Аймақтар • 26 Тамыз, 2022

Қабан қауіпті болып тұр

474 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңді өңіріне хас шебер әдейілеп әшекей таққандай тамылжыған табиғаттың тылсым кейпіне еніп, қысы-жазы жайнап тұ­ра­­тын Зерендінің әлденеше ауылы­­­ның маңын кейінгі жыл­да­­ры күрт көбейіп кеткен қабан жай­лап, егінін басып, жайылымын жайпап, бұлағын бітеп, көлін қорыс етуде.

Қабан қауіпті болып тұр

Кейінгі он шақты жылдың көле­мін­де дүр етіп басталып, дүркірей даурығып, кейін су сепкендей басылатын, ажарсыз әңгіменің өзегі­не айналған тақырып бұл. Ауыл тұр­ғындары, табиғат жанашырлары осы мәселеге қатысы бар қан­ша­ма мекеменің табалдырығын тоз­дыр­ғанымен, нақты бір шешімге келе алмай отыр. Аңшылық шаруашы­лы­ғының басшылары болса жабайы шошқа мөлшерден тыс көбейген жоқ деп ант-су ішеді. Ал ел ішіндегілер «егінімізді басты», «жайылымды қо­па­рып тастады» деп шағымдануда. Материалдық шығынды айтасыз, зерлі Зеренді орман-тоғайға бай, мөлт-мөлт еткен су айдындары көп әсем өңір ғана емес, Алаш баласы қасиет тұтып, киеліге санайтын, аруақ қонып, нар шөккен атаулы жерлерге толы аймақ. Арыдағыны былай қойғанда күні кешегі Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің туған ауылы, шоқ жұлдыздай шағын ғана Қойсалған топырағы да ретсіз көбейген талпақ танаудың тақсіретін тартуда.

– Нақты санын ешкім де біліп болмайды, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Сәкен Бекенов. – Бәлкім, 150, әлде 300-дің үстінде ме? Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұл өңір бұрын-соңды дәл осындай жабайы шошқаның шабуылына ұшыраған емес. Маңайдағы мал сүмесімен, жер емшегімен күн көрген ауыл шаруашылығы құрылымдары, оның ішінде егістігін күні-түні қас қақ­пай түзетуге қауметі жете бер­мейтін шаруа қожалықтары зардап шегуде. Жабайы шошқа күндіз ит тұмсығы өтпейтін орман ішінде ойнақ салып, тасалайды, қас қарая жүгері алқаптарын жайратады. Жабайы шошқаның тұмсығы мен табанынан аман қалған жүгеріні жинап алғаннан кейін, арпа егілген алқаптарға түседі. Қарасыны тым көбейгелі өзгені былай қойғанда, орманды да оңдырмай ойсыратып тұр. Айталық, жаңа бой салып көктеп келе жатқан көшеттердің түбін қазып тастайды. Бітеліп жатқан бұлақ қанша?! Шағын су айдындары да жабайы шошқалардың ыстықта үйездеп суға шомылатын орнына ай­нал­ған. Күңірсіген күлімсі иісі күншілік жерден қолқаңды қабады. Әрине, біз табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға қарсы емеспіз. Аң-құс та өрістеп өскені дұрыс шығар, бірақ дәл осы доңыздың ел ішін дүрліктіруі қисынға келе бер­мейді.

Шынында да, Қанай би, Игілік, Ортағаш, Қызылегіс, Көктерек, Еңбек-Бірлік тәрізді бірнеше ауыл тұр­ғындары жабайы шошқаның зардабын тартып отыр.

– Былтыр еккен егінімізді таптап кетті. Іргедегі Щучье сүт зауы­ты­ның егістігі де шығынға ұшы­рады. Қазір арпаның ішінде жүр. Жеп тауыспаса да, басып, аунап, бүлдіріп кетеді, – дейді Ортағаш ауылының тұрғыны Батырхан Дәргенов. – Орман ішінде етектегі елдің кезерген кенезесіне нәр беріп, ағып жатқан бірнеше бұлақ шошқадан шыққан шатақтың ке­сі­рінен бітелді. Мына Тасбұлақтың төңірегіне адам барып болмайды. Ауыл тұрғындары бұлақ басын қор­шап, күзетуде. Жанға батары жабайы шошқадан келген шығынды ешкім өтеп бермейді. Арызыңды айтсаң, біріне бірі сілтейді. Түсінікті тілмен айтқанда, ие жоқ. Ал алда-жалда ауыл маңындағы табиғатты қор­ға­ған, егістігін күзеткен біреу мыл­тық кезене қалсыншы, бір емес он ие табылады. Бір жабайы шошқа үшін 800 мың теңгеге жуық айыппұл төленеді екен. Ел шулаған соң орман шаруашылығының егерьлері келіп, бір апта мылтық атып үркітті. Ауыл адамдары сондықтан доңызды қарауылға байлаудан сескенеді. Бар амал, қорсылдатып қуып тас­тау. Бірақ адамның өзіне дөң-айбат шеге­тін қабан таяқпен қуған жаяудың айбарынан ыға қояр ма?!

Аудандағы «Пухальское» аңшы­лық шаруашылығы 111 031 гектар жер­ді алып жатыр. Шаруашылыққа жеке кәсіпкер С.Нұртазин иелік етеді. Шаруашылық басшысының былтыр берген есебіне қарағанда, 148 жабайы шошқа бар екен. Соңғы бес жылдың ішінде 36 басқа көбейіпті. Белгіленген тәртіпке сәйкес жыл сайын саны квота арқылы бөлінген рұқсатқа орай кемітіледі. 2018 жылы KazBeef Group жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің егістік алқа­бын жабайы шошқалардың таптап кет­уі­не байланысты жазған арызына об­лыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан санын шек­теу туралы ұсыныс жасалған.

Осы тақырыпты індетіп, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновпен тіл­дестік. Басшының айтуына қара­ған­да, жабайы шошқаның шектен тыс көбеюіне байланысты ел тұр­ғын­дары тарапынан арыз-шағым бұрын да түскен. Таяуда аудан әкімі Әсен Жақсылықовпен хабарласып, доңыздан зиян шегіп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларын жинап беруді өтінген. Көп болып кеңесіп, белгіленген тәр­тіп шеңберінде мәселені біржақты оң­тайлы шешуге ұмтылыс жасаған. Халық құлақтанбады ма, хабар жет­педі ме кім білсін, әншейінде жаба­йы шошқадан жапа шектік деп аттандап жүрген әлеумет жинала қой­мапты.

Қалай болған күнде де ел ішіндегі орынды өкпе-ренішке себеп болып отырған бұл мәселе шешімін табу керек. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, доңыздың мұншалықты көбейіп кетуі қасқырдың жоқтығынан деген де жорамал айтылады. Алаш дала­сының ажарын сақтап қалу үшін де өзіміз жыртқыш деп жарата бер­мей­тін қасқырдың да керек болатын кезі бар екен-ау.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы