Президент • 24 Тамыз, 2022

Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігі өтеді

154 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігі өтеді

Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапарының бағдарламасы мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құраммен өткен келіссөзімен жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.

Қазақстан Президенті Бакуға шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін тағы да ризашылығын білдірді.а

«Мен шағын құрамдағы кездесуге өте ризамын, онда біз мемлекеттеріміздің өзара іс-әрекетінің барлық мәселелері мен әртүрлі салалары туралы жан-жақты пікір алмастық. Қазақстан мен Әзербайжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктеспіз және одақтаспыз. Бүгін елдеріміз арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойылады», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын.  Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін.  Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың қолайлы перспективаларына назар аударды.

«Менің ойымша, келесі жылы екі ел үкіметтері арасындағы келісім бойынша біз Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізе аламыз. Сіздің еліңіздің мәдениеттіне үлкен қызығушылық бар. Біз әзербайжан мәдениетінің көрнекті өкілдерін өз елімізде үлкен ілтипатпен қабылдаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев Қазақстан Президентіне Әзербайжанға келуге шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізді тағы да шын жүректен қарсы алып, қош келдіңіз дегім келеді. Шақыруды қабыл алып, бізге ресми сапармен келгеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл сапар біздің қарым-қатынасымыздың дамуының болашағы үшін үлкен маңызға ие болатынына сенімдімін. Ең алдымен, мені Қазақстан Республикасының ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапаттағаныңыз үшін ресми делегацияның алдында сізге тағы да алғыс айтамын. Бұл сыйлықты қабыл алу мен үшін үлкен мәртебе. Мен мұны біздің халықтарымыздың достығы мен бауырластығының дәлелі және Әзербайжанның қарым-қатынасымызды нығайту бағытында жасап жатқан жұмыстарына берілген жоғары баға деп білемін. Сондай-ақ Қазақстанның Әзербайжанға сыйлығы – азат етілген аумақтарда салынатын балалардың шығармашылық даму орталығының тұсаукесері өтті. Бұл халқымызға деген бауырмалдық көзқарастың тағы бір көрінісі, Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлес», деді Әзербайжан Президенті.

Әзербайжан басшысы бүгін екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.

«Әрине, көлік-логистика инфррақұрылымын дамыту жөнінде үлкен жоспарымыз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да осы инфрақұрылымды құру бойынша уақтылы шаралар қабылданды. Қазір елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемін және көлік транзитін арттыру жөнінде бастама көтеріліп жатыр. Тиісті органдар бұл бағытта өзара белсенді жұмыс атқарып отыр. Сауда-экономикалық қатынасты дамытуға да тың серпін беретінімізге сенімдімін. Тауар айналымын арттырудағы резервіміз айтарлықтай көп. Бүгін біз келешектегі сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың бірқатар бағыты бойынша пікір алмастық. Өзара тауар жеткізу көлемін арттыру жоспарын нақтылай аламыз. Сондай-ақ инвестиция саласында зор мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Шетелдік инвестицияның көлемі үлкен. Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзербайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен инвестициялық жобаларға қатысатын уақыт келді деп ойлаймын», деді Ильхам Әлиев.

Сонымен қатар Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті азаматы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілгенін еске салды. Ол бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас табысты дамитынына сенім білдірді.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды.

Сондай-ақ Мемлекеттер басшылары БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.