Қазақстан • 26 Тамыз, 2022

Әскеріміздің әлеуеті жоғары

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел сарбаздары әскери жарыстарда шеберліктерін паш етуде. Жуырда халықаралық армия ойындарында топ жарған отандастарымыз Армения жерінде өткен «Бейбітшілік жауынгері» зияткерлік-кәсіби сайысында да дара шықты. Әзербайжанда ұйымдастырылған «Теңіз кубогы» са­йысында екінші орынды иеленді.

Әскеріміздің әлеуеті жоғары

Арменияның Дилижан полигонында қазақстандық команда құрамы – аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова Армения, Беларусь және Ресейден келген қарсыластарын басып озып, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды.

Сайыстың нәтижесі «Ратник» қорытынды кезеңінде шешілді. Қазақстандық әскери қызметшілер ерлер арасындағы әскери-қолданбалы пәндер жарысында жеңіске жетті.  Қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова әскери-медициналық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, атыс даярлығының жаттығуларын сәтті орындап шықты. Бұл кезеңдегі жеңіс қазақстандық командаға байқау тұғырының жоғары сатысына көтерілуге мүмкіндік берді. Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Ресей әскери қызметшілері еншілеп, Беларусь елінің өкілдері үздік үштікке енді.

Ал Әзербайжан Республи­касындағы әскери теңізшілер­дің «Теңіз кубогы» сайысында қазақстандық команда күміспен күптелді. Бірінші орынды Әзербайжан мен Ресейдің әскери қызметшілері өзара бөлісті. Қай халықаралық жарысты алып қарасақ та, мамандар қазақстандық сарбаздардың әлеуетін жоғары бағалауда. Алға, Қазақстан әскері!