Технология • 24 Тамыз, 2022

Цифрландыру: Шығын неге көп?

612 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір қарағанда елімізде цифрландыру жоғары қарқынмен жүріп жатқандай көрінеді. Тауарлар мен қызметтер ақысын төлеу біршама цифрланды. Қазір Google Pay, Apple Pay немесе QR-код арқылы төлем жасаудың түк қиындығы жоқ. Бұл тіпті қолданысымызға тез енді. Онлайн тапсырыс беру де қалыпты дағдыға айналды. Дегенмен жалпы процестің көлеңкелі тұстары да баршылық.

Цифрландыру: Шығын неге көп?

Жақында Finprom сарапшы­лары қызық дерек жария­ла­ды. Олар­дың айтуынша, 2019-2021 жыл­дар аралығында ақ­па­раттық-комму­никациялық тех­нологияларға (АКТ) жұмсал­ған шығын көлемі 443,1 млрд тең­гені құраған. Бірақ ішкі жалпы өнімдегі АКТ үлесін қарар болсақ, бұл тым төмен. АКТ-ның ІЖӨ-дегі үлесі өскенді былай қойып, жыл санап қысқарып келе жатыр екен. 2016 жылдан бері ІЖӨ-дегі АКТ үлесі 0,6 пайыздан әрең асқан.

Сонымен қатар еліміздегі АКТ шы­ғындарының ең үлкен үлесі ақпараттық технологияларға қатыс­ты бөгде ұйымдар мен мамандардың (аутсорсинг) қыз­меттері үшін тө­ленеді: 2021 жылы жалпы шығын­дағы мұндай қыз­меттер үшін тө­лен­ген шығын үлесі 43 пайызды құра­ған. 

«АКТ саласын дамыту бойын­ша проблема жетіп артылады. Жақында «Зерде» ұлттық ақпа­раттық комму­никациялық холдингі жабылды. Оның өз қыз­метін дұрыс атқара алмағаны айтылды. Бірақ елімізде АКТ дамуына басты жауапты – Цифр­­лық даму, инновация және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі екенін ұмытпау керек. Соңғы жылдары цифрландыруды дамыту 2018-2022 жылдарға жоспарланған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. Оның барысында 12 мақсатты индикаторға және бес бағыт бо­йын­ша 26 көрсеткіш нәтижесіне қол жеткізу үшін 125 іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған. 2018-2021 жылдары мемлекеттік бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін 207,8 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде 82,7 млрд теңге респуб­ликалық бюджеттен бөлінсе, 29,9 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 95,2 млрд теңге басқа көз­дерден алынды. Мысалы, 23 ақ­параттық жүйені әзірлеу бойын­ша 14 орталық мемлекеттік органдарда көзделген цифрландыру жөніндегі міндет шеңберінде ақ­параттық жүйелерді құруға және дамытуға арналған шығындар 15,5 млрд теңгені құрады. Соның ішінде әзірлеуіне 971,2 млн теңге жұмсалған 8 ақ­па­раттық жүйе (Қар­жы министр­лігі – 2 ақпараттық жүйе, Мәде­ниет және спорт министр­лігі, Қорғаныс министрлігі, Эко­логия министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Әділет министрлігі) уақытында аяқталмады және бас­­­­қа бағдарламалық құжатқа ауыс­­­тырылды. Бұл өз кезегінде бюд­жет қаражатының қосымша шы­ғыстарына және іс-шараларды іске асыру мерзімдерінің созылуына әкеледі. 4 ақпараттық жүйені (ІІМ – 2 АЖ, БҒМ, ЦДИАӨМ – «ҰАТ» АҚ арқылы) әзірлеу оның одан әрі қажетсіздігіне байланысты тоқ­татылды», делінген сарапшылар шолуында.

Осылайша, ақпараттық жүйе­­лерді құру жөніндегі іс-ша­ра­лар­дың орындалмауы немесе уақ­тылы жү­зеге аспауы ал­дын ала талдау, жоспарлау және мүд­делі тараптармен келісу кезе­ңін­де оларды пысықтаудың жет­кі­ліксіз деңгейін көрсетеді. Тағы бір мәлімет, ақпа­раттық жүйені таратуға жұмсалған шығындар оны әзірлеуге кеткен шығыннан да асып түскен. Стра­тегиялық жос­парлау және реформалау агент­тігінің мәліметінше, 2013-2021 жылдары ақпараттық жүйе­лерді әзірлеуге кеткен жалпы шығын – 1 556,6 млн теңге болған. Бұл ретте аталған ақпараттық жүйе­­лерді тарату, әкімшілендіру шы­ғыны 8 318,6 млн теңгені құраған.

Finprom-ның хабарлауынша, министрлік пен «ҰАТ» АҚ-ның тиімсіз менеджменті салдарынан Smart Contract, «Е-Заң көмегі» бірыңғай ақпараттық заң­герлік көмек жүйесі, «Бірыңғай контакт-орталық» сияқты шала-жансар жобалар өмірге келді. Осы жобалар үшін 987,9 млн теңге бөлінген.

«Мемлекеттік тапсырма шең­бе­ріндегі есеп айырысулардың шамадан тыс артуына байланысты 216,5 млн теңге сомасына бюджет қаражаты негізсіз жоспар­лан­ды және пайдаланылды, бұл бюджет заңнамасының бұзы­луына әкеп соқты. Елімізде АКТ-ны дамытудың барлық кезе­ңінде белгілі бір дәрежеде техно­логиялық сипаттағы құрылған стар­таптардың көрсеткіштеріне және адами ресурстардың әлеуе­тін дамытуға әсер ететін ақпарат­тық технологиялардың, сапалы институттардың прогрессивті инфра­құрылымын құру мүмкін болмады. Бизнес-ортаны қолай­лы дамыту, білім беру сапасын арттыру және ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар сала­сында инновацияларды ен­гізу үшін жағдайлар жеткілікті пысық­талмаған», деп мәлімдеді Finprom.