Қоғам • 25 Тамыз, 2022

Бала тәрбиесі – баршаға ортақ

703 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда көзін жаңадан тырнап ашқан сәбидің өзі әке-шешесінің қолындағы телефонға ұмтылатын болды. Онсыз ас ішіп, аяқ босатпайтын күйдеміз. О, құдірет зар жылап жатқан сәби қолына смартфон тисе, жымың қағып жайдарлана қалатынын қайтесіз. Екі жастағы бала анасының смартфонын ашып-жа­уып өзіне қажет дүниені тауып алатындай қабілетке ие болса, бес жастағы баланың жекеменшік телефоны бар қазір. Осы орайда, «жас балаларға смартфонның зия­ны бар ма, әлде жоқ па?» деген сұрақ қа­зір қоғамның бас ауруына айналатын түрі бар. Өйткені бала тәрбиесі – баршаға ортақ бол­ғандықтан, бұл сұрақтан біз де тыс қала алмаймыз.

Смартфонның зияны жайлы алғаш рет 2000 жылдары айтыла бастады. Осы жылдың мамыр айында Ұлыбританияның радиологиялық қауіптен қорғану комитетінің төрағасы Уильям Стюарт тосын мәлімдеме жасап, сәбилерді смартфонға үйір етудің қауіптілігі жайлы айтқан еді. Бұл пікір өз тұсында  қоғамға онша әсер ете қойған жоқ. Өйткені кейбір әлеуметтанушы оқы­мыстылар жоғарыдағы маманның пайымын жоққа шығаратын дәйектер ұсынды. Бірақ кешікпей америкалықтар сәбидің миы мен сезімі ересектерге қарағанда смартфон сәулесінің 50-70 пайызын бойына сіңіріп алатыны жайлы ақпар таратты. Бұл пікірді жоққа шығарушылар бар болғанымен, қолдаушылардың қатары күн са­йын көбейіп келеді. Соның бірі швед ғалымы – Леннарт Харделл.

Бұл оқымыстының пайымдауынша, смартфон,  ең әуелі, адамның есту мүшесін зақымдайды және миға қатерлі ісік шаптыру қаупі басым. Әсіресе сәбилер иммунитеті ересектерге қарағанда осал болғандықтан ең көп зиян шегетін осылар депті.

Сондай-ақ дәрігер мамандар соңғы жылдары әлем бойынша ми-жүйкеге қатысты ісік аурулары көбею үстінде екеніне дәлел келтіріп, бұған смартфонның әсері көп дейді. Англияның Оксфорд университетінің ғалымдары 2013 жылы үздіксіз телефон пайдаланатын 50 жастағы әйелдер арасында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, бұлардың есту қабілеті басқа қатарластарынан 2,5 есе кемшін екені анықталса, АҚШ-тың Лос-Анджелес университеті күніне 2-3 рет смартфон пайдаланатын аяғы ауыр аналардың іштегі баласы айтарлықтай зиян шегетінін анықтаған.

Оның бер жағында смартфон салдарынан жас балалардың ұйқысы дұрыс қанбайды. Ұйқысы қанбаған баланың ойлау қабілеті нашарлайды. Сөйтіп өзіне қажет материалдық һәм физиологиялық ақпаратты толық ала алмағандықтан, бұл жеткіншек уақыт өте келе рухани мүгедек күйге ұшырайды екен. Сондай-ақ барлық ақпарды қиналмай интернеттен алып үйренген бала былайғы күнделікті ортамен табиғи байланысы шек­теліп, өмір сүрудің өзегі мен әдебінен ажырайтын үлкен қауіп бар.

Соңғы кезде адамдар ұялы телефонның жас балаға зияны жайлы ойлана бастаған сыңайлы. Өйткені жас балалардың смартфон мен компьютерге деген құмарлығы шектен шығып барады. Тіпті адам физиологиясын зерттейтін ғалымдар телефоннан бөлінетін ультракүлгін сәуле смартфонға құмар балалардың механикалық, физикалық және биохимиялық функцияларын тежеу­мен қатар, ойлау қабілетінің табиғи да­муын шектейді десе, ағылшын жазушысы Сьюзен Гринфилд: «Қазіргі әлеуметтік желі адамдардың ойлау, сезіну, түйсіну қабілетін шектеп, санасын сәби күйінде дамытпай тас­тайтын қаупі бар. Бұдан алыстаудың жолы тума табиғаты бұзылмаған әрі «әлемжелі» ұста­майтын өлкелерге саяхаттау немесе отба­сы­лық достармен бірге қызық әңгімелер өрбі­тіп, басқа пайдалы істермен айналысу», дейді.

– Бұдан құтылатын жол, – депті амери­калық «Wired» журналының бас редак­торы және ақпараттық дрон 3D Robotics құрылғы авторларының бірі Крис Андерсон, – әрқилы ақпараттық дүниелерді пайдалануды шектеу және жатын бөлмеге смартфон жолатпауды қатаң ұстанған дұрыс.

Сондай-ақ Blogger болон Twitter желісін негіздеушілер өздерінің балаларына интернет желісін күніне бір сағаттан артық пайдаланбауды үйретсе, OutCast Agency жүйесінің директоры өз отбасына интернет желісін күніне 30 минуттан артық тұтынбауды қатаң талап етіп енгізген. Ал Стив Джобс марқұм болса, өз балаларына қандай жағдайда болсын айпад (ipad) қолданбауды ескертіп, басқа смартфон түрлерін тек жексенбі күні ғана пайдалануға рұқсат берген. Демек отба­сылық немесе әулеттің ішкі өмір сүру тәр­тібін жүйелеу арқылы смартфонның зиянын шектеуге мүмкіндік бар.