Қаржы • 23 Тамыз, 2022

Жеке тұлға банкроттығы қалай жүзеге асады?

2402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң биылдан қалмай қабылданатын түрі бар. Қазір заң жобасы Мәжілістің қарауында. Қаржы министрлігі осы тарапта жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, елімізде банкроттықтың үш түрлі процедурасын енгізу қарастырылуда.

Жеке тұлға банкроттығы қалай жүзеге асады?

Бірінші процедура бойынша азамат соттан тыс банкроттықты жүзеге асыра алады. Бұл үшін келесідей шарттар қойылады: банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспауы керек. Сондай-ақ ресми табысы болмауы керек немесе табысы отбасы мүшелерін қоса алғанда ең төменгі күнкөріс шегінен (адам басына 36 018 теңге) асып кетпеуі қажет.

Комитет өкілдерінің хабарлауынша, борышкердің атында мүлік бол­мауға тиіс. Сонымен бірге қарыз бойынша банкпен есеп айырысу процедурасын жүргізу қажет болады. Жалпы, соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.

Екінші процедура сот банкроттығына негізделген. Мұны қарызы 4,9 млн теңгеден асатын қазақстандықтар пайдалана алады. Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі болса, ол аукционда сатылады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалады. Жеке тұлғаның сот арқылы банкрот болу процедурасымен арнайы тағайындалған қаржы басқарушысы айналысады. Бірақ борышкердің атында бір үй болса және ол кепілге қойылмаған болса, онда оған тиіспейді.

Үшінші процедура аясында клиенттің төлем қабілеті қалпына келтіріледі және сот арқылы қарыздарды 5 жылға дейін бөліп төлеп қайтару нұсқасы қарастырылады. Комитеттің хабарлауын­ша, сауықтыру жоспары қаржы бас­қарушысымен бірлесіп әзірленіп, сотта бекітіледі. Бұл үшін екі тараптың (борышкер мен кредитор) келісімі қажет болады.

Әрине, банкрот болу туралы шешімді мың қайтара ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Өйткені оның салдары да бар. Мәселен, өзін банкротпын деп жариялаған жеке тұлға 5 жыл бойы займ және несие ала алмайды. Екінші рет банкрот болу үшін араға 7 жыл салу қажет. Сонымен қатар заң бойынша банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді. Сондай-ақ жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылық курстарынан міндетті түрде өтуі жоспарланған.

«Заң жобасымен жұмыс жалғасып жатыр. Заң қатқыл болуы керек пе, әлде жұмсақтау болғаны жөн бе деген төңіректе талас-тартыс бар. Барлық тарапқа, тіпті банкке заңның әлдеқайда жұмсақ болғаны керек. Егер заң барынша қатаң болса, онда әлеуетті қарыз алушылар саны азайып кетуі мүмкін», дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, банкроттық бар мәселені шешпейді, бірақ бірқатар проблеманы жояды.

«Соның бірі – соттан тыс банкрот болу мүмкіндігі. Егер жеке тұлға табысынан айырылса, сөйтіп, қарызы артып кетсе және оны төлей алмаса, онда тиісті анықтамалық құжаттарды ұсына отырып сотқа жүгіне алады. Өткір проблеманың бірі – пайызы жоғары несиелерде болып тұр. Мұндай займдардың көбі тұтынушылық несиелерге тиесілі. Кредиттің көбінің пайызы нарықтық бағадан жоғары. Бірақ осындай заң арқылы мемлекет өз азаматтарын қымбат займдардан қорғай алады. Қазір несиесін төлей алмай, коллекторлар қысымына ұшырап жатқан азамат өте көп. Өмірлік қиын жағдайға түскен мұндай адамдарды кім қорғайды? Сондықтан банкроттықты қабылдап, несиеден құтылудың заңдық тәсілі қажет-ақ. Бірақ банкрот бола салу бүкіл түйткіл тарқатылады дегенді білдірмейді. Заң соның бәрін ескеріп, қабылданады деп үміттенемін», дейді экономист.

Ұлттық банктің хабарлауынша, қазір қазақстандықтардың банкке қарызы 6,6 трлн теңгеге жеткен. 2021 жылмен салыстырғанда банк алдындағы берешек 33,3 пайызға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың 1-30 күн аралығындағы өтелмеген берешегі 84 пайызға өскен және 333,1 млрд теңгені құрайды. Ал 90 күннен асқан берешек көлемі 12 пайызға ұлғайып, 417,7 млрд теңгеге жетіпті.