Мұнай саласы Атырау облысы үшін үлкен мәнге ие. Сондықтан мәжілісмендер Парламентте атқарылған жұмыстар туралы, мұнай саласына қатысты жалпы жұмыстардың бағытымен танысты.
Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында Атырау облысы үшін маңызды тақырыптың біріне айналған Атырау-Астрахан тас жолындағы күрделі жөндеу жұмыстары туралы мәселелер көтерілді. Өңірдегі Индер-Қарабау тас жолының да тұрғындар үшін маңызы зор.
«Бұл жолдардағы жөндеу жұмыстары жоспар бойынша бірнеше жылға созылады. Ол бар болғаны 80 шақырым. Биыл қаржы бөліп, қалғанын келесі жылға қалдырып, уақыт созып жүргенде жасалған жол тозып кетуі мүмкін», деді С.Нақпаев. Сондықтан депутат әлеуметтік маңызы бар мәселелердің орындалу барысы үлкен мәнге ие екеніне тоқталды. Отырыста экологиялық ахуал мәселесі де талқыланды.
Ал Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақ Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы ауыз су құбырының құрылысымен танысып, құбыр желілерін және су қабылдау ғимараттарының құрылысын жүргізген «Интеллект Азия» ұжым өкілдерімен кездесті.
Айта кету керек, су құбыры Amanat партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында пайдалануға беріліп отыр. «Мемлекет басшысы қоғамды толғандырған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу жөніндегі бірқатар міндетті атап өткен болатын. Оның ішінде бағаның өсуі, тауарлардың жекелеген түрлерін жеткізудегі бөгелістер, азық-түлік қауіпсіздігі, халық табысының төмендеуі, сондай-ақ елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету сынды мәселелер бар», деді Мәжіліс депутаты.
«Аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылының өзінде қазіргі кезде 30 мыңнан астам халық тұрады. Өткен жылдың желтоқсан айында үш жыл мерзімге созылған су қабылдау нысаны және су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, Сарыкемер ауылдық округі тұрғындарының игілігіне ұсынылды. Бірақ ауыз су мәселесі осымен шешілді және де өз дәрежесінде дей алмаймыз», дейді ауыл тұрғындары.
Өз кезегінде депутат аталған мәселелер жергілікті атқарушы, қадағалаушы мемлекеттік органдар мен депутаттар тарапынан да ерекше назарында болатынын айтты.