Тарих • 24 Тамыз, 2022

Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылды

1338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Елтеріс қағанға арналған кешен табылды, деп хабарлайды  Egemen.kz .

Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылды

Бұл туралы бүгін Ұланбатыр қаласында Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп Номғон алқабында жүргізген ғылыми археологиялық экспедициясының нәтижелеріне арналған баспасөз мәжілісінде Академия басшысы Д. Қыдырәлі мәлімдеді.

Кешеннің жалпы аумағы 49х41,5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған.с

Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.

Сонымен қатар кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды.с

Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылды. Табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анықтады. Жазба мәтінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.

мЖалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткіштің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың — айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі. Номгон жазуы Орхон ескерткіштері сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды ескерткіш саналады.м

Академия Номғон ғылыми экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлкеттерінің астаналарында таныстыратын болады. Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді.

Айта кету керек, Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда «Covid-19» пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номгон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.

«Номгон-2022» бірлескен экспедицияның құрамында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия ҒА Археология институты Археологиялық зерттеу орталығының директоры, академик Дамдинсүрэнгийн  Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі  Алтангэрэлийн  Энхтөр,  археологтар Цэрэнхандын Буянхишиг, Гончигийн Батболд және Нарантуяагийн Цэнгэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты. 

Бұған дейін Түркі академиясы Моңғолиядағы Шивээт-улан ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған алқапқа арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағаннның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылып, олардың мерзімі анықталды. 2018 жылы кешеннің жан-жағы қоршалып, қамқорлыққа алынды. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 2019 жылы Номғон экспедициясы басталды.

Бұған дейін Түркі академиясы Моңғолиядағы Шивээт-улан ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған алқапқа арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағаннның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылып, олардың мерзімі анықталды. 2018 жылы кешеннің жан-жағы қоршалып, қамқорлыққа алынды. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 2019 жылы Номғон экспедициясы басталды.