Білім • 26 Тамыз, 2022

Тығырыққа тірелген түлектер

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңір педагогтерінің, дәлірек айтқанда жас мамандардың алдынан кесе-көлдеңен кездесіп отырған үлкен бір мәселе бар. Ол – мектепке жұмысқа қабылдау конкурсындағы әділетсіздіктер. Қабылдау процесінде оқуды жаңадан тәмамдаған түлектер «мүйізделіп», тәжірибесі толысқан педагогтерге мән беріледі екен. Тіпті кейбір «сақа» мұғалімдер бірнеше мектепте жеңімпаз атанып, жастарға орын бермей отыр.

Тығырыққа тірелген түлектер

Өңірлік қоғамдық кеңес мү­шесі, «Қағандық» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы бұл мәселені жуықта Парламент Мәжілісінің депутаттарына жолдады.

– Конкурстық қабылдау процесіне сүйенсек, тестілеуден өткен жас маман өтінішті сайт арқылы береді. Мектеп әкім­ші­лігі қабылдап алады да, бе­кі­тіл­ген талаптарға сәйкес өтініш бе­рушіні жұмысқа қабылдайды. Осы жерде кейбір білім ордалары жас кадрлардан мейлінше бас тартып, көп жыл жұмыс істеген сақа мұғалімдерді таңдайтыны байқалып қалуда. Дипломын қолына жаңа алған жас маманда не тәжірибе, не жеке жетістіктері жоқ. Осы себептерден жастар дәл қазір жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылып отыр. Тіпті зейнетке шыққан ардагер ұстаздар да тізгінді бергісі келмей конкурсқа қатысып, же­ңім­паз атанады да, жастар жұ­мыссыздар санатын одан сайын молайта түсуде.

Тағы бір мәселе, бір мұға­лім­нің бірнеше мектептегі кон­курсқа қаты­суға мүмкіндігі бар. Ол барлық жерде жеңіп шық­са, тиісінше барлық вакан­сияны иеленеді деген сөз. Ал ол туралы мектеп басшыл­ығы тек 1 қыр­күйекте ғана біле­ді. Ал бұл кемші­лік мектеп­тердегі мұғалімдердің же­тіспеу­шілігін одан сайын ұлғайтады. Конкурсты қайта өткізгенше уақыт өте­ді, яғни оқу про­це­сін­де үлкен ке­дер­гілер пайда бо­ла­ды, дейді қоғам белсендісі.

Педагогтерді мектепке қа­­­был­дау үрдісіндегі осы бір ши­кілік жойылмаса, қолында кү­ректей дипломы бола тұ­ра жұ­мысқа орналаса алмай жүр­ген жас мамандардың қа­та­рын өсіріп жіберетіні айдан анық. Қоғам өкілдері бұл мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр. Айтып өтейік, бүгінде өңір­де 18 мыңнан астам педагог бар. Орыс тілінде білім бе­ретін оқу ошақтарында орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің және бастауыш сыныптың мұ­ғалімдері же­тіспейді. Ал мем­лекеттік тіл­дегі бастауыш сынып мұғалім­де­рі керісінше шамадан тыс көп екені байқалады.

Айтпақшы, биыл мектеп­тердегі дене тәрбиесі мұғалім­дерінің сағаттары да азайтылып жатқаны мәлім. Жаңа­шыл­дық­тың кесірінен өңірде жүздеген пән мұ­ғалімі қысқартылып қалуы да мүмкін екен.

 

Павлодар облысы