Аймақтар • 25 Тамыз, 2022

Жаңбырды қолдан «жаудыруға» болады

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер емген шаруаның көкке қарап, жаңбыр тілеп отыратын заманы өтіп барады. Қазір сурамалы егіншілік екпіндеп, алғы шепке шықты. Мысалы, Қарағанды облысында суармалы жерлердің көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Ал өңірде егістікті суарумен 101 ауыл шаруашылық кәсіпорны айналысады.

Жаңбырды қолдан «жаудыруға» болады

Ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының басшысы Асқар Санаубаров жыл басынан бері облыста 3 494 га жыртуға жарамды жер пайдалануға беріл­ге­нін айтады. Мұнымен қатар шаруашылықтардың саны да артып келеді. Мысалы, биыл қатарға жаңадан 6 ауыл­шар­уа­­шылық құрылымы қо­сыл­ған. Бұлар негізінен дәнді да­қыл­дар, картоп, көкөніс, майлы және жемшөп дақылдарын өсірумен айналысады.

Қазіргі таңда мемлекет да­қыл­дардың өнімділігін екі-үш есеге арттыратын суармалы егінші­лікпен шұғылданатын кә­сіп­керлерге барынша кө­мек­тесіп отыр. Нақты айт­қан­да, жабдықтарды сатып алуға және суармалы суды жет­кізуге субсидиялар бөледі. Мы­салы, биылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауарларын өн­дірушілерге су беру қыз­ме­тіне арнап 206,1 млн теңге қарастырған.

Облыстың Бұқар жырау ауданындағы «Баймырза-Агро 2018» ЖШС-ның директоры Максим Букаемский жаңбырлатып суару техникасы мен тыңайтқыштарды сатып алуға бөлінген субсидияның дер кезінде көрсетілген зор кө­мек екенін ризашылықпен айтады.

– Бізде жоспарлы кеңейту жүріп жатыр. Жыл сайын шашыратқыш машиналар сатып аламыз. Басында мұндай екі машина тек картоп үшін ғана болды. Ал қазір суармалы жүйе дәнді дақылдар алқабында да бар, – дейді ол.

Негізінде «Баймырза-Агро 2018» ЖШС әу бастан суармалы егіншілікпен айналысу мақсатында құрылған еді. Кәсіпорын 2018 жылдың күзінде суару жүйесі, сыртқы электрмен жабдықтау, суару құбыры, суару техникасын сатып алып, бірнеше жобаны бірден бастап кеткен болатын.

Қазір «Баймырза-Агро 2018» шаруашылығында 25 адам тұрақты жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Бұдан бөлек, жұмысшы саны маусым кезінде 70-ке дейін жетеді. Бүгінде Максим Букаемский суармалы егістік саласының аса білгір маманына айналған. Ол бұл істі бастаған алғашқы жылдары картоп егіп, шаруа­шы­лықта айналмалы әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналарды қолданған.

– Қондырғылар дақыл­дар­дың барлық түрін суарады және суарудың біркелкілігін қамтамасыз ететін арнайы сап­­тамалары бар. Су электр сор­ғылары бар бетондалған аван­­камералардан алынады. Ол жабық құбырлар арқы­лы өтетіндіктен, шығыны мей­лін­ше аз болады. Қазір бізде алты бүріккіш бар. Келесі жылы тағы екеуін сатып аламыз. Суармалы егістік алқабын 600 гектарға дейін ұлғайтқымыз келеді, – дейді болашаққа се­нім­мен қараған кәсіпорын басшысы.

Иә, соңғы жылдары Максим Букаемский жетекшілік ете­тін шаруашылықта егіс алқаптары кеңейіп келеді. Мысалы, 2022 жылы тағы 126 гектар суармалы жер қосылып, қазіргі уақытта 266 гектарға картоп, 70 гектарға бидай, 50 гектарға бұршақ, 90 гектарға арпа, 210 гектарға дәнді, бұршақ және майлы дақылдар тұқымы сіңі­ріл­­ген. Шаруашылық элита­лық тұқым түрлерін Ресей мен Германияның және өзіміз­дегі мамандандырылған шаруа­шылықтардан сатып алады.

Суармалы егіншілік түр­лерін дамыту бүгінгі күннің талабы болып тұр. Оның үс­ті­не бұл іске мемлекеттің оң көзбен қарап, барынша қолдау көрсетіп отырғаны да сенімді кү­шейте түседі. Олай болса, бұл іске білек сыбана кіріскен шар­уаның тасы өрге домаламай қоймас деп сеніммен айтуға болады.

 

Қарағанды облысы