Бизнес • 23 Тамыз, 2022

Кәсіпкерлікті жүргізуге не кедергі?

1686 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалдама нәтижесін жариялады. Сауалдаманың қорытындысы көлік пен қойма салаларында, сондай-ақ ауыл шаруашылығында дайын өнімге деген сұранысқа қатысты жағдайдың жақсарғанын көрсетті. Тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде жағдай нашарлаған. Сауда мен құрылыстағы сұраныс көрсеткіші де теріс аймақта тұр.

Кәсіпкерлікті жүргізуге не кедергі?

Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің айтуынша, биыл екінші тоқсанда ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде және саудада сұранысқа байланысты жағдай жақсарады деген үміт бар. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібі мен көлікте және қоймада сақтау саласында сұраныс өсімі біршама бәсеңдемек.

«Екінші тоқсанда шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны жеделдегені барлық салада сезілді. Өндірістік қуатты жүктеудің жалпы деңгейі көтерілді. Анағұрлым жоғары көрсеткіш құрылыста байқалды. Бәсе­келестіктегі маңыздылықтың жоғары деңгейі бұрынғысынша сақталып қалды. Нарықтық бәсекенің ықпалына жиі түсетіндер – сауда кәсіпорындары. Доллар мен рубль – шетелдік әріптестермен есеп айырысуда пайдаланылатын негізгі валюта. Доллар кен өндіру өнеркәсібінде есеп айырысуда басым (кәсіпорындардың 62,1 пайызы) болса, өңдеу өнеркәсібінде кәсіпорындардың 64,9 пайызы, саудада 58,4 пайызы рубльді пайдаланады», деді Д.Чернявский.

Көптеген кәсіпорынның пікірі бойынша, екінші тоқсанда бизнесті жүргізуге негізгі кедергі болған фактор – Қазақстан экономикасының жағдайы. Сауда кәсіпорындары үшін ең маңызды шектеуші факторлардың бірі – басқа кәсіпорындар тарапынан туындайтын нарықтық бәсекелестік.

«Өңдеу өнеркәсібінің 26,4 пайызы және ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарының 31,3 пайызы білікті кадр­лардың жеткіліксіздігін атап өтті. Алдағы 12 айда барлық сектор бойынша қаржыландыру деңгейі жалпы өзгеріссіз қалады, сонымен бірге кен өндіру өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласы кәсіпорындарында қаржыландырудың ең үлкен өсімі, сауда саласында және құрылыста ең төмен өсімі күтілуде. Инвестиция көлемін төмендетуді жос­парлап отырған кәсіпорындардың ең жоғары үлесі құрылыста және өңдеу өндірісінде, ал ең төмен үлесі сауда саласында күтілуде. Қарастырылып отырған саланың бәрінде инвестицияны арттыруды жоспарлап отырған кәсіпорындар үлесінен, оны төмендетуді жоспарлап отырғандардың үлесі артық», делінген Ұлттық банк баяндамасында.

Сонымен қатар сауда, құрылыс және өңдеу саласынан басқа барлық сала банк несиесіне қол жеткізу тұрғысынан қиындыққа ұшыраған. Кредиттеу шарттарын қолайсыз деп есептейтін кәсіпорындардың ең көп үлесі – ауыл шаруашылығы саласында (18,5 пайыз). Көлік және қоймалау саласында олардың үлесі ең төменгі деңгейде (10,9 пайыз). 2022 жылдың үшінші тоқсанында несие алуға ниетті кәсіпорындардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласында (20,5 пайыз және 16,6 пайыз, сәйкесінше), ең төмен үлесі – тау-кен өнеркәсібі мен көлік және қоймалау саласында (7,8 пайыз және 8,2 пайыз) болады деп күтіледі.