Қазақтың атын жаһанға танытқан танымал шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасованың айтуынша, осы сайысқа қатысқан жастар келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын атақты гроссмейстерлер қатарынан табылуы мүмкін. Өйткені олар Atyrau Chess Festival секілді турнирлерде жиі бақ сынайды.
– Шаршы тақтадағы тартысты ойынның жеңімпазы болу оңай емес. Себебі бұл – ойлылар ойыны. Шахматшы қателеспеуі керек. Атыраудағы турнир шахматшылардың шеберлігін шыңдады, – дейді Динара Сәдуақасова.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәлім етуінше, енді Atyrau Chess Festival халықаралық фестивалін жыл сайын өткізуге шешім қабылданды. Өйткені мұндай турнир жастарды ойшылдыққа, зиялылыққа, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылдырады.
Халықаралық фестиваль аясында 2-разрядтан төмен емес спортшылар үшін Atyrau Open, 3-разрядтан төмен емес, 2006 жылы туған және одан кіші спортшылар қатысқан Atyrau Juniors, сондай-ақ 3-разряды бар спортшылар арасында блиц-турнир өтті. Үш турнирдің қорытындысымен 80-нен астам қатысушы медаль, диплом не қаржылай сыйлықтың иегері атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің арасында халықаралық гроссмейстерлер, жаңадан бастаған жас спортшылар мен ардагерлер бар.
Ойыншылардың құрамы жағынан Atyrau Open турнирі басты назарда болды. Өйткені шаршы тақтадағы жеңіс үшін танымал кәсіпқойлар – халықаралық гроссмейстерлер, танымал шеберлер мен шахматшылар тартысты ойын өкізді.
Atyrau Chess Festival турнирінің қорытындысымен әйелдер арасында Екатерина Борисова бірінші орынды иеленді. Ал Назерке Нұрғали екінші, Алуа Нұрланова үшінші орынға ие болды. Ерлер арасынан бірінші орын алған Тимур Гареев жеңіс тұғырынан көрінді. Арсений Нестеровке екінші орын бұйырды. Сергей Тивяков үшінші орынды місе тұтты. Atyrau Open турнирінде ардагерлер арасында Әзидолла Хамиев, Есей Хұсайынов пен Айтқали Ізбасаров жеңімпаз атанды. Блиц-турнирде Павел Панкратов, Фаррух Амонатов пен Сергей Тивьяков жеңіске жетті. Atyrau Juniors турнирінің қорытындысымен 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша жүлделі орындар берілді.
Шаршы тақтадағы тартыста есе жібермейтін шахматшылар додасында үлкендер де, жастар да, тіпті 4 жастағы балақай да бақ сынады. Мәселен, Бөкенбай Ағашаның жасы 81-де болса, Таппатқан Қабышева 64 жастан асқан. Облыс әкімі егде жастағы екеуіне де 250 мың теңгеден қаржылай сыйақы табыстады. Екі қатысушы – Батырхан Шеруен мен Әмірәлі Абзал Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім грант түріндегі арнайы сыйлықты иеленді. Фестивальдің ең жас қатысушысы 4 жастағы Абдул-Мәлік Қайратқа Атырау қаласының әкімі 200 000 теңгенің сертификатын табыс етті.
– Ұлым Абдул-Мәлік жарты жылдан бері аптасына екі рет шахмат секциясына барып жүр. Бұған қоса робот техникасы үйірмесі мен бассейнге, хип-хоп пен ағылшын тілі курсына барады. Күн сайын кешкі мезгілде әкесімен шахмат ойнауды әдетке айналдырды. Шахмат турнирлеріне қатысып, өз тұстастары ғана емес, ересек жастағы қарсыластарын да ұтып жүр. Халықаралық фестивальде үш партия жеңіске жетті, – дейді төрт жасар шахматшының анасы Диана Ержанова.
Үш турнир кезінде ойын сеанстарымен бір мезгілде ашық шеберлік сабақтары өтті. Фестиваль бағдарламасына сәйкес халықаралық арбитрлердің бірінші семинарында қатысушылар емтихан тапсырды. Емтиханнан жоғары ұпай алғандарға FIDE төрешісі атағын беру көзделді. Семинардың 6 қатысушысы қажетті ұпай санын жинады.
Атырау облысы