінов.