Әсіресе ірі банктерге шағын бизнестен сұраныс көп түскен. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 310 мыңға дейін өскен.
«Өтінімдер санының өсуі, әсіресе ірі банктердің шағын бизнеске арналған скорингтік онлайн кредиттік өнімдерді белсенді дамытуымен, сондай-ақ осы өнімдерді жекелеген банктердің іске қосуымен байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кредиттеудің қайта жандану үрдісі есепті тоқсандағы сұранысқа оң әсерін тигізді. Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан да кредитке сұраныс айтарлықтай көбейді. Есепті тоқсанда түскен кредиттік өтінімдердің саны 3,9 мыңға жетті», дейді Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Ерұлан Мұстафин.
Кредиттерге сұраныстың мейлінше аз өсімі ірі бизнес тарапынан байқалған. Сұраныстың өсуіне негізгі үлес қосушы – ірі банктерден қарыз алушылар. Есепті тоқсанда өтінімдер саны 203-ке дейін 10 пайызға көбейген.
Айта кету керек, қазіргі кезде бизнеске кредит беру талаптары біршама күшейді. Бизнеске берілетін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің, ең алдымен, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өсуі тоқтаған жоқ.
«Келесі тоқсанда жекелеген банктер ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді, ШОБ бойынша сұраныс индексі орташа есеппен І тоқсанның деңгейінде сақталады. Банктің көбі келесі тоқсанда бизнеске берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің өсуін күтпейді. 2022 жылдың ІІ тоқсанында бөлшек қарыздарға сұраныс ипотекалық қарыз сегментінде азайды, ал тұтынушылық қарыздарға сұраныс ұлғайды. Банктер ипотекалық қарыздарға сұраныстың төмендеуін – жеңілдікпен берілетін кредиттерге деген қолжетімділіктің қысқаруымен, сондай-ақ халықтың негізгі сұранысы өткен тоқсанда 2022 жылғы 1 сәуірден бастап тұрғын үй сатып алу немесе жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша жеткіліктілік шегін арттыруға дейін өткен тоқсанда халықтың негізгі сұранысының іске асырылғанымен байланыстырады. Келіп түскен өтінімдер санында жеке банкте сандық өнімді іске қосумен, сондай-ақ басқа банкте маусымдық фактормен байланысты 135 мыңнан 258 мыңға дейін өскені байқалды. Десе де, бұл факторлар ипотекалық кредит беру нарығындағы сұраныс индексінің төмендеу үрдісінің өзгеруіне ықпал ете алмады», деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.
Банктердің дерегі бойынша, тұтынушылық қарыздарға сұраныстың артуы – халықтың тұтынушылық қажеттілігінің өсуіне байланысты ұзақ пайдаланылатын тауарларға деген шығыстардың ұлғаюымен түсіндіріледі. Сонымен қатар банктер кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар бойынша кепіл мүлікке қойылатын талаптар бөлігінде кредит беру талаптарын жеңілдетті. Кепілсіз қарыздар бойынша кредиттің лимиті мен өтеу мерзімі де ұлғайды. Қазақстанда жұмыс істейтін Ресей банктерінің санкцияға ұшырап, олардан клиенттердің жаппай кетуі де – сұраныстың өсуіне себеп болған бір фактор.
Ал автокредит алуға сұраныстың өсуіне жеңілдікпен берілетін кредиттеу бағдарламасының қосылуы себеп болды. Дегенмен банктер салондағы автокөліктердің жетіспеушілігі өтінім беру және қарау процесін қиындататынын айтады. Банктер санының қысқаруы да кредит алуға берген өтінімдер санының төмендеуіне әсер етіп, олар 4,4 пайызға азая келе 393 мың өтінімді құраған.
«Екінші тоқсанда бөлшек қарыздың барлық түрі бойынша сыйақы мөлшерлемелердің және клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптардың көтерілуі түрінде кредиттеу талаптарының күшейтілгені байқалды. Келесі тоқсанда банктер тұтыну қарыздарына сұраныстың ұлғаюын, автокредиттерге сұраныстың төмендеуін, сондай-ақ ипотекалық қарыздарға сұраныстың есепті тоқсан деңгейінде сақталуын күтеді», дейді Е.Мұстафин.
Ұлттық банктің кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалдамасына 20 банк қатысқан. Мұндай сауалдаманы Ұлттық банк кредиттік ресурстардың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.