Аймақтар • 23 Тамыз, 2022

Ауылда шағын тракторлар шығарылады

711 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылда бизнес ашылды десе қуанатын болдық. Қазір кәсіптің көзін тапқанға велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бұл тұр­ғыда ауыл шаруашылығына арналған техникалық жаңа­шыл­дықтарды ебін та­уып енгізіп жатқандардың ісі сүйсінтеді. Ерлік Тайшыбаев құрастырған шағын тракторлар келешекте Ресей мен Қытайдан әкелінетін импорт техниканың орнын басып, шаруалардың қолын ұзартуы мүмкін.

Ауылда шағын тракторлар шығарылады

Ерлік Тайшыбаев – Май ауданының тұрғыны. Шағын тракторды құрастыру идеясы оған бір күнде келе қалған жоқ. Иелігінде өндірістік база, арнайы алаң және металмен жұмыс істеуге арналған құрал-жабдықтары жеткілікті болған соң ауылдастарына техникалық тұрғыдан көмектесуді ойға алыпты. Сөйтіп, алдына бір өзі ондаған жұмыс түрін атқара алатын әрі бағасы арзан шағын трактор құрастырсам деген мақсат қояды. Ауылдық бизнеске техника құрастыру лицензиясын сатып алу қаржылық тұрғыдан тиімсіз әрі үлкен өндіріс ашу да ыңғайсыз. Сондықтан тым болмағанда жылына кемінде 50 трактор шығаратын шағын өндіріс ашсам деп жатса-тұрса армандайды.

Сөйтіп, күндердің күнінде YouTube платформасынан ресейлік инженер­дің курстарын көзі шалып қалмасы бар ма. Ол жасаған техниканың қара­пайымдылығы ұнап, авторға хабарласып қажетті сызбаларын сұрап алған. Ал тракторға қажет қосымша бөлшектер мен қозғалтқышты сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы ұтып алған 5 млн теңге грантты пайдаланды.

Бүгінде «Димаш» жеке кәсіп­кер­лігінің өндірістік базасында «Жұмыскер» деп аталатын 2 шағын трактор құрастырылып шықты. Әмбебап техника 15 түрлі жұмысты атқара алады. Шөпті шауып, жинау, картоп отырғызу, қыста қар күреу сияқ­ты тағысын-тағы ауылдың бір бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады.

– Ауылдың тірлігі техникасыз бітпейді. Шөп шабуға, қи ойып, көң шығаруға, қар таза­лауға, айта берсең барлы­ғына машинаның көмегі керек. Тракторыма патент алдым. Енді тиеуіш шөміш, қар күрегіштер, арнайы аша жасап жатырмын. Техниканың жебесі 300 килограмдық жүкті үш метрге дейін көтереді. Бұл өзі «метис» трактор болғалы тұр, бірнеше техниканың бөл­шектерінен құрастырылған. Белдік темірі мен беріліс қора­бын, рулінің колонкасын «Жи­гулиден» иемденіп алдық, ал қоз­ғалтқышы Қытайда жаса­латын «Лифан Брайд» деп ата­латын 15 аттың күші бар агрегат. Дөңгелектерін де ескі Ваз көлігінен алдық. Көлікті құ­рас­тыруда инженерлік тұр­ғыдан арзан әрі тиімді жол­дарын іздестірдік, – дейді кәсіпкер.

Трактордың базалық түрі 3 млн теңгеден басталады. Ай­туын­ша, соңғы жарты жылда қажетті қосалқы бөлшек­тер тым қымбаттап кеткен. Сон­дық­­тан бағасын біраз үстеме­леуге тура келіпті. Бір өзі үлкен трак­торлардың жұмысын тындырып жүре беретін шағын техниканың артықшылығы кез келген қуысқа еніп кететін­ді­гінде. Қозғалтқышы бензинмен жүретіндіктен қыста қа­тып қалады-ау деп қорқудың да қажеті жоқ. Қаңқасы швеллер темірден жасалғандықтан төзімді әрі ауыр, жүк тарту ке­зін­­де де басымдыққа ие, деп атап өтті құрастырушы. Мұн­дай трактордың бүгінде Қазақ­стан бойынша бірнеше үлгісі кездеседі. Дей тұрғанмен Май ауданында құрастырылатын техниканың көптеген артық­шы­лығы бар. Мәселен, көтер­гіштің жебесіне бытыра мо­йын­тірек престеледі. Әдетте құрас­тырушылар ол жерге қа­ра­пайым білік қоя салатыны бар. Білік біраз уақыттан соң желініп, жа­ңартуға тура келеді.

Сағатына 15 шақырымға де­йін жол жүретін, салмағы 700 килограмм әмбебап техниканың бірін бүгінде аудандық әкімдік сатып алуға бел байлап отыр. Жа­қын күндері агрегат арнайы патент алып, сертификатқа ие болған соң оны субсидияланатын ауыл шаруашылығы техникалары тізіміне қосу да жоспарда тұр. Егер техника биыл қыста сы­­нақ­тан сәтті өтсе, өңірдің ­ауыл­ шаруа­шылығына жауапты ме­ке­мелер оны жарнамалау ісіне атса­лыспақ ниетте.

Атап өтерлігі, кезіндегі Пав­лодар трактор зауыты жо­йыл­­ғалы «Жұмыскер» өңір­де алғаш болып толық құрас­ты­рылған әрі патентке ие болған жалғыз шағын трактор. 2019 жылы қы­тай­лық Wan E компаниясымен келісімшарт негізінде облыс орталығында Қытай елінің машиналары құрастырылады деп күтілген еді. «Павлодар» арна­йы экономикалық аймағында салынуға тиіс өндіріс жобасы сол күйі қағаз бетінде ғана қал­ды. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл кәсіпкерінің батыл бастамасы қошеметтеуге тұрарлық.

 

Павлодар облысы