Бизнес • 24 Тамыз, 2022

Үздік бизнес-идея ұсынған кәсіпкерлерге грант берілді

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесудің қорытындылары жайында баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үздік бизнес-идея ұсынған кәсіпкерлерге грант берілді

«Ашық микрофон» форматында өткен жиынға «Атамекен» ҰКП басшылары, құқық қорғау және қадағалау органдарының, салалық қауымдастықтардың қызметкерлері, сондай-ақ адвокаттар, заңгерлер мен кәсіпкерлер қатысты.

«Қала экономикасының негізін шағын және орта бизнес құрайды. Елордада түрлі секторларға тартылған және 500 мыңға жуық қала тұрғыны қызмет ететін 180 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді. Тұрғындар күн сайын олардың қызметтерін пайдаланады: бұл қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ құрылыс, медицина, білім беру салалары. Сондықтан елорданың кәсіпкерлік ахуалын одан әрі жақсарту тетіктері - бүгінде өзекті тақырыптардың бірі», деп жазды Алтай Көлгінов Instagram желісіндегі парақшасында.

Әкімнің айтуынша, жиналысқа қатысушылар әкімшілік кедергілерді қысқарту, құрылыс саласын дамыту, бас шаһардың дизайн-коды, жер учаскелері мен инженерлік желілер, сондай-ақ бірқатар жобаларды қаржыландыруға қатысты тақырыптарды талқылады.

«Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етуге және қала мен елді дамытуға жеке инвестицияларды тартуға ерекше көңіл бөледі. Әкімдік тарапынан бизнес өкілдеріне жүйелі қолдау көрсету үшін бірқатар шаралар қабылданды. Бизнесті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың пәрменді тетіктерінің бірі - «Astana ӘКК» АҚ қызметі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бюрократиялық кідірістер мен кедергілерсіз жер учаскелерін, АЭА аумағында «Astana Invest» және Индустриялық парк арқылы жеңілдікті преференциялар беруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар дағдарыс кезеңінде маңызды рөл атқарды», делінген елорда әкімінің жазбасында.

Сондай-ақ, ол гранттар мен жеңілдетілген несиелер түрлі бағдарламалар бойынша берілетінін айтты. Мәселен, биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 130-дан астам грант берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Қолдау шағын және орта бизнес объектілеріне инженерлік желілер жүргізу, бизнес шығындарын қолдау және азайту үшін қажетті инфрақұрылым құру түрінде көрсетіледі. Атап айтқанда, бүгінде iQala Қалалық қызметтер орталығы мен Astana Invest инвесторларға арналған фронт-кеңсесі табысты жұмысын жалғастыруда.