Экономика • 25 Тамыз, 2022

Уран нарығындағы ахуал жақсарып келеді

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Уран нарығындағы жағдай жақсарып келеді. Сондықтан болар, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» осы жылдың бірінші жарты жылдығында тәуір нәтиже көрсетті.

Уран нарығындағы ахуал жақсарып келеді

«Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бас директоры, басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ержан Мұқановтың айтуынша, ком­панияның 2022 жылдың бірінші жар­тыжылдықтағы түсімі 500 млрд тең­геге жуық соманы құраған. Бұл тура бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе жоғары.

– Түсімнің өсуі операциялық табыстың шамамен 182 пайызға ұлғаюына және түзетілген таза табыстың іс жүзінде үш есе, яғни 167,4 млрд теңгеге дейін өсуіне алып келді. Осыдан-ақ былтыр уран нарығындағы ахуалдың биыл едәуір жақсарғанын байқауға болады. Сондай-ақ осы жылдың бірінші жартыжылдығында сұраныстың артуына байланысты сату көлемі де ұлғайды, – деп нақтылады Е.Мұқанов.

Десе де биылғы жылдың соңын­да­ғы өндірістің қорытынды көлемі нысаналы мәндерден төмен болуы мүмкін. Мұндай тәуекел әлі де сақ­талып отыр. Алайда ұлт­тық компания биылға арналған уран өндіру жоспарын қалайда орын­дау­ға бейілді әрі тәуекелдерді төмен­дету үшін тиісті жұмыстарды жал­ғас­тыра бермек.

– Жаһандық экономикадағы бел­гі­сіздік және 2022 жылдың бірінші жартысындағы геосаяси оқи­ға­лар тәуекелдерді басқару жөнін­дегі ішкі жүйелердің сына­ғына айналды. Компанияның тәуекелдерді басқару тәжірибесі бірнеше негізгі салада өз сенімділігін көрсетті. Алайда белгісіздік пен тәуекелдер компанияның өндірістік және бюджеттік жоспарлау процестерінің күрделенуіне алып келіп, шешім қабыл­дауға айтарлықтай әсер етті. Компанияның нарықтық сұ­раны­сы мен келісімшарттық мін­дет­темелеріне сәйкес өндіріс көлемін жос­парлаумен қатар, қазіргі жағ­дайда өсіп келе жатқан инф­ля­циялық қысымды және өнді­рістік жеткізілім тізбегіндегі ықти­мал кі­дірістерді ескеру қажет­тілігі туын­дады. Бұл біздің өндіріс­тік жос­­парларымызға да әсер етуі әб­ден ықтимал, – дейді басқарма төра­ғасының міндетін атқарушы.

Е.Мұқановтың пікіріне қара­ған­да, уран нарығының жақса­руы және қысқа мерзімді нарықтағы белсенділіктің төмендеуі аясында ұзақ мерзімді келісімшарттарға қызығушылық өсіп келеді. Сондай-ақ баға белгілеудің айтарлықтай жақсаруына қарамастан, сұраныс пен ұсыныс балансының іргелі жылжуы екінші жетікізілім қор­ларының шексіздігі жайлы қате болжамдарға байланысты әлі аяқ­талған жоқ.

– Бұл «Қазатомөнеркәсіп» секіл­ді тәртіпті өндірушілерге мүмкін­дік туғызады. Осылайша, біздің нарыққа бағытталған стратегия­мыз­ға сәйкес және кен орындарын игеру мен өндірудегі қазіргі қиын­дықтарды ескере отырып, өн­діріс көлемін шамамен жер қой­науын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде өн­ді­ру­дің жоспарланған деңгейімен салыс­тырғанда 10 пайызға қысқар­туды жалғастырамыз. 2023 жылға жос­парланған диапазонмен салыс­тырғанда 2024 жылы шамамен 2-3 мың тонна уран өндірудің әлеуетті ұлғаюын жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Соңғы бірнеше жылда жаһандық көмір­тегі бейтараптығына қол жет­­кізу үшін энергетикалық ин­фра­­құ­рылымның қоғамдық және эко­логиялық салдарларын халық­ара­лық деңгейде талқылау, атом энергетикасы үшін оптимистік болжамдар мен уран нарығының конъюнктурасын жақсартуға ықпал ететін ажырамас факторы болды. Бұл мәселелер Ресей-Украина қақтығысы аясында энергетикалық қауіпсіздікке және энергия көздерін әртараптандыруға көбірек көңіл бөлу аясында одан да өзекті бола түсті.

– Түрлі юрисдикциялар, соның ішінде бұрын ядролық энергетикадан бас тарту туралы шешім қа­был­дағандар немесе оны кезең-кезеңімен төмендету жоспарын ұстанғандар осы бағыттағы сая­сатты қайта қарастыруда. Ал кей­бір жағдайларда атом энергетикасын жаңартылатын энергия көз­деріне көшу стратегиясының құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қарастырады. Ядролық энергетиканы қолдаудағы осындай ілгерілеу қазбалы отын өндірісінің қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмауға мүмкіндік беріп қана қоймай, туындаған әлеуметтік тәуекелдер мен энергетикалық қауіпсіздікпен байланысты тәуекелдерді жұм­сар­туға да көмектеседі, – дейді Е.Мұқанов.