Спорт • 26 Тамыз, 2022

Жерлестеріміз үздіктер қатарында

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйгілі ESPN арнасы орта салмақта күш сынасып жүрген әлемдегі ең мық­ты кәсіпқой боксшылардың рейтингін жария етті.

Жерлестеріміз үздіктер қатарында

Үздіктер тізімінде Қазақстанның екі саңлағы бар. WBA Super, IBF және IBO нұсқаларының теңдессізі деп танылған 40 жастағы Геннадий Головкин екінші орынды иеленуде. Егер 17 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін жекпе-жекте GGG мексикалық Сауль Альваресті ұтатын болса, онда жерлесіміз аталған рейтингте жеке-дара көш бастайтыны анық. Санаулы күндерден кейін WBO тұжы­рымының толыққанды чемпионы атан­ғалы отырған 29 жастағы Жәнібек Әлім­ханұлы төртінші сатыға жайғасты.

Орта салмақтағылардың көшін WBC-тың чемпионы, америкалық Джермалл Чарло бас­тап тұр. Үшінші орында – АҚШ-тың тағы бір өкілі Деметриус Андраде. Сондай-ақ «ТОП-10» боксшының қатарында жапониялық Риота Мурата, мексикалық Хайме Мунгия, ұлыбританиялық Крис Юбэнк, доминикандық Карлос Адамес, кубалық Эрисланди Лара және бразилиялық Эскива Фалькао бар.