1990 жылға қарай Қайта құру реформасы тығырыққа тіреліп, Кеңес Одағының экономикасы күйреп жатты. Ең ауыр кезең басталды. Әлем баспасөзі 250 миллион тұрғынның ашаршылыққа ұшырайтыны туралы ашық жаза бастады. Оның ішінде Қазақстанның 16 миллион адамы бар еді. Ұзақбай Қараманов күн-түн демей Мәскеу мен Алматы, Алматы мен аймақтар арасына шапқылап, өндірістің соңғы тынысын тоқтатпады. Республиканың өз күшімен тырбануын қамтамасыз етті. Одақтық бағыныстағы кәсіпорындарды Қазақстанның қолына алуға барын салды. Онда республика экономикасының 95 пайызы тікелей Мәскеуге бағынатын. Жеңіл өнеркәсіп, Жергілікті өнеркәсіп және Тұрмыстық қызмет министрліктері ғана Алматыға қарап, есеп береді.
Алып зауыттар мен комбинаттарды республиканың басқаруына алу мен осында салық төлету үшін күресте азу танытты. Қызметті Министрлер Кеңесінің Төрағасы деген лауазыммен бастап, 1991 жылдың күзінде оның мәртебесін Премьер-Министрге айналдырды. Сөйтіп, Қараманов Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі болды.
Үкіметті басқаруға аяқ астынан тап болмағанын бүкіл өмір жолы айғақтайды. Бұл – шыңдалудың, өзін жетілдірудің жарқын жолы. Сондықтан бірқатар бедерімен таныстырып өтелік.
Ұзақбай – Арал аймағына аты кең танымал болған Қараман деген балықшының баласы. Қараман Ыңғаев қазақ балықшылары арасында бірінші рет «Құрмет Белгісі» орденін алған. Оны Мәскеуде «Бүкілодақтық староста» атанған Михаил Калинин өз қолымен таққан. Сол жолы Жамбыл Жабаев пен Қараман Ыңғаев қатар отырған автокөлік Мәскеуді аралап, бұларға қаланы Молотовтың әйелі Жемчужина таныстырған.
Қараманның бел баласы Ұзақбайдың дүниеге келуінің өз сыры бар. Төрт рет қыз тапқан анасы Айымсұлу және бастарына қиындық түскен тағы екі келіншек қайықпен қырға шығып, Бектау деген жердегі әулиенің басына түнейді. Сонда Айымсұлу түс көріп, Жанғожа батыр бұлардың үйіндегі адалбақанға бөркін іліп кетеді. Осыдан кейін балықшылар бригадирі Қараман мен бүкіл туыстар ұзақ күткен ұл – Ұзақбай іңгәлаған.
Түстің тағы бір тылсымы өзінің басынан өткен. Онда «Алмаатапромстрой» тресіне қарасты құрылыс материалдары мен құрастырмалары зауытының директоры болатын. Треске қарасты барлық құрылыс-монтаж басқармаларын бетон құрамалармен, панелдермен, есік-тереземен жабдықтайды. Жұмысы мінсіз. Жабдықтау кестесі мүлтіксіз орындалуда. Алматының Абай даңғылын Саин даңғылына дейін созып, жаңа шағын аудандар құрылысына керек материалдың бәрін ол басқарған зауыт шығарады.
Бір күні директор алаңдап оянады. Жұмысқа барар кездегі таңғы шайын құйып жатып зайыбы Ұлдай не болғанын сұрайды. «Түсімде Сталин екеуіміз бір табақтан ет жеп отыр екенбіз. Сталин өлген адам ғой, мен де өліп қаламын ба деп қорқып отырмын», дейді Ұзақбай. Сонда Ұлдай апамыз «Сталин ел басқарған. Онымен табақтас болсаң, сен де ел басқаруға жетесің» деп жақсылыққа жориды.
Тура сол күні Қарамановты треске шақырады. Барса, сені «Алматы құрылыс» бас басқармасынан іздеп жатыр» дейді. Бас басқармаға барса, «ойбай, сені сұратқан біз емес, қалалық партия комитеті, сонда бар» дейді. Ондағылар болса «Орталық Комитетке заула, солар шақырып жатыр» дейді. Не керек, Ұзақбайды Орталық Комитеттің құрылыс бөліміне жауапты қызметке тағайындамақ екен.
Орталық Комитетте қызметте жүргенінде Аралдан әкесі келді. Бар шаруасы – «Қонаев отыратын жерді көрсет». Орден таққан Қараман ақсақалды Қонаевтың қабылдау бөлмесі жанындағы күзетке дейін апарады. Қарт балықшы риза. Кезінде Кремльде болған еді, енді Алматыдағы Үкімет үйін көріп шыққанына ғана емес, баласының сонда қызмет істейтініне риза болғаны анық.
Бәрібір кабинеттегі жұмыс Ұзақбайға қол емес екен. Бір жылға жетпей құрылыс саласына жіберуге сұранды. Куйбышевтегі сәулет және құрылыс институтын бітірген, туған жері Аралда көп ғимарат салған, үлкен ұлының денсаулық жағдайымен Алматыға келіп, мұнда өзін танытқан Қараманов партияның Орталық Комитетіндегі қызметтен бас тартты. Бұрын болмаған құбылыс. Орталық Комитеттің екінші хатшысы Виталий Титов қатты таңғалған. Трест басшысына тағайындауға бос орын болмай, ақыры 22-құрылыс-монтаж басқармасына бастық етті. Кешікпей Қараманов бәрібір «Алмаатапромстрой» тресін басқарды. Келесі сатыда қаншама трестің басын құрайтын «Алматы құрылыс» бас басқарманың тізгінін қолға алды.
Алматының қазіргі Достық, сол кездегі Ленин даңғылы бойындағы тоғыз қабатты үйлердің, Ленин атындағы сарайдың, «Қазақстан» қонақүйінің, Медеу мұз айдынының, Әуезов атындағы драма театрының құрылысын басқарды. Киров атындағы зауыттың Ыстықкөлдегі құпия торпедо сынау базасын салды. Бәрін санап тауысу мүмкін емес. Құрылыс саласынан диплом алған қазақ жастарын тауып, қамқорлық жасады. Кейін «Алматы құрылыс» бас басқармасының тізгінін өзі баулыған мамандардың бірі Амангелді Ермегияевке сеніп тапсырды.
Өйткені өзі өсе берген. Әрі қарай жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасарына тағайындалды. Осы саланың құрылыстарын: әр облыстағы аяқкиім, тері өңдеу, шұлық-ұйық, тігін және тоқыма фабрикаларын, оның ішінде атақты Алматы мақта-мата комбинатын салды. Бұдан кейін Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ селден қорғау бас басқармасын басқарды. Ұзақбай ағаны алғаш осы қызметте көрдік. Онда Үлкен Алматы каналы салынып жатты. Оның құрылысын тең бөліп, үш мекемеге тапсырған. Соның бірі Қазақ селден қорғау бас басқармасы еді. Біз жастар газетінің тілшісі ретінде құрылыс басында болып, «Ырыс арнасы» атты үлкен мақала жазғанбыз.
Осы алып құрылыс кезінде Қарамановтың тиянақтылығы, талап қойғыштығы мен іскерлігі республика басшысы Қонаевқа қатты ұнайды. Содан Қараманов ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің бірінші орынбасарына тағайындалды. Бұл – министр лауазымына теңдестірілген қызмет. Себебі: ауыр индустрия – бүкіл өндірістің жүрегі.
Қараманов Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Шымкент, Ақтөбе арасында тынбай жүріп үлкен өндіріс орындарын іске қосты. Теміртауда ақ қаңылтыр цехын салды. Жезқазғанның Жәйремінде кен-байыту комбинатының құрылысын қызу жүргізді. Біздің жолымыз осы жерде тағы түйіскен. Жастар газетіне «Жастықтан белгі қалды Жәйрем деген» тақырыппен бірнеше мақала жаздық. Қостанайда химиялық талшықтар зауытын, Лисаков пен Қашар қалаларында кен-байыту комбинаттарын, Рудныйдағы алып комбинаттың қосымша қуаттарын салуға басшылық етті. Шымкентте шина мен мұнай айыру зауыттарының құрылысына жауапты еді.
Осы тұста алғашқы реформасын жасады. Министрлік пен трестер арасындағы облысаралық бас басқармаларды артық буын ретінде қысқартты. Ондағы мамандар нақты өндіріске жіберілді. Бүкіл трестерді министрлік тікелей басқарады. Жұмыс ауырлады, бірақ жүру қарқыны жеделдеді.
Осы қызмет бойынша кезекті іссапармен Қостанайға келген еді. Бірақ әуежайдан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы күтіп алып, «сізді Орталық Комитеттен іздеп жатыр. Осы ұшақпен Алматыға қайтасыз» дейді. «Тағы не болып қалды» деп ойласа, республикалық Материалдық жабдықтау комитетін басқаруға тағайындамақ екен. Бұл – үкімет мүшесі болу.
1987 жылы Қазақстанда «Тұрғын үй – 91» атты бағдарлама басталған. Соған орай барлық аймақтағы тұрғын үй құрылысын қажетті материалмен қамтамасыз етуге білікті басшы іздестірілген. Таңдау Ұзақбай Қарамановқа түсіпті. Осы қызметті абыроймен атқарғандықтан оған 1989 жылы жазда Қазақстан үкіметін басқаруды сеніп тапсырды. Міне, Қарамановтың өсу жолы осындай. Еш жетексіз, «көке» мен «жәкесіз» шыққан биігі.
Үкімет басшысы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болуы керек. Сайлауға Талдықорған облысынан түсуге тиіс. Осы кезде аймақтың сайлаушыларына ғана емес, бүкіл республикаға Ұзақбай Қарамановты кеңінен таныстыру бізге тапсырылды. Жүздесіп, қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінің екінші бетін толтырып «Нар жолында жүк қалмайды» деген мақала жазып едік. Кешікпей басылымның 70 жылдық мерейтойына өзі салған Әуезов атындағы театрға келгенде алдына мақтанып баруға ұялғанбыз.
Халыққа қызметін айтпағанда кісілігі көпке үлгі еді. Бойында тәкаппарлық, менменсу жоқ. Барынша қарапайым, бірақ сұмдық талап қойғыш. Онсыз үкіметті де, құрылыс саласын басқару мүмкін емес. Екі тілде бірдей кіммен болсын еркін сөйлеседі.
Адалдығы адам таңғаларлықтай. Құрылыс саласында жүріп отбасының баспана мәселесін ойламайтын. Болмаған соң зайыбы Ұлдай жоғары басшылардың алдына барып, дұрыс пәтер сұраған кезі болған. Бүкіл республиканы материалдық жағына жабдықтап тұрып үйіне сабақты ине әкелмеген. Есесіне 1989 жылы Қазалы ауданына қар қалың түсіп, көктемде бірнеше күн нөсер құйып, ескі үйлер құлап қалғанын көргенде 3 миллион кеңес сомы мөлшеріндегі құрылыс материалын жөнелтеді.
Қызметті жеке басына пайдаланбағанына және бір қызық мысал бар. Республика үкіметін басқарып жүргенінде үш ұлдың кенжесін әскерге шақырады. Жарты жылдан кейін әйелі Ұлдай әскердегі баласының жағдайын білуге бармай ма. Сонда әскери бөлімдегі офицерлер оның әкесі Қазақстан үкіметінің басшысы екенін бір-ақ естіпті. Неге әкесі әскерден алып қалмаған? Неге солдат әкесінің республика Министрлер кеңесінің төрағасы екенін айтпаған? Отбасындағы тәртіп пен тәрбиені осы мысал байқатса керек.
Ұзақбай ағаның алдынан талай жақсы адамдар жолыққан. Куйбышевте оқып жүргенде практикадан Волга өзені арқылы теплоходпен қайтады. Палубада екі адам шахмат ойнап отыр. Мұны курстас досы Василий Карпов бүйірден түріп, «сен ойнасаңшы, институттың чемпионысың ғой» дейді. Иә, оқуға түскенше шахмат ойнамаған Ұзақбай төрт жылдан соң чемпион болып шыққан. Алғырлығының белгісі.
Не керек, шахмат тақтасында бір кісіге қарсы ойнап, қатарынан үш рет ұтылады. Сөйтсе, қарсыласы – шахматтан әлем чемпиондығына бірнеше рет үміткер болған халықаралық гроссмейстер Лев Полугаевский, қасындағысы даңқты Михаиль Таль екен!
24 жасында, Аралдағы 250 адамы бар құрылыс басқармасын басқарған жас маманға қаланы сумен жабдықтау үшін Аманөткел – Арал құбырын тартуға тапсырма түскен. Екі ара 99 шақырым. Болат құбырдың диаметрі 1 метр, әрі жер астында жатады. Белгіленген екі жылда құрылысты қабылдауға Алматыдан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары Атымтай Қисанов келген. Түгел аралап, суды жоғары қысыммен айдап, тексереді. Ақыры актіге қол қойып қабылдайды. Сонда «Қонаевтың ең сенімді адамы» делінетін Атымтайды бір рет қонақ етпепті. Екеуі құрылысшылар асханасынан түстеніп, оған үлгермесе машинаның капотына қағаз жайып, нан мен балық жеп, су ішіп жүре беретін.
Осының бәрін бағамдағанда Қараманов аспаннан түскен, яғни билікте аяқ астынан пайда болған тұлға емес. Қайта бүкіл білімі мен күш-қуатын мемлекетіміз толық пайдалана алмаған қайраткер болатын. Ауыл шаруашылығын ыдыратып, жекешелендіруге болмайтындығы туралы ұстанымда еді. Арада отыз жыл өткенде, жер жүзі азық-түліктің сұрапыл тапшылығына тап болғанда сан соғып отырмыз. Қазақстанды әлемдегі ең көп астық пен ең дәмді мал өнімдерін экспорттайтын мемлекеттердің алдыңғы сапына шығарудың мүмкіндігі қолдан сусып кетіпті.
Үкімет басқарғаннан кейінгі қызметінде Қарамановтың Арал аймағын сақтап қалудағы қайраткерлігі ерекше. Бүкіл дүниежүзілік банкке донор елдердің қаржы аударуы, соған Көкарал су бөгенін тұрғызу үшін еңбек етті. Бірнеше мемлекеттің басын қосқан Халықаралық Арал қорын басқарды. Парламент Мәжілісінің комитет төрағасы болғанда депутаттардың үлкен тобын аймаққа апарып, жергілікті жағдаймен таныстырды. Көшпелі мәжіліс өткізді. Сол арқылы экологиялық апат аймағын сауықтыруға ұмтылды.
Кеңес Одағының алдымен мақта, одан кейін күріш деген саясатының құрбан болған қайран Арал жастық шағының сырына куә еді. Амал не?! Бастауыш мектепті оқыған Үшмырза, одан орталау мектепті оқыған Ұялы ауылдарының орны да қалмаған. Ұялыда жылына 20 мың тонна балық өңдейтін үлкен зауыт болған. Аралдан күн сайын ұшақ қатынайтын. Екі жағалаудың арасы 300 шақырым.
Бірде студент Ұзақбай су жолы арқылы Ұялыдан Аралға кемемен шығады. Сол кемеге медицина училищесінде оқитын Ұлдай да отырыпты. Дизельді кеме 300 шақырымға 33 сағат жүзеді. Екі күн, бір түнде екі жүректе махаббат ұшқындайды. Уәделесіп алып, төрт жылдан соң Ұзақбай институт бітіріп келгенде екеуі үйленген. Төрт күнге шыдамайтын қазіргілер үшін ертек шығар.
Аралдағы кеменің махаббат оқиғасы «Титаниктен» анағұрлым сәтті болды. Екеуі үш ұл өсірді. Ұзекең халықтың құрметіне бөленіп, 80 жасқа жетіп, өмірден өтті. Ұлдай апа медицина училищесінен кейін ұлымен қатар оқып, университеттің заң факультетін бітірді. Бас прокуратурада жауапты қызмет істеді.
Тек бұл «Титаник»» жүзген айдын баяғыдай шалқымайды. Ұлы теңіздің орнында Кіші Арал ғана сақталды. Онда да Қараманов сияқты қайраткерлердің арқасында.
Қайнар ОЛЖАЙ