Қазақстан • 26 Тамыз, 2022

Үкімет әскери-патриоттық тәрбие беру қағидаларын бекітті

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Үкіметінің 24 тамыздағы қаулысымен Қазақстан азаматтарына әскери-патриоттық тәрбие беру қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет әскери-патриоттық тәрбие беру қағидаларын бекітті

Әскери-патриоттық тәрбие - бұл орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің азаматтарда жоғары патриоттық сананы қалыптастыру, мемлекетті қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерді орындауға әзірлік және осыған байланысты қажетті білім мен дағдыларды дамыту жөніндегі жүйелі, мақсатты және үйлестірілген қызметі.

Осылайша, қазақстандықтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылады: идеологиялық жұмыс, ақпараттық-тәрбие жұмысы, психологиялық жұмыс, әлеуметтік-құқықтық қызмет, моральдық-адамгершілік және кәсіптік тәрбие.

Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мыналарды қамтиды:

  • Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық;
  • Қызмет бағыттары мен құралдарын анықтау;
  • Мақсатты аудиторияға әсер ету шаралары;
  • Ғылыми және әдістемелік қамтамасыз ету.

Әскери-патриоттық жұмыс үш бағыт бойынша ұйымдастырылады және өткізіледі:

  • Оқу мекемелері жүйесінде (барлық негізгі деңгейлерде) немесе әртүрлі оқу пәндері бойынша, мамандандырылған факультеттерде, курстарда, секцияларда, ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары ардагерлерімен, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен және әскери қызметшілермен іс-шараларда оны толықтыратын элементтер (оқу сабақтары) түрінде жалпы дамыту бағыты;
  • Әскери және әскери-қолданбалы бағыт практикалық сабақтар түрінде жүргізіледі және жалпыға бірдей әскери оқытуды, жастарды әскерлердің өмірі мен қызметімен, әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысының ерекшеліктерімен таныстыруды қамтиды;
  • Әскери-патриоттық лагерлерде, оқу-дала жиындарында, әскери-патриоттық ұйымдарда, жастар жиындары мен фестивальдарда.

Бірінші кезекте азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу процесі өскелең ұрпақпен білім беру ұйымдарында, атап айтқанда: мектептерде, колледждерде, ЖОО-ларда жүргізіледі.

 

Қаулы 2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.