Сұхбат • 23 Тамыз, 2022

Данабек Қалиаждаров: ІТ-білімді дамытпай, көшке ілесе алмаймыз

2157 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біреу білер, біреу білмес, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің базасында Alem School мектебі жұмыс істейді. Бағдарламалаушылар даярлайтын білім ордасы дәстүрлі мектептерге мүлдем ұқсамайды. Мұнда мұғалім жоқ, баға қойылмайды, диплом берілмейді. Бірақ білікті мамандарды даярлауда озық тәжірибеге ие. Ең бастысы, оқу – тегін. Бір өзі бір университеттің жұмысын атқарып отыр десе де болады. Біз аталған мектептің жетекшісі, отандық ІТ-саласының білікті сарапшысы Данабек Қалиаждаровпен әңгімелескен едік.

Данабек Қалиаждаров: ІТ-білімді дамытпай, көшке ілесе алмаймыз

Мұғалімі жоқ мектеп

– Данабек, Alem School қашан құрылды?

– Alem School – бағдарламалау­шы­ларды даярлайтын мектеп. 2019 жылы Astana Hub-тың базасында ашыл­ды. Бұл жерде мұғалім жоқ, баға қойылмайды, диплом берілмейді. Оқу компьютерлік ойынға және студенттер арасындағы өзара қарым-қатынас қағидатына негізделген. Ең бастысы, бәрі – тегін. Бүгінге дейін түрлі салада жұмыс істейтін 270-тен астам бағ­дар­ламалаушыны даярлап шығардық. Олар­дың дені отандық және шетелдік ірі компанияларда табысты еңбек етіп жүр. Жыл басынан бері 200-дей адамды оқуға қабылдадық. Орташа есеппен алғанда студенттер оқудың сегізінші айынан әрі қарай біздің мектепті тәмам­дай бастайды. Яғни олар біз үйретпек болған дүниенің бәрін бойға сіңірді деген сөз.

– Мұнда кімдер оқи алады?

– ІТ-саласын терең меңгергісі келетін кез келген жанға құшағымыз ашық. Тек, біз мектепке орта білімді адамдар­ды, яғни ІТ-саладан хабары жоқ жандарды қа­был­даймыз. Үздіктерді біздің мектеп аса қызықтырмауы мүмкін. Өйткені олар­дың білетіні онсыз да көп. Олар біздің көмегімізге сүйенбей-ақ нарықтан өз орнын таба алады. Мектепте кез кел­ген саланың өкілдері оқи алады. Мә­селен, осы уақытқа дейін оқуды аяқ­тағандардың ішінде металлургтер де, журналистер де, бухгалтерлер де, заң­герлер де бар. ІТ қазір барлық салаға керек. Бізге келетіндердің 70 пайызының ІТ-білімі жоқ.

– Сонда түпкі мақсат ІТ-саланы меңгерген кадр даярлау ма?

– Тек осы мақсат үшін жұмыс істеп жатырмыз десек, қателескеніміз. Бұл жерде ауқымды ойлаған жөн. Көпшілік ІТ-ді күрделі сала деп ойлайды. Шын мә­нінде олай емес. Ал бағдарламалау математикадан да оңай. Аталған саланы меңгеру арқылы қазақ жастары өздерін материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алатын деңгейге жетеді. Себебі ІТ-салада төленетін еңбекақы қай елде болсын жоғары. Сонда елімізде әлеуметтік тұрғыдан қамтылған жандардың қатары көбейеді. Алыс түкпірде жасырынып жатқан ізгі мақсаттың бірі – осы, ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруға үлес қосу.

Елімізде немесе шетелде жақ­сы ақша табатын, сұранысқа ие бағ­дар­ламалаушы атану үшін нақты мақ­сат, тынымсыз еңбек және шыдам­дылық қажет. Әри­не, бұл мамандықты әркім өздігінен де үйрене алады. Тек, ол үшін жақсы жағ­дай жасалуы керек. Біздің мектепте өзін өзі дамытуға толық жағ­дай жа­салған.

Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық са­ладағы қызметтер мен тауарлардың экс­порты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс», деген нақ­ты тапсырмасы бар. Біз де осыған қал-қадерімізше атсалысып жатырмыз.

Оқудың негізі – ойын

– Оқу үдерісі қалай өтеді?

– Бірінші кезекте студенттер ал­горитм­дер мен мәліметтер құрылымы туралы негізгі білімді алады. Келесі кезең – Go, JavaScript және Rust сияқты әлемдік IT-индустриядағы өзекті «тілдерді» меңгеру. Оқу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі: Go «тілінде» – Full-stack, JavaScript «тілінде» – front-end, Rust «тілінде» – back-end. Бұдан кейін нақты мамандану басталады. Олардың қатары DevOps, Blockchain технологиялары, Data Science және Machine Learning, Information Security, 3D модельдеу, ойын құру болып жалғаса береді. Flutter құрылымында мобильді қосымшаларды әзірлеуге мүмкіндік бар. Осылайша, оқуды толық аяқтағаннан кейін түлектер мобильді қосымшалар, сайттар жасай алатын деңгейге жетеді. Дизайн жасау­ды да меңгеріп шығады. Негізі мен атаған бағдарламалау «тілдерінің» бәрі көпшілікке қолжетімді. Олардың көмегімен кез келген дүниені жасауға болады. Мәселен, Қазақстанда көптеген компаниялар Go тіліне көшіп жатыр. Демек оның болашағы зор деген сөз. Бұл тілді біздің мектептің түлектері өздері жұмыс істейтін «Халық банк», «Технодом» секілді ірі компаниялардың сервистерінде де жиі пайдаланады.

– Іріктеу қалай жүргізіледі?

– Іріктеу кезеңі «бассейн» деп аталады. Кандидат бір күнде 20 есепті шешуі керек. Бір жыл ішінде студенттер бес емтихан тапсырады. «Бассейннен» өткендер одан әрі аса қинала қоймайды. Өйткені тапсырмалардың логикасы өзгермейді. Тек код саны ғана көбейіп отырады. Мектептегі оқу еуропалық 01 Edu System арнайы платформасында өтеді. Бұл платформаның негізін ғылыми педагогикамен айналысып жүрген француз Николя Садирак қалаған. Барлық тапсырма квестке ұқсайтын ойын түрінде шешіледі. Николя Садирактың айтуынша, адамзат ойын арқылы дамыған. Оқудың мұндай форматы техникалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар soft skills-ті, яғни икемді дағдыларды да дамытады. Мектептің қағидасы қарапайым: барлығы тең, әркім бір-бірінен үйренеді. Мұнда әлеуметтік коммуникация бірінші орында тұрады. Ол маманның өсуіне жол ашатын дүние. Ал ІТ-сала өкілдері үшін бұл өте маңызды. Әдетте бұл саланың өкілдері бұйығы келеді, мына өмірден тысқары жүреді, көбінесе өз әлемімен өмір сүреді. Ал біз түрлі салада жүрген, кез келген қарым-қатынасқа бара алатын адамдардан бағдарламалаушы тәрбиелеп шығарамыз. Мектептің ұстанған бағыты ұжымдағы өзара әрекеттесу мәселесін шешеді, ал бағдарламалаушылар ортақ тіл табуды үйренеді. Оқудан зеріксе, демалуға болады. Оған да жағдай жасалған. Теннис, PlayStation ойнауға мүмкіндік бар. Кино көруге болады. Мұндағы студенттер бір-бірімен араласу арқылы деңгейлерін көтереді.

– Түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі қандай?

– Ешқайсысы жұмыссыз қалмайды деп айта аламын. Егер студент мектепке негізгі дағдыларды біліп келсе, онда бір жылдан кейін ол middle-маман, яғни орта деңгейлі маман болып шығады. Оқудың алғашқы үш кезеңінен өткеннен кейін әзірлеуші деңгейіне көтеріледі. Осылайша, студент жұмыс орнында дағдыларын нығайта алатын деңгейге жетеді. Мәселен, бізге IT-білімі жоқ әскери адам келіп оқыды. Ол мектепті тәмамдаған соң ұлттық компанияға бағдарламалаушы болып жұмысқа орналасты. Иә, ол Google-де жұмыс істей алатын супер бағдарламалаушы болған жоқ. Бірақ оның табысы айтарлықтай артты. Теміртаудан жас металлург келіп оқыды. Қазір банкте бағдарламалаушы болып жұмыс істейді. Мұндай жарқын мысалдар көп. Бізге керегі де дәл осындай кейстер. Біз жастардың маман ретінде өздеріне деген сенімділігін арт­тырамыз және табысын еселеуге үлес қосамыз. Мұнда келгендер оқумен кез келген уақытта айналыса береді. Мектеп тәулік бойы ашық тұрады. Не­гізі «бассейннен», яғни іріктеуден өту ба­рысында жастар ІТ-салада жұмыс істеу қолдан келетінін иә келмейтінін бір­ден түсінеді.

ІТ-факультеттер – аустсорсингке

– Алда қандай мақсат-міндеттер бар?

– Мектептің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – жұмыс берушілермен жақсы қарым-қатынас орнату. Реті келсе, екі жақты меморандум орнатуға бейіл­діміз. Мұның барлық тарап үшін тиімді болғанын қалаймыз. Оқу тегін екенін айттым. Студенттер екі жыл бойы көп дүниені үйренеді. Әрі қарай өзгелерді үйретеді. Тізбек осылай жал­ғаса береді.

Екінші бір міндет – Alem School мектебін масштабтау. Біздің мектептің ұйымдастырушылық-басқарушылық құ­рамында бірнеше адам ғана жұмыс іс­тейді. Олар бір сәтте жүздеген студент­ке ыңғайлы білім беру ортасын құруға қабілетті. Сондықтан өңірлерден де осындай мектептер ашқымыз келеді. Осылайша, өңірлерде жұмыссыз жүрген жастардың жолын ашуға ниеттіміз. Жастарды жоқ дегенде нанын тауып жейтін деңгейге жеткізсек дейміз. Ал нанына қоса, майы мен уылдырығын қоса тауып жеп жатса, тіпті керемет болар еді. Осыған алтын көпір болсақ деген ниет бар. Әлбетте, бұл үшін мем­лекеттің немесе бизнестің қолдауы қа­жет. Ұзақ мерзімді келешекте бұл мо­дельді басқа бағыттарға, мысалы гума­­нитарлық ғылымдарға қолдануға болады. Өйткені біздің форматты кез келген пәнге пайдалануға мүмкіндік бар. Мәселен, өңірлік университеттерде ІТ-факультеттер ашылған. Жақсы жарақтандырылған. Бірақ білім беретін лайықты мамандар жоқ. Сондықтан біз университеттердің ІТ-факультеттерін аустсорсингке алу туралы бастама көте­ріп жатырмыз. Меніңше, бұл кез келген тарап үшін тиімді болар еді.

– Айтпақшы, Alem School-ды кім қаржыландырады?

– Қолдау көрсететін меценат бар. Қазақ. Бірақ Қазақстан азаматы емес. Шетелде тұрады. Мектептегі техни­калардың бәрі сол кісінің демеушілігімен алынды. Одан кейін Astana Hub ха­лықаралық IT-стартаптар технопаркі ғимаратты тегін ұсынып отыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің де бізге деген көзқарасы түзу. Министрлік тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Art Sport жүйесіне ұқсас ІТ-ваучер деген жоба әзірленіп жатыр. Осы арқылы ІТ-мектептер оқытып жатқан әр бала үшін мемлекеттен субсидия алатын болады. Жуырда Болат Жәмішев бастаған «Қазақстан халқына» қорының өкілдері келіп кетті. Аталған қор тарапынан да қолдау көрсетілуі мүмкін. Олар мұндай мектептерді моноқалаларда ашу туралы идея ұсынды. Бұл жағын да қарастырып жатырмыз. 

ІТ-механик – болашақтың мамандығы

– Сізді отандық ІТ-саладағы білік­ті маман ретінде жақсы танимыз. Жала­қысы жақсы, беделі жоғары жерлерде қызмет атқардыңыз. Соның бәрін тәрк етіп, өзгелерді оқытуға неліктен құ­мар болдыңыз? Бәзбіреулер мұны өн­бейтін іс санайды ғой. Әлде олай емес пе?

– Рас, Алматыдағы Халықаралық ақ­параттық технологиялар универ­си­тетінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасында, ірі компания­ларда еңбек еттім. Бағдарламалау бо­йынша студенттерді халықаралық олим­пиадаларға даярладым. Шәкірт­терім әлемнің жетекші IT жоғары оқу орындары арасында ТОП-20-ның қата­рына кірді. Қысқасы, жақсы жерлерде жұмыс істедім. Табысым да тәуір болды. Бірақ өзгелерді оқыту, үйрету мен үшін жан қалауы. Саналы түрде осы қадамға бардым. Мұны мен ғана түсіне аламын. Кейде өмірде ақшадан да маңызды дүниелер бар. Өз атам Орынбек Қалиаждаров та, нағашы атам Наурызбай Сейілбеков те мектепте математикадан сабақ берген. Ұстаздық қасиет солардан дарыса керек. Университетте оқытушы болғанда аңғарғаным, ауыл балаларының бәрі оқуға бейім. Бірақ базалық білім берілмеген. Жөн көрсетіп, жолға салсаң, әрі қарай алып кетеді. Тек бұған дейін оқушының санасына ешкім салмақ салмаған. Мен ІТ-сала бойынша айтып отырмын. Бұл салада біз секілді білім беретіндер аз. Кеңістік бос жатыр десе де болады. Сондықтан Қазақстан үшін тыңнан түрен салып жатқанымызды үлкен абырой санаймыз.

– Неліктен оқытудың дәл осындай жүйесін таңдадыңыздар?

– Білім беру саласындағы қазіргі британдық жүйе ХІХ ғасырда жақсы жұмыс істеді. Өйткені шетелде жоғары білім алу міндетті емес. Біздегідей жап­пай жоғары оқу орнына түспейді. Шет­елдік университеттер көбінесе бай­дың балалары мен үздік мұғалімдерді жи­найды. Іріктелген балалар мен ірік­телген ұстаздардың басы бір арнаға тоғысса, сөзсіз нәтиже шығады. Мұны біздің елдегі Назарбаев университеті, Назарбаев мектептері де дәлелдеп берді. Ал іріктелмеген баланы дәл осындай мұ­ғалімнің қолына тапсырсаңыз, түк шық­пайды. Қазақстан мен АҚШ-тағы орта деңгейлі университеттердің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан қазіргі жоғары оқу орындары – үлкендерге арналған балабақша. Әйтеуір, ата-аналар ұл-қызым нашақор, сектант болып кетпесін деп оқуға түсіріп қояды. Тектен тек сандалып жүргенше, таңнан кешке дейін қай жерде болатынын біліп жүреміз деген ой ғой. Мұның әлеуметтік шиеленісті төмендеткенімен, білім беруге қатысы жоқ. Екеуі параллель жатыр. Қиылысатын нүктесі жоқ. Ал біз таңдаған модель қызықты болып көрінді. Сондықтан осыны таңдадық. Бұл жүйе біз сынап өткен британдық жүйеге қарама-қарсы емес, керісінше соны толықтыра түсетін бағыт.

– Тәрбиелеген шәкірттеріңіз шетелге кетеді деп қорықпайсыз ба?

– Одан не үшін қорқу керек? Қайта қуану керек. Бұл үлкен жетістік емес пе?! Мұның бәрі қалыпты дүние ғой. Мәселен, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Исламбек Қуатты Испанияның атақты «Реал Мадри­ді» шақырса, жібермей отырмай­мыз ғой. Ақымақтық болар еді. Бұл да сол секілді. Шақырту түссе, шетелге барған дұрыс. Ертең өзге балалар соларға еліктеп, бой түзейді. Тек азаматтығын ауыстырмай, сыртта жүріп елге қамқор болса жеткілікті. Жалпы, мұндай бәсекелестіктен қорықпау керек. Қазір ресейлік ІТ-мамандар біздің нарыққа келіп жатыр. Бұған да қуануға тиіспіз. Жалпы, әлемнің өзге елдеріндегі мықты мамандарды Қазақстанға тартсақ, кім қой депті. Үздіктерді тарту арқылы отандық нарықты дамыта аламыз. Бұл жерде Сингапурдың, Израильдің тәжі­рибесін қаперге алсақ жеткілікті.

– Отандық ІТ-саланың дамуына қандай баға берер едіңіз?

– Шүкір, жақсы дамып келеді. Мем­лекет тарапынан тиісті жағдай жаса­лып жатыр. Жастардың да қызығу­шы­лығы зор. Біздің қыз-жігіттер әлемдік деңгейге біртіндеп шығып жатыр. Ал­пауыт компанияларда еңбек етіп жүр. Қазір Үндістан, Украина, Беларусь, Ар­­гентина, Вьетнам секілді елдердің ма­ман­дары ІТ-салада бум жасап жатыр. Қазақстанның да асығы алшысынан түсер күн алыс емес. 

Қазақстанда ІТ-білімді дамытуға күш салу керек. Оны дамытпай көшке ілесе алмаймыз. Өткенге көз жүгіртсек, ХХ ғасырға дейін жазу, оқу кеңінен таралды. Кейін бұл базалық ғылымға айналды. 1990 жылдары ТМД-да ағылшын тілін меңгеру басталды. Қазір бұл да қалыпты дүние. Енді ІТ-сала да осы жолмен келе жатыр. Бүгінде ІТ-салада болу трендке айналды. Бара-бара ол да қалыпты дүние болады. Сондықтан алдағы уақытты ІТ-журналист, ІТ-бухгалтер, ІТ-мұғалім, ІТ-механик деген мамандар пайда болады. Нарықты осыған дайындай беру керек. Соған келе жатырмыз. Бұдан ешқашан ұтылмаймыз. Бұл адами капиталды дамытудың бірден-бір жолы.

Көпшілік тек мемлекеттік қызметтегі цифрландыруды сынға алады. Цифр­ландыру деген – құрал. Мысалы, пышақ секілді. Онымен жақсы дүние де, жаман дүние де жасауға болады. Мәселе қандай мақсатқа пайдаланатыныңда. Цифр­лан­дыру да сол секілді. Мысалы, Kaspi.kz қолымызды ұзартты. Сөйте тұра, ол кре­дит алуды жеңілдетті. Соның салда­рынан халықтың несие жүктемесін шек­тен тыс арттырып отыр. Ал бұл экономика үшін қауіпті. Міне, көрдіңіз бе, цифр­ландырудың да жақсы һәм жаман тұсы бар.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»