Өнер • 23 Тамыз, 2022

Ақ пен қара: Парадокс

524 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде картинаға қарап тұрып, эстетикалық ләззат аласың. Көркемдігінен – толқындай тоғысқан бояулардың үйлесімінен. Ал кей картинаға жаныңды тыныштандыру үшін, көз демалдыру үшін қарайсың. Одан бөлек, адамды терең ойға, түсініксіз бір мекенге жетелейтін суреттер де болады. Бір қарағанда, мағынасыз сияқты, бірақ тұңғиығына көзің жетпейді. Тұнған философия. Сондай өнер туындыларының бірі – Казимир Малевичтің «Қара шаршысы».

Ақ пен қара: Парадокс

Еркіндік пен шекара. Адамның іс-әрекетін, ой-қиялын шарықтатып немесе сол мезетте тежеп отыратын парадокстар. Жекелей алғанда екеуі де қауіпті. Тым еркін адам құсқа айналып, ұшып кетеді, өз шекарасынан, өз шектеуінен шыға алмайтын жанға да өмір сүру қиын. Картинаны алғаш көргенде осындай ойға қаласың.

«Қара шаршыда» көп деталь жоқ. Ақ қағазға салынған қара квадрат. Сол ғана. Бұл – Малевичтің дәуірінде басталған супрематизмнің бір элементі. Айта кетейік, ХХ ғасырдың басында заманауи кескіндеме реализм принциптеріне қайшы келетін көркем стильдерді дамыта бастады. Суретшілер өткен ғасырдағы реализмді, натурализмді, импрес­сионизмді жоққа шығарып, өнердің жаңа дәуірін құрды. Олар образдар мен формаларды қарапайым, еркін беруге тырысты. Сол дәстүрмен жазылған бұл туынды туралы аңыз көп. Дауы да аз емес.

Өнертанушылар аталған өнер туындысына бір­неше ракурстан түрлі болжам жасайды. Мәселен, «Қара шаршы» шынында шаршы емес, тіпті қара да емес. Қабырғаларының бір-біріне параллель еместігі, ал қара түстің негізінде бірнеше басқа бояудың қосындысы байқалады. Бұл да автордың ұстанымы, динамикалық формасы.

Тіпті туындыны қате салынған картина деген де пікір бар. 1915 жылы 19 желтоқсанда Петербургте ашылған «0,10» атты футуристикалық көрмесіне Малевич бірнеше сурет дайындауы керек болған. Уақыттың тығыздығынан аяқталмай қалған суретін қара бояумен бояй салыпты. Яғни автордың ойынша, адам қара шаршыдан не көретінін өзі біледі. Біреу пейзажды, біреу портретті, енді біреу теңізді, бәлки, жылдармен жылжып аққан уақытын, сонау бір көктемде бүр жарған іңкәр сезімін, балалығын, арманын елестетер.

Дегенмен кейін тексерушілер қара бояудың астында қандай сурет тығылғанын анықтай алған жоқ. Аңыз ба, ақиқат па – белгісіз. Қалай десек те «амалсыздықтан» құтқарған картина суретшінің даңқын асырады деп кім ойлаған.

«Қара шаршы» – түрлі-түсті куб (текше). Казимир Малевич бұл жұмысы бейсаналы түрде ғарыштық танымда жазылғанын айтады. Ал кей ғалымдар мұның, тіпті де қара шаршы емес, түрлі-түсті текше дейді. Ақиқатында, картинадағы форма өзгергенімен мағынасы қалады. Ақ пен қара – өмірдің түсі. Әділет пен арсыздық, шындық пен жалған, махаббат пен ғадауат, бар мен жоқ – бәрі-бәрі өмірдің өзгермес көріністері. Картинадағы түстер ақ пен қараның мәңгілік соғысын бейнелейді.

«Қара шаршы» көрерменге ұсынылғанда өнерде бір жарылыс болғандай әсер етті. Дәл осы уақытта суп­рематизм көбейді. Яғни өзге түстердің қатарында бір түстің басымдық көрсетуі – бір түсті бір түстің жұтуы. Кейінірек Малевич «Қара шаршының» әртүрлі мақсаттағы бірнеше нұсқасын салды. Қазіргі картинаның дизайны, құрылымы, түсі бойынша ерекшеленетін төрт нұсқасы сақталған. Жалпы, суретші шығармашылығында қара квадратпен байланысты көптеген сурет бар. Квадрат, сондай-ақ Малевичтің көпфигуралы үстемдік композицияларында кездеседі.

Мәселен, екінші «Қара шаршы» 1923 жылы Венециядағы биенналеде көрсету үшін салынды. Одан бөлек, «Шеңбер» және «Крест» нұсқалары да бар. Триптих 1915 жылы салынған түпнұсқа кескіндемеден өлшемімен де, мазмұнымен де ерекшеленеді. Суретті Малевичтің жақын шәкірттері Анна Лепорская, Константин Рождественский мен Николай Суетин автордың басшылығымен салған. 1936 жылы бұл үш картинаны суретшінің әйелі 80-ге жуық супрематикалық картиналармен бірге Ресейдің мемлекеттік мұражайына тапсырады.

Енді бір көзқараста, «Қара шаршы» – нағыз саясат. Суретші елдегі саяси жағдайды өте жақсы білді. Малевичке дейінгі салынған қара шаршы суреттер еш назарсыз қалып отырса, 1915 жылы жаңа тұрғызылып жатқан елге оның еңбегі сенімді бола түсті. Сонда «Шаршы» өнерге түк қатысы жоқтай болды. Бұл дәстүрлі өнердің өлімі десті. Сол үшін де Малевичті бәрі кінәлады. Өнердегі идеялар тапшылығындай сезілген картина үшін айыптады.

Атышулы суретті салып болған соң Малевич не ұйықтай алмай, не ас іше алмағаны жайлы көп айтылады. Тіпті өзінің не мақсатпен сурет салғанын да түсінбейді екен. Әркімді әртүрлі ойға қалдыратын суреттің тереңіне автордың өзі де түсіп кетуі мүмкін.

Жұмбақ тақырыптардың біріне айналған туындының жазылғанына ғасырдан асты. Ол туралы зерттеулер мен пікірлер, талқылау әлі де азаяр емес. Бірақ нақты бір дәлелденген қорытынды жоқ. Тіпті өнертанушылар картинаны рентген сәулесі мен микроскоп арқылы зерттегеннен кейін де ештеңе айта алмады.