Оқу-жаттығу алаңында құпия қойма жасақталған. Онда «Солтүстік Корея зымырандарының жерден аспанға қай уақытта көтерілетінін анықтауға мүмкіндік бар», деді АҚШ жағындағы операциялық орталықтың басшысы, полковник Энтони Кучински ВВС-ге берген сұхбатында.
АҚШ Әскери-әуе күштерінің Осан базасындағы бұл операциялық орталық екі армия үйлесімді жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз орын екенін атап өткен жөн. Осы аптада екі мемлекет армиясы соңғы төрт жылда алғаш рет Солтүстік Кореяның шабуылына қарсы дала жаттығуларын өткізуді бастады. Жылдар бойы өткізілген дәстүрлі іс-шара 2018 жылы АҚШ пен Оңтүстік Корея Солтүстікті ядролық қарудан бас тартуға көндіруге тырысқан уақытта тоқтатылған еді. Бірақ барған сайын Солтүстік Кореямен жауласуға итермелеген қарым-қатынастан соң екі ел билігі жаттығуларды қайта бастаудың уақыты келді деп шешті. Өйткені Солтүстік Корея биыл зымыран санын арттырып, қару-жарағын жетілдіріліп келеді. Әскери сарапшылар «зымырандар жолдағы кедергілердің барлығын жайпап, нысанаға дәл тию қабілетіне ие», дейді.
Сонымен бірге, барлау қызметі Солтүстік Корея жетінші ядролық сынағын өткізуге дайын екенін айтады. Бұған қоса Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын өзінің ядролық қаруын Оңтүстікке қарсы қолдануға әзір екендігін айтып, ескерту жасағаны мәлім. Осының барлығын ескере отырып, Сеулге қауіп төніп тұрған шақта Ulchi Freedom Shield деп аталатын тоғыз күндік жаттығуға ұшақтар, әскери кемелер мен танктер жұмылдырылып жатыр. Ресми хабарламалар жариялағандай әскерилер Солтүстік Кореяның шабуылына қалай тойтарыс беру керектігін ғана емес, сонымен бірге жекелеген «жау» әскерлеріне қалай қарсы соққы беруді де үйренуде.
Бірақ бұл жаттығулар Солтүстік Кореяның ашуын туғызуы мүмкін деген қауіп бар. «Пхеньян кезекті зымырандарын сынап, көптен күткен ядролық сынағын өткізіп, тіпті кішігірім қақтығысты бастау арқылы жауап қайтаруы ықтимал», дейді сарапшылар. Ал Оңтүстік Корея Қорғаныс министрінің орынбасары Шин Беомчул Би-би-сиге берген сұхбатында: «Олар бұл жаттығулардың қорғаныс мақсатында өтетінін біледі, алайда білмегендік танытып «пайдалануы» мүмкін», деді. Алайда Осан әуе күштері базасындағы әуе күштерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант Скотт Плеус бұл пікірді үзілді-кесілді жоққа шығарады. Ол «Солтүстіккореялықтардың әрекетіне біз де дәл солай деп жауап бере аламыз, оған толық мүмкіндігіміз бар», деп жауап берді.
Сеул де егер Пхеньян ядролық қаруды сынаса, оған сөзсіз жауап қайтарылатынын ескертті. Вице-министр Шин Оңтүстік Кореяға америкалық бомбалаушы ұшақтар мен басқа да қару-жарақ жіберілетінін, ал Сеулдің Вашингтонмен бірге қосымша санкциялар салатынын растады. Оңтүстік Кореяның ядролық қаруы жоқ, алайда Америка Құрама Штаттары қажет болған жағдайда Сеулді қорғау үшін өзінің ядролық қаруын пайдаланады деген келісім барын жеткізді Шин.
Дегенмен Оңтүстік Корея билігі Солтүстік Кореяның шабуыл жасамасына үмітпен қарайды, бірақ халық бұған барған сайын наразылық танытуда. Биыл жүргізілген сауалдама халықтың 71 пайызы елдің өзінің ядролық қаруын жасауын қолдайтынын көрсеткен, алайда Оңтүстік Корея президенті мұны жоспарламайтынын айтады. Ол АҚШ-қа сенетін сыңайлы. Генерал-лейтенант Плейс те елді «жауға» бермейтінін айтып, сендіріп бағуда. «Корей түбегін күн сайын 28 500 АҚШ әскері күзетеді, халық қорқыныш сезімін сейілтіп, бізге сенулері қажет», деп мәлімдеді ол.
Бірақ барған сайын АҚШ пен Оңтүстік Корея «күшті» қарсыласқа тап болғанын, оларға қарсы әскери дайындық жүргізуден басқа амалы жоқ екенін мойындайды.