Қоғам • 24 Тамыз, 2022

Қару ұрлағандар «қармаққа» түсуде

1636 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құқық қорғау органдары қаңтар оқиғасына қатысты кезекті деректерді ұсынды. Тергеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандықтан, шын кінәлілерге жаза кесіліп, қолды болған қару-жарақтар табыла бастады. Осы және өзге де ресми ақпараттар Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Қару ұрлағандар «қармаққа» түсуде

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов әуелі қаңтар оқиғасына қатысы бар күдікті­лерді табуға, сондай-ақ ұрланған мүлік пен қарудың орналасқан жерін анықтауға көмектескен азаматтарға алғысын білдірді.

– Қаңтардағы оқиғалардың ақ-қарасын анықтауға бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін барлық құқық қорғау органы тартылғаны белгілі. Мәселен, террористік актілер мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтау­мен арнайы прокурорлардың басшылығы мен ведомствоара­лық жедел-тергеу топтары айналысуда. Өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы азаматтардың шағымдары бойынша тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның қызметкерлері, жекелеген жағдайларда арнайы прокурорлар жүргізуде. Ішкі істер органдарының жедел тергеу топтары жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған ұрлық, тонау, көлікті заңсыз айдап әкету, бұзақылық және қару ұрлау фактілерін тергеуде. Біздің ортақ міндетіміз – толық, объективті және жан-жақ­ты тергеу жүргізу, азаматтарға бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге көмектесу, сондай-ақ алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін қажетті және кешенді шаралар қабылдау.

Қаңтар оқиғалары барысында қылмыскерлердің жолында кездейсоқ кездескен көптеген азамат зардап шекті. Олардың кейбіреуі ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айдауына еріп, өздері қылмыс жасауға дейін барған. Қазір біз басқа құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, ұйымдастырушылар мен осы оқиғаларға тікелей қатысы бар күдіктілерді анықтау бойынша жүйелі жұмысты жалғасты­рып келеміз. Әр дерекке қатысты мұқият тергеу жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша анықталған күдіктілер жасалған әрекетіне байланысты тиісті жазасын алуда, – деді Санжар Әділов.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ішкі істер органдарының тер­геушілері қаңтар оқиғалары бойынша 4 642 қылмыстық іс қозғаған (ұрлық бойынша 2,5 мың, қаруды ұрлау немесе сақтау бойынша 710 факт, 418 бұзақылық, мүлікті жоюдың 199 фактісі, 26 қарақшылық және тонау). 971 істің өндірісі аяқталып, оның ішінде 609 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданған.

Сот қарауларының нәтижелері бойынша 539 айыпталушыға үкім шықты. Олардың 425-нің бас бостандығы шектелген, десе де, тек 104-і ғана ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған. Қазір полиция тергеушілерінің өндірісінде 276 іс бар (қаруды заң­сыз сақтау – 50, кісі өлтіру – 33, би­лікті асыра пайдалану – 40, ұр­лық – 16, бұзақылық – 4 және т.б.).

Жалпы, бүгінде тергеуші­лер 40 мыңға жуық тергеу әрекет­терін жүргізіп, 15 мыңнан ас­там азаматтан жауап алған. Ал тағайындалған сараптама саны 2,5 мыңнан асады. Зардап шеккен азаматтарға 360 млн теңгеге жуық сомаға бағаланған залал өтелген. Сотқа дейінгі тергеу және істерді сотта қарау сатысында күдіктілер өз еріктерімен жәбірленушілерге 15 млн теңгеден астам сомаға залалды өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңілдете­тін мән-жайларды ескерудің маңыздылығы туралы тапсырмасын орындау аясында бұрын сотталмаған, мінездемесі жақсы және шығынды өз еркімен өтеген 421 күдіктіге қатысты бұл­тартпау шаралары қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес болып өзгертілген. Оларға еш­қайда кетпеу қолхаты, кепіл, үйде қамауда ұстау және жеке кепілгерлік сияқты бұлтартпау шаралары қолданылған.

Орташа және онша ауыр емес қылмыс жасаған, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген 35 күдіктіге қатысты қылмыстық істер тарап­тардың татуласуына байланысты қысқартылды. Өз кезегінде соттар да жаза тағайындаған кезде тергеу мәліметтерімен қатар, сотталушылардың өз ұстанымын, өкініш білдіруін, шығынды өтегенін және тергеуге жәрдем көрсеткенін ескеруде.

Қаңтар оқиғалары кезін­де көптеген қызметтік және азаматтық қару (2 900 бірлік) ұрланып, азаматтардың қауіп­сіздігіне қауіп төнгені белгілі. Бүгінде тәртіп сақшылары 873 қаруды тәркілеген. Оның ішінде 480 табельдік және 387 азаматтық қару тіркелді. Қазіргі уақытта полиция ұрланған қаруды ғана емес, жалпы, заңсыз айналымдағы қаруды табу және тәркілеу бо­йынша мақсатты жұмыс жүргізу­ді жалғастыруда. Мысалы, Алматы облысының Іле ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитеті­мен бірлескен жедел-іздестіру шаралары барысында 53 аңшылық оқ-дәрілер, 13 газды және 15 жарық шулы граната жасырылған қойма табылған.

Бүгінде қаңтар оқиғасы кезін­де ұрланған қарудың 2 087 бірлігі анықталмаған күйінде қалып отыр (1 285 азаматтық, 645 табельдік, 157 травматикалық, газ және сигналдық тапаншалар). Оларды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жам­был, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қарулы қылмыскерлер мемлекеттік және азаматтық объектілерді басып алып, қиратқаны белгілі. Оның ішінде әкімдіктер, аэропорттар, полиция ғимараттары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, БАҚ ғимараттары, сондай-ақ сауда үйлері, қару дүкендері және азаматтардың жеке мүліктері бар. Жүздеген ғимарат пен көлік құралы өртенді. Соның салдарынан 100 млрд теңгеден астам сомаға залал кел­тірілген. Оның 92 млрд теңгесі бизнес субъектілеріне тиесілі.