Экономика • 25 Тамыз, 2022

«Сбербанк Қазақстан» құрылтайшылары өзгереді

20952 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс санкциясына ұшырағаннан кейін қызметін бұрынғыдай лайықты деңгейде жүргізе алмаған «Сбербанк Қазақстан» бірнеше айдан бері өзін сатып алатын акционер іздеген еді. Дерек көздері бірнеше рет ықтимал акционер ретінде «Бәйтерек» холдингін атаған және сол болжам шындыққа айналды.

«Сбербанк Қазақстан» құрылтайшылары өзгереді

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдин­гі мен Сбербанк тобымен Қазақ­стан­дағы («Сбербанк» АҚ ЕБ) Сбер акцияларының барлық пакетін сатып алу-сату мәмілесіне қол қойғанын ресми жариялады.

«Сбербанк қазіргі геосаяси жағдайды басшылыққа ала отырып және еншілес банк клиенттерінің мүддесі үшін әрекет ете отырып, қазақстандық нарықтан шығу туралы шешім қабылдады. «Сбербанк Қа­зақ­стан» өтімділіктің жеткілікті қо­ры­на, жоғары сапалы кредиттік қор­жы­­нына ие және көптеген жыл бо­йы Қазақ­станның қаржы нарығының не­гіз­гі қа­ты­сушыларының бірі болды. «Сбер­банк Қазақстанды» сатып алу туралы шешім қабылдай отырып, «Бәй­терек» холдингі оның елдің қаржы жүйесі үшін жоғары маңыздылығын бағалады. Банк иеленетін қазіргі заманғы инфрақұрылым мен технологиялар қысқа мерзімде банк­ті толық жұмысқа қайтаруға және Қа­зақстан экономикасының нақты секторын қаржыландыруды бастауға мүмкіндік береді», делінген холдинг хабарламасында.

Банк клиенттер алдындағы барлық міндеттемесін орындауды жалғастыра береді. Клиенттері үшін банк өнімдері бойынша бүкіл шарт өзгеріссіз қалады. Мәміле арқылы банк белсенді операция­ларды толық көлемде жаңартып, де­по­зит­тер тартып және төлемдер жүргі­зе­ді, сондай-ақ халық пен бизнес үшін өнімдер мен қызметтерді дамытуды жал­ғас­тырады. Хабарламада айтылғандай, Қазақстан нарығында клиенттермен өзара іс-қимылдың 15 жылдан астам тәжірибесі жинақталған «Сбербанк Қазақстан» қыз­мет­керлерінің кәсіби командасы өз жұ­мысын жалғастыра береді. Тараптар мә­мілені жақын арада жабуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ еншілес банктің атауы да өзгермек. «Сбербанк Россия» АҚ еншілес банкі 19 тамыз күні dalabank.com.kz деген домендік атау тіркеген. Бұдан бөлек, сол күні dalainfo.kz, dalaipoteka.kz, dalatravel.kz, dalacredit.kz, dalaauto.kz, dalabusiness.kz, dalainvest.kz деген домендер де құрылыпты. Аталған институт жағдайға қатысты ешқандай пікір бермегенімен бірнеше доменнің тіркелгенін растады.

«Бәйтеректегі» біздің әріптестеріміздің хабарлауынша, меншік капиталының құбылып тұрғанына қарамастан банк дивиденд төлейді. Біздіңше, теріс капиталға ие банктің дивиденд төлеуі қиындау. Ойымызша, мәміленің саяси мәні басым болғандықтан банк дивиденд төлеуді жөн деп шешкен сияқты. Жақын арада Сберге жаңа команда тағайындалып, атауы өзгеруі мүмкін. Бұған дейін банкті «Бәйтерек» басшылығына жақын маңдағы тұлғалардың бірі басқаруы мүмкін деген едік. Көп адам банк басшылығына «Бәйтерек» төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов келеді деп санайды. Соңғы айларда команда жинақталып, әсіресе соңғы апталарда бұл процесс белсенді жүргізілген. «Бәйтерек» Сберді сатып алғаннан кейін орта мерзімді перс­пективада қаржы институтын тиімді ба­ғада сатып жіберудің қамын жасайды деп үміттенеміз», деп болжам білдіреді телеграмдағы Risk Takers каналы.

Еске салсақ, биыл 23 маусымда Сенат отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Бәйтеректің» Сбермен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлап, мәміле жүзеге асқан жағдайда банктің 100 пайыз акциясы сатып алушы тарапқа өтеді деп мәлімдеген еді. «Бұл жаңа банк лицензиясын алуды талап етпейді. Яғни жаңа банк пайда болмайды, тек акционері ғана ауысады» деген болатын М.Әбілқасымова.

Банк баспасөз қызметі осыған дейін қазақстандық Сбербанктің ықтимал дефолт және банкроттық жағдайы туралы пікір білдірген еді.

«Дефолт, бұл – келісімшарт бойынша міндеттемені орындамау, яғни есеп айырысу үшін ақшаның жоқтығы. «Сбербанк Қазақстан» өзінің барлық міндеттемесін орындауда: өтімділік позициясы барлық міндеттемеден екі есе асып түседі. Бұл жерде капитал көрсеткіші ешқандай рөл ойнамайды. Банкроттық – борышкердің есеп айырысуға жеткілікті қаражатының жоқтығынан өз міндеттемелерін толық орындай алмауы. Сол себепті «Сбербанк Қазақстанда» банкрот пен дефолт тәуекелі жоқ. Кредитор, салымшы, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша барлық міндеттеме жасалған келісімшартқа сәй­кес толық көлемде атқарылып жатыр. Банк операцияларын жүргізу бойынша «Сбербанк» АҚ ЕБ лицензия өткізуді қарастырып отырған жоқ. 12 қазанға дейін жарамды OFAC лицензиясына сәйкес акционерді өзгерту туралы алдағы мәміле Сбер тобына қатысты санкциялармен байланысты «Сбербанк Қазақстан» операцияларына шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді. Мәміле экономика мен халықты несиелеу есебінен соңғы төрт жылда активі белсенді түрде өскен банкті нарыққа қайта алып келеді», деп мәлімдейді баспасөз қызметі.

Сбербанк Қазақстан нарығына алғаш рет 2006 жылы аяқ басты. 2007 жылы банк операцияларын жүргізуге рұқсат алды және өзінің жарғылық капиталын 15 есе арттырды (29 млрд теңгеге немесе 240 млн долларға дейін). Бұл оның отандық банк секторында бірден үздік ондық қатарына кіруіне жол ашты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес пен бөлшек секторға берген несиесі банк портфелінің 75 пайы­зын еншіледі.

Атап өтейік, 2018 жылдың 1 қаңтары­нан 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралық­та банк активі 1,75 трлн теңгеден 4,22 трлн теңгеге көбейген. Ал биыл 1 шілде­де активтер көлемі 2 трлн теңге­ге күрт қысқарып кетті. Сондай-ақ банк «Баспана Хит» ипотекалық бағ­дарла­ма­сына, Қазақстан даму банкінің жеңіл­де­тілген автонесиелеу бағдар­ла­ма­сы­на, «Даму» қорының «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға белсене араласты.

Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) «Сбербанк» АҚ ЕБ-мен мәмілені аяқтау бойынша мерзімді 2022 жылдың 12 шілдесінен 2022 жылдың 11 қазанына дейін ұзартып берген еді. Осы мерзім аралығында «Сбербанк Қазақстан» штатты режімде жұмыс істейді. Ал оның клиенттері төлемдер мен аударымдарға қатысты кез келген операцияны қандай да бір шектеусіз жүзеге асыра алады.