Біз Ақтөбе қаласының өндірістік аймағында орналасқан «ЕРГ Ресайклинг» компаниясының сауда алаңын аралап көрдік. Серіктестіктің операциялық директоры Руслан Ибраев бізді күнделікті жұмыс барысымен таныстырды. Зауыт алаңындағы қиыршық тас үйінділерінің жанында кәдімгідей еркін демаласың. Шаң-тозаң жоқ. Өйткені оны болдырмау үшін осы алаңның аумағына және ұнтақталған тас үйінділерінің беткі қабатына мезгіл-мезгіл су себіледі. Бұл жерде бір тонна қиыршық тастың бағасы – 200 теңге. Ал толтыра тиелген бір «КамАЗ» қиыршық тас 2 мың теңгеге бағаланады. Алайда 10 тонна қиыршық тас тұтынушыға екі мың теңгеге сатылмайды. Себебі өнім құны тасымалдау қызметінің қымбаттығына байланысты жоғарылайды, ал зауыттың оған еш қатысы жоқ.
Зауыттың кіреберіс қақпасының алдында кезек күтіп тұрған жүк көліктері көп. Бүгінде жол-құрылыс компанияларының тарапынан осы кәсіпорынның өніміне сұраныс өте жоғары болып тұр. Зауыт аумағына кірген, рельстерде тұрған жүк вагондарына күніне 15-20 вагон қиыршық тас тиеліп, басқа өңірлерге жіберіледі. Соның ішінде Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының кәсіпорындарынан тапсырыс көп.
Руслан Ибраевтың айтуынша, қазіргі уақытта серіктестік қоймаларында 1 млн тоннадан астам түрлі өлшемдегі қиыршық тас жинақталған. Әдетте Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қиыршық тас 5х20, 20х40, 40х70 өлшемінде ұнтақталады. Мұны тек жолға төсеп қана қоймай, одан тұрғын үй құрылысына қажетті тауарлы бетон, іргетастар мен тас блоктар, жабынды плиталар, аэродром блоктары шығарылады.
«Қазір біз осы қалдықтарды өңдеудің жаңа технологиялық цикліне көшіп жатырмыз. Негізгі мақсат – қалдықсыз өндіріске қол жеткізу. Қалдықтарды терең өңдеу арқылы құрылыс материалдарының көптеген түрін шығаруға болады. Қиыршық тастан бетон, минералды ұнтақтар алынады. Бұл жол құрылысына өте қажет», дейді Руслан Ибраев.
«Біз – ұзақ жылдан бері әріптестерміз. Осы кәсіпорынның өнімдерін жол құрылысына пайдаланамыз. Бұл жерден шығатын қиыршық тастың сапасы жақсы әрі бағасы қолжетімді», дейді «Магистраль Проектстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Григорий Крамер.
Жақында «ЕРГ Ресайклинг» ЖШС Ақтөбе қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Сазды тұрғын үй алабында жаңа әлеуметтік жобаны қолға алды. Бұл жерде 1970 жылдан бері құм, тас, саз алынып келе жатқан карьер бар. Қазіргі уақытта оның айналасы тұрмыстық қалдықтардан қордаланған қоқыс үйінділеріне толы. «ЕРГ Ресайклинг» ЖШС осы аумақтың 15 гектарын алып жатқан карьерді қоқыс үйінділерінен тазартып, тегістеп, осы жерге жылыжай тұрғызбақшы. Ластанған аумақты толық тазарту жұмыстары мен оның топырағын сауықтыруға үш жылдан астам уақыт керек. Бұл әлеуметтік жобаның мақсаты – ел Үкіметінің заңсыз қоқыс үйінділерін жою жөніндегі тапсырмасын орындау және Ақтөбе қаласының төңірегіндегі экологиялық ахуалды жақсартуға атсалысу.
Жобаның бірінші кезеңі бойынша тазартылуға тиіс аумаққа қиыршық тас жеткізуге қажетті құжаттар әзірленді. Серіктестік басшылары Сазды, Сазды-2, Бауырластар елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті және қоғамдық тыңдау өткізді. Осы төңіректегі елді мекендердің тұрғындары ескі құм карьерін жабуды жақтайды. Өйткені оның қазаншұңқырлары тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгетін қоқыс үйіндісіне айналған. «ЕРГ Ресайклинг» ЖШС басшылығы әкімдіктің тапсырмасымен үш жылда заңсыз қоқыс үйіндісінен тазартуды қолға алса да, жасыл технологиялар жобасын іске асыруға қарсы шығушылар табылып жатыр.
Руслан Ибраевтың сөзіне қарағанда, топтың еншілес компаниялары Ақтөбе мен Хромтау қалаларында мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жылыжай түріндегі жасыл технологиялар жобасын жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпорынның еңбеккерлері ғана емес, сондай-ақ жақын төңіректегі үш елді мекеннің тұрғындары да таза табиғи өніммен қамтамасыз етіледі.
«Ақтөбе агломерациясының аумағы үлкейіп барады. Бұрын осы жерде бір ғана Сазды елді мекені болса, соңғы жылдары 10 мыңға жуық тұрғыны бар үш тұрғын үй алабы пайда болды. «ЕРГ Ресайклинг» компаниясы биыл сәуір айында Сазды карьері қазандықтарындағы 15 гектар аумақты заңсыз қоқыс үйінділерінен тазартуды бастады. Екі ай ішінде қазандықтарды тазарту және карьер айналасында үйілген қоқыстарды сұрыптау жұмыстары жүргізіліп, қалдықтар қалалық қоқыс полигонына шығарылды. Бұған қоса, жол бойына тұрғындарды тазалыққа шақырған баннер ілінді. Алайда, өкінішке қарай, бүгін таңертең тазартылған аумақта ертеңіне қоқыс толып қалады», дейді Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Жақсылықов.
«ЕРГ Ресайклинг» компаниясының жұмысқа асқан жауапкершілікпен кірісуінің бір айғағы – аталған жобаны жүзеге асыру барысында арнайы маман дәрігер – гигиенист-эпидемиолог жұмысқа тартылған. Дәрігердің көзқарасы айқын: осы аумақты тазарту жұмыстары тұрғындар денсаулығын қорғауға және олардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігіне кепілдік береді.
Сазды карьерінің терең шұңқырларын заңсыз қоқыс үйінділерінен тазарту және аумақты көгалдандыру жұмыстары жалғасын таба береді. Бұл ең алдымен тұрғындардың денсаулығы үшін қажет. Заңсыз қоқыс үйінділері экологиялық ахуалға да теріс әсер етеді.
«Бұл жердегі қоқыс төгілген қазаншұңқырларға көктемде еріген қар суы жиналып, оған қосылған зиянды қалдықтар жер астына сіңеді. Жерасты суы мен жер бетінің суы өзара байланысты екенін жұрттың бәрі біледі. Осы төңіректе жерасты суы өте жақын орналасқан. Жақын жердегі ауылдардың көбінің ауласында құдық бар. Одан жұрт малына су алып береді, бау-бақшасын да суарады. Су жиналып қалмас үшін заңсыз қоқыс үйінділерін жою және шұңқырларды тегістеу керек», дейді дәрігер.
Осылайша, 1990 жылдардан бері үйілген кен қалдықтарын күрделі қайта өңдеуді бастаған кәсіпорын Ақтөбе қаласының Сазды тұрғын үй алабы төңірегінде жасыл белдеу орнатуға кірісті. Тұтастай алғанда, ластанған топырақты зарарсыздандыру және сауықтыру шаралары аталған елді мекеннің төңірегін тазартып қана қоймай, Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалына да оң әсерін тигізбекші.
Ақтөбе облысы